Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Тегін білу – тектілік

Тегін білу – тектілік
Автор
Шежіре – тарих, шежіре – ататегін тектеп бөлудің шындығы. Әр адамда түп-тұқиян болады. Оны ойдан құрап, өтірік жазуға немесе екінші біреуге теліп жазуға тіпті де болмайды. Жуық жылдардан бері қазақ тарихына, ататегіне қатысты бірқатар шежірелік кітаптар жарық көрді. Міне бұл шежірелік тарихымызды ұрпақтан-ұрпаққа жалғаудың құнды мұра, асыл қазынасы.

Тарихқа аян, 1218 жылдың соңында Шыңғысхан өз руындағылардың ықпалды билерінің және қарт уәзірлерінің басын қосып, Хорезм еліне шабуыл жасау мәселесі туралы тұңғыш рет кеңес өткізеді. Шыңғысхан қосынын төртке бөліп, тұңғышы Жошыны Сырдарияның төменгі аңғарына жіберді. Ол бірінші топ әскерге қолбасшылық етті. Екінші ұлы Шағатай мен үшінші ұлы Үгедей екінші топ әскерге бас болып, Сырдарияның ортаңғы аңғарындағы Отырар қаласын алуға аттанды. Алак, Сейкетой, Тахай сияқты жас сардарлары үшінші топ әскерді басқаруға міндетті болып, Сырдарияның жоғарғы ағынындағы өңірлерді басып алуға жауапты болды. Сол кездегі Хорезм елінің билігін ұстаған Мұхаммед шах болатын. Осы соғыста моңғол әскерлері Отырар қаласында 6 ай бойы ұрыс жүргізіп, әрең алды. Қала тұрғындарының тең жарымын қырып тастап, тең жарымын қала бастығы Қайырхан сұлтанмен қоса Самарқанд қаласына жеткізді. Бұл туралы әйгілі ақын Мұхтар Шаханов айтқандай:

«Алты ай бойы ерлік салтқа төрін берген Отырар,

Алты ай бойы алапаттан жеңілмеген Отырар,

Алты-ақ күнде жермен-жексен қирады.

Ақыл-ойын жалындатқан,

Өнер, ғылым шамын жаққан

Ұлы қала Азияның маңдайына сыймаған.

Без бүйрек жау сәбилерді,

Шал-шауқанды, кемпірді,

Тіпті жүкті әйелдің де

Ішін жарып өлтірді...».

Міне, осы өнер, ғылым шамын жаққан дүниеге әйгілі Отырар қаласы қыпшақ тайпасының хандық құрған жері еді. Шыңғысханның жан түршігерлік шапқыншылығы мен аяусыз қырғындауынан ұлы Отырар қаласы жермен-жексен болып, оның халқы баспанасынан айырылып, тоз-тозы шығып, жансауғалады, басы ауған жаққа қашты.

Қазақ шежіресінде Орта жүзді әдетте алты ата немесе «Алты арысқа» бөліп, оларды арғын, найман, қоңырат, қыпшақ, керей, уақ деп атайтыны баршамызға аян. Ал, қыпшақтар – орта ғасырда қазақ халқының құрамын толықтырған ежелгі тайпа. Оның қазақ халқының құрылуы мен қазақ тілінің қалыптасуында маңызды рөл атқарғаны шындық. Шежірелердегі деректерге негізделгенде, осыдан 2300 жыл бұрын Орта Азияда шаңырақ көтеріп, Еуропаның бір бөлігін бағындырған да қыпшақ тайпасы. Бұл қыпшақ тайпасы кейін келе бір мезгіл әлсіреп, VI ғасырда Киік ханның қол астына қараған. Ол кездегі қыпшақтар Қобыланды бастаған Қара қыпшақ, Қордай батыр бастаған Қытай қыпшақ, Созақ батыр бастаған Құлан қыпшақ, Аламан батыр бастаған Дешті қыпшақ, Аққурай батыр бастаған Қырғыз қыпшақ болып бес ірі бөлікке бөлінген. Бұл аталған арғы қыпшақ тайпасы түркітектес халықтардың ұлт болып қалыптасуына ортақ негіз болған. Қыпшақтың ұраны – Ойбас. Ал, қазақ ұлт болып қалыптасқаннан кейін Орта жүзде Жалменбет бір баласына «қыпшақ» деп ат қойған. Тарихты ақтара берсек, мұндай деректер көп.

Ұлы жүз Албан ішіндегі Айт руына келіп қоныстанған бір ата қыпшақтар да міне осы зұлматтың себебінен қашып шыққан қыпшақтардың ұрпағы еді. Осы қазынамыздың толықтанып, қорының молая беруі үшін «Ұлы жүз Албан ішіне қоныстанған қыпшақ шежіресін» жаздық. Шежірені жазуда атадан балаға қалған жазба тарих және тарихтағы құнды деректер мен ел аузында аңыз болып айтылып жүрген әңгімелерге сүйендік. Ұлы жүз Албан ішіне қоныстанған қыпшақ ұрпақтарының ататек шежіресін таратып баяндаудан бұрын, олардың Ұлы жүз Албан ішіне қалай келіп қоныстанғаны туралы тоқтала кетсек.

Көнекөз қариялардан жеткен аңыз-әңгімеге сәйкес, қыпшақтың бір атасы Ұлы жүз Албан ішіне келіп қоныстануы жайлы ел аузынан тараған әртүрлі аңыз-әңгімелер бар. Соның бірінде: ағайынды Өмір мен Қоңырбай (Өмір – үлкені, Қоңырбай – інісі) Шыңғысханның қанды зобалаңынан қашып шыққаннан кейін бірқатар жыл ел аралап, су кешіп, босқындық өмір өткізеді. Олар өздерін қыпшақпыз деп айтудан қорыққан. Олай болатыны – Шыңғысханның: «Қыпшақ тұқымын түгел құрту, қашқанын қайда барса да қуып жетіп, жою, жүкті әйелдердің ішін жарып өлтіріп, еркек кіндік қалдырмау» деген жарлығы мен ұранының жетегінде, әскерлердің жүкті әйелдің ішін жарып, жас сәбиді жоғары лақтырып жіберіп, найзаның ұшымен тосып алған қатыгездігінен олар өз тегін жасыруға мәжбүр болды. Уақыттың өтуімен заман біраз оңалып, қыпшақтарды қуып жүріп қырғындау тоқтайды. Жан сауғалап жүрген әлгі ағайынды екі жігіт бірде қазақ пен қырғыздың басын қосқан үлкен дүбірлі тойдың үстінен түседі. Тойда ұлттық ойындар ойнатылып, кезек жамбы атуға келеді. Екі жақтан бірнеше мәрте кезекпен шыққан жігіттердің ешқайсысы да жамбыны атып түсіре алмайды. Дәл осы сәтте батырлығы мен мергендігіне сенген Өмір тағат тауып отыра алмай, ел басы болып жүрген Сүйіндік бидің алдына барып:

– Рұқсат етсеңіз, мен шықсам жамбыны атуға, – дейді.

Қарсы алдына келіп, қадала қарап тұрған батыр тұлғалы азаматқа би:

– Сен кім боласың? Жөніңді айт! – дейді.

– Мен қазақпын, бауырыңызбын, – дейді.

– Жарайды, бердім тілегіңді! Ата-бабаңның әруағы қолдасын! – деп Сүйіндік би батасын береді.

Майданға шыққан Өмір ат үстінде шауып бара жатып жамбыны атып түсіреді. Сонда ерлігіне сүйсінген Сүйіндік би Өмірдің атының тізгінен жетектеп, топ ортасына алып шығады. Сөйтіп Өмірдің өнерінің арқасында үлкен бәйгені қазақ алады. «Бұл кім?» деп сұраған елге: «Менің бауырым – інім» дейді.

Міне, осыдан кейін ағайынды Өмір мен Қоңырбай Айт елінің ішіне келеді. Айттың ел басы, ақсақал-қариялары жиналып, ортан жілік ұстатып, баталасып: «Ағайынды екеуіңді бұдан былай Айттың бір баласы дейміз. Кім бұл батаны бұзса, құдай жолында жасаған қариялардың ақ батасының киесіне ұшырайды» деп, Өмірді Айт ішінде – Сүйіндікке, Қоңырбайды – Қалыбекке (Қалыбек, Сүйіндік – бір туған) іні етеді.

