
ҚАРЖЫ ЖЕТКІЛІКТІ БӨЛІНУДЕ
Әулиеата өңірінде ауылшаруашылығы саласына бөлінген қаражат көлемі жыл сайын ұлғайып, нәтижесінде жаңа бастамалар жүзеге асырылып, еңбек өнімділігі де артуда. Өңір диқандары мен шаруа қожалықтар өндіріске заман талабына сай озық технологияларды енгізіп, заманауи техникаларды қолдануда. Бұдан бөлек, малшаруашылығын дамыту, ет және сүт өнімдерін қайта өңдеу ісі де біртіндеп алға жылжып келеді.
Биыл облыстың ауылшаруашылығы саласын қолдау мақсатында республикалық және жергілікті бюджеттен 48,2 миллиард теңге бөлініпті. Оның 32,2 миллиард теңгесі субсидияға, 11 миллиард теңгесі Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін таратуға, 5 миллиард теңгесі «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыруға бағытталыпты. Бүгінгі күнге шаруаларға 22,4 миллиард теңге қаражат бөлініп, оның 69 пайызы игерілген екен. Нәтижесінде 3 500-ге жуық шаруа мемлекеттік қолдауға ие болған. Соның есебінен осы жылдың 3 айының қорытындысымен 38 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, салаға 4,1 миллиард теңге инвестиция тартылыпты.
– Өткен жылы Үкіметтің тапсырмасына сәйкес статистикалық мәліметтерді нақтылау жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде облыс аумағында 2023 жылы ауылшаруашылығы дақылдары 762,5 мың гектарға егілді деп көрсетілгенімен, нақты 626,7 мың гектар шамасындағы алқапқа әртүрлі дақыл орналастырылғаны белгілі болды. Егіс алқабының 136 мың гектарға кеміп кетуінің мәнісі осында. Сол сияқты өңірдегі малшаруашылығы саласында да түгендеу жұмыстары жүргізіліп, төрт түліктің саны және өндірілген өнімдердің көлемінде де ауытқулар анықталды. Мал басына санақ жүргізу арқылы тіркелген 4,1 миллион түлік саны 3,4 миллионға дейін төмендетілді. Нақты атап өтер болсақ, мүйізді ірі қара 102,9 мыңға, ұсақ мал 643,9 мыңға, жылқы 16,4 мыңға, түйе 322-ге, шошқа 688-ге кеміді. 2024 жылы 626,7 мың гектар алқапқа орналастырылған ауылшаруашылығы дақылдарынан 3,4 миллион тонна өнім жиналып, өндірілген өнім көлемі 291,4 миллиард теңгені құрады. 367,2 мың гектар масақты дәнді дақылдардан 631 мың тонна, 6,7 мың гектар картоптан 176,5 мың тонна, 32,9 мың гектар майлы дақылдардан 29,6 мың тонна өнім алынды. Сол секілді 26,3 мың гектар көкөністен 883,3 мың тонна жиналса, оның ішінде 541,9 мың тоннасы пияз. 5,4 мың гектар бақша дақылдарынан 154,4 мың тонна, 13,2 мың гектар жүгеріден 94,4 мың тонна және 176,7 мың гектар мал азығы дақылдарынан 785,4 мың тонна өнім алынды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауылшаруашылығы саласының жалпы өнімі көлемін 2024-2028 жылдары 2 есеге ұлғайту жөніндегі тапсырмасын орындау маңызды міндет. Бұл жөніндегі арнайы дайындалған жол картасында айқындалған индикаторларға қол жеткізу басты мақсаттың бірі. Сол себепті нәтижеге қол жеткізу үшін тиісті жұмыстар өз деңгейінде атқарылып келеді. Мысалы, биыл жалпы 641,2 мың гектарға ауылшаруашылығы дақылдарын орналастырып, былтырғы жылмен салыстырғанда 14,5 мың гектарға арттыру жоспарланды. Бұл ретте осы жылы егіс алқабын әртараптандыру жұмыстары жүргізіліп, рентабелді дақылдарға көңіл бөлінетін болды. Сәйкесінше майлы дақылдар, көкөніс және бақша дақылдарының алқаптарын арттыру жұмыстары жүргізіледі. Бұл өз кезегінде өңірдегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге оң әсерін тигізеді. Осы жылы егіс алқаптарын әртараптандыру мақсатында майлы дақылдар 6,8 мың гектарға, көкөніс дақылдары 0,7 мың гектарға, бақша дақылдары 0,6 мың гектарға және мал азығы дақылдары 9,9 мың гектарға артты. Ал қант қызылшасының егіс алқабы 6 мың гектарға азайтылса, одан алынатын өнім көлемі 648 мың тоннадан 300 мың тоннаға кемиді деп күтілуде. Тиісті дақылдарды себуге қажетті алқаптар толық дайындалып, жоспарланған 329,3 мың гектарға егін егу жұмысы 99 пайызға жуық деңгейде орындалды. 198,9 мың гектар алқапқа жаздық масақты дақыл, 25,4 мың гектар алқапқа көпжылдық шөп егу жоспарланып, межеге толығымен қол жеткізілді. 29 мың гектар алқапқа майлы дақылдар егу жұмысы 73,2 пайызға орындалды. 5,9 мың гектар алқапқа бақша дақылдары орналастырылып, жоспарланған 6 мың гектар меже 98,6 пайызға еңсерілді. 6,4 мың гектар алқапқа дәндік жүгері егілсе, орындалуы 43 пайызды құрап отыр. 17,9 мың гектар алқапқа көкөніс егіліп, атқарылған жұмыс нәтижесі 66 пайызды көрсетті. Жоспарланған 6 мың гектардың 4,7 мың гектарына картоп егіліп, меже 78,8 пайызға орындалды. 3,2 мың гектар алқапқа қант қызылшасы себіліп, жоспар 54 пайызға орындалды, – дейді облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Көшенов.
МАҚСАТ – АЗ ШЫҒЫНМЕН МОЛ ӨНІМ АЛУ
Басқарма басшысының айтуынша, шаруалар көктемгі дала жұмыстарына қажетті 55 мың тонна тұқыммен толық қамтамасыз етіліпті. Оның ішінде 30 тоннасы супер элита болса, бұл жалпы тұқымның 0,1 пайызына тең. Одан кейінгі 0,6 пайыз үлестегі элита тұқымының көлемі – 333 тонна. I-репродукциялы тұқым – 6 675 тонна, II репродукциялы тұқым – 26 699, III репродукциялы тұқым 20 735 тонна болса, будандардың үлесі 0,6 пайызды құрайды екен.
Жер жырту, малалау, тырмалау, қопсыту, арық салу секілді көктемгі дала жұмыстарын атқаруға 8 мыңнан аса ауылшаруашылығы техникасы тартылған. Сонымен қатар 2 мыңнан аса басқа да техникалар осы шаруаларға жұмылдырылған. Биыл облыста ауылшаруашылығы техникаларының жаңару деңгейі 8,9 пайызды құраса, жыл аяғына дейін 400-ден аса өздігінен жүретін ауылшаруашылығы техникасын сатып алу арқылы техниканың жаңару деңгейін 6,5 пайызға жеткізу көзделіпті. Қазірдің өзінде 61 техника сатып алынса, оның үшеуі комбайн, 58-і трактор.
2025 жылғы көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін Үкімет тарапынан өңірге 20 мың тонна дизель отыны бөлінгенін айта кету керек. Оны шаруаларға тарату жұмыстары бекітілген жоспарға сәйкