
Кездесудің негізгі арқауы – жазушының Кемел Тоқаев туралы жазған «Жалғызқара» атты ғұмырнамалық-танымдық романы. Қаламгер өз шығармасында Кемел Тоқаев өмірінің ашаршылық нәубетіне тап келген балалық шағы мен елге танымал жазушы болып, жапырақ жайған жасындағы басынан кешкен тауқыметі мол тағдырын домбыраның қос ішегіндей қайта шерте отырып, басты кейіпкерінің азаматтық ұстанымдарын суреткерлік көркем тәсілдермен шебер жеткізе білген.
– Жалғызқара деген сөз қазақта бұрыннан айтылып келеді. Аламан бәйгеден жалғыз келе жатқан атты жалғызқара келе жатыр, жалғызқара көрінді дейді. Одан кейін бір үйдегі жалғыз баланы жалғызқарам менің дейді. Енді осының бәрін ойластырып келіп, осы кітап жазылып жатқан кезде қандай ат қоямын деп ойладым. Бұл өзі деректі, тарихи-танымдық тұлғатану тұрғысындағы роман. Соның бірінші кітабы.
Әртүрлі тақырыпты ойланып, ойға алып көрдім. Ешқайсысы ұнай қоймады. Құдды бір мақаланың тақырыбы сияқты болып кете берді. Сөйтіп жүргенде бір күні осы тақырып ойыма келді. Бірден тоқтадым. Бір жағынан әдеби сөз. Әдеби болғанның өзінде күнде қолданып жүрген жаттанды сөз емес. Одан кейін Кемел Тоқаевтың ашаршылық кезінде бір әулеттен жалғыз қалғаны туралы романнан оқысаңыздар түсінесіздер, – деп жазушы кітапты неліктен «Жалғызқара» атағанын түсіндірді.
Кездесуге әдебиеттанушы ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері де қатысып, роман туралы пікір білдірді. Меркіден келген ақын Шырын Мамасерікова авторға арналған жүрекжарды жырларын тарту етсе, филология ғылымдарының докторы, профессор Сәмен Құлбарақ шығармаға шолу жасады.
– Шығарма егерде объектіге алған қаһарманның оқырманға белгісіз өмір дерегін, басынан өткен тағдыр ауыртпалықтарын, жеңісі мен жеңілісін, әр алуан психологиялық тартысын шынайы жеткізе алса, халық еншісіне айналған туынды болмақ. Өйткені халық аяулы перзентінің өмір-тағдырына, жасаған қызметіне, жарқын бейнесіне әрдайым қызығушылық танытып отырған. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Көсемәлі Сәттібайұлының «Жалғызқара» романында деректілік, танымдылық сипат бірінші орынға шыққан. Тұтастай алғанда, романның композициясы қаһарманның өткені мен бүгінін параллель алып суреттеген. Романның бас қаһарманы – жазушы. Ал жазушы әлемі – кең. Оқырманның романнан қаламгердің шығармашылық психологиясы мен портретін, зертханасын, жазу столы үстіндегі көңіл күйін іздеуі орынды. Мүмкін мұның барлығы алда ескерілетін болар. Қалай дегенмен де, деректі проза жазу – жауапкершілігі зор жұмыс. Еркін қиялға жол берілмейді. Архив материалдары бірінші кезекке шығады. Деректі прозаға қалам тарту – қиялай отырып, табандай жылжып, үнемі биікке көтерілумен бірдей. Автордың бұл жолды бағындырары сөзсіз, – дейді Сәмен Оразғалиұлы.
Сонымен қатар жиын барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жазушыны құттықтау хаты оқылды. Мұнан кейін автордың кітабы сандықтан шығарылып, қалың оқырманға тарту етіліп, тұсауы кесілді.