Бір аңыз-әңгімеде мынадай оқиға айтылады. Өмір Жетісу жаққа қашып келіп, Нарынқол, Текес жақтағы Албан елінің Айт руы ішіндегі бір жақсы адамның үйін паналайды. Ол өзінің мергендігін ешкімге айтпайды. Осылай жүрген кезінде бір күндері қалмақтармен соғыс болады. Үй иесі соғысқа аттанатынын айтып, дайындалады. Өмір үй иесінен соғысқа сұранып, бірге барады. Екі жаққа тізілген қалың қолды көргенде Өмір әлгі кісіден соғыс тәртібін сұрайды. Сонда ол: «жалау құламаса соғыстан ешкім шегінбейді, сондықтан жаудың жалауын құлату керек, ал, жалауды құлату әдіс-сырын айтайын: жаудың жалауын көтерген адамының дәл иек астындағы түймелікте топшылық болады. Ол содан ашылып жабылады. Дәл сол жерден атып құлату керек» дейді. Соғыс басталады. Жалау көтерген жау қазаққа шабады. Өмір жаудың жалау көтерген адамының дәл иек астындағы тесіктен атып құлатады. Өмірге ат берген адам қалмақтың мінген атының бір құлағының ұшын кесіп алып жан қалтасына сап қояды. Жоңғар қалмақтары жеңіліп, олардың малын қазақтар олжалайды. Ту ұстаған қалмақты кім атып құлатты деп ел басқарған Сүйіндік би сұрастырады. Анау мен аттым, мынау мен аттым деп бидің алдына барады. Кім атсада белгісін көрсетсін дегенде әлгі адам қалмақ мінген аттың құлағынан кесіп алған белгіні көрсетеді. Белгіні аттың құлағымен салыстырып, Өмірдің атқанын дәлелдейді. Сонымен Өмірге Сүйіндік бидің ауылы қыз беріп, бұдан былай Өмір – Сүйіндік боламыз деп боз бие сойып баталасыпты.

«Өткенді ұмытсаң – әруақтардың азасына, бүгінгімен ғана өмір сүрсең, болашақтың табасына қаласың» дегендей, өткен дәуірдің сарғайған парақтарын ақтара берсек, кімдердің тізесі кімдерге батпаған?! Десе де, Шыңғысхан және жоңғар шапқыншыларының қазақ еліне жасаған шапқыншылығы мен аяусыз қанды қырғыны айтып тауысқысыз. Осындай  алапат соғыс себебінен туған жерінен, ел-жұртынан, отбасынан айырылып, торғайдай тозып, тарыдай шашылған қазақ елі аз емес. Елді еңіреткен бұл соғыстардың кесапаты қазақты басқа ұлттарға, өз ішіндегі ру-тайпаларды бір-біріне қосып, өзара сіңіп кету жағдайларын келтіріп шығарғаны дау жүрмейтін шындық. Осындай қосылып араласумен кейбір ру-тайпалардың аты өзі қоныстанып сіңген рудың аты немесе жанама қосақталған ру атымен аталып кеткендері көп кезігеді.

Қазақ бар жерде ру бар, ал ру бар жерде шежіре қатар жүретіні даусыз. Демек, шежіре біздің жүріп өткен тарихымыз. Шежіре арқылы бұрынғы өткен бабаларымыздың халыққа жасаған ізгі жақсы істерінен жастар ғибарат алуға тиіс, ұрпақтарымызды адамгершілікке, бірлікке, әділеттілікке тәрбиелеу үшін шежіре арқылы ықпал етуге тиіспіз. Шежіренің осы тұрғыдан тәрбиелік мәні зор. Руды бөліну үшін емес, бірігу үшін білуге қажет екенін естен шығармауымыз керек.

Тоққожа ОМАРҰЛЫ, тарихшы, шежіреші
төтешеден аударған – Әбдіжаппар ӘМІРОВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар