
– Сіздердің қажырлы еңбектеріңіз бен үздіксіз ізденістеріңіздің арқасында еліміздің, соның ішінде өңіріміздің абыройы халықаралық деңгейде асқақтап келеді. Бұл – біз үшін үлкен мәртебе. Түрлі сайыстарда жеткен жетістіктеріңіз – үлкен өмірге сенімді қадам, жарқын болашақтың бастауы деп білемін. Сіздер – ел ертеңінің тірегі, ұлт үмітін арқалаған жас буынсыздар. Армандарыңыз асқақ, мақсаттарыңыз айқын болсын! Тәуелсіз Қазақстанның жарқын болашағы – сіздердің табандылықтарыңыз бен талпыныстарыңызға тікелей байланысты, – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ, Ербол Қарашөкеев оқушылардың ата-аналары мен ұстаздарына шынайы алғысын білдіріп, мектеп бітіріп жатқан 14 мыңнан астам түлекке сәттілік тіледі.
2024–2025 оқу жылында облыс оқушылары түрлі олимпиада мен жарыстарда 464 медаль (оның 77-сі халықаралық) жеңіп алды. Республикалық олимпиада қорытындысы бойынша Жамбыл облысының командасы «Ең үздік олимпиадалық команда» атанса, ғылыми жобалар байқауында қатарынан 16 жыл бойы «Ең үздік команда» атағын иеленіп келеді.
Өңірдегі бес мектеп – Дарынды ер балаларға арналған және Айша бибі атындағы «Білім-Инновация» лицей-интернаттары, Тараз қаласындағы №41, Б. Бесбаев атындағы және Жамбыл атындағы №5 мектеп-гимназиялары – «100 үздік мектеп» қатарына енді.
Абай, Мағжан, Ілияс, Әбіш, Шерхан оқуларына қатысқан 109 оқушының 76-сы жеңіске жетті.
Кездесуде үздік оқушылар атынан сөз алған Қанат Нұрғанат пен Диас Жолшыбек мемлекет пен облыс басшылығына ризашылықтарын білдірді. Жетекші оқушыларға облыс әкімінің құттықтау хаты мен қаржылай сертификаттар табысталды.
Сонымен қатар, білім мен тәрбие саласында ерекше табысқа жеткен 12 ұстаз «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісімен, Құрмет грамотасы және Алғыс хатпен марапатталды.
Іс-шара соңында облыс әкімі оқушылармен естелік суретке түсті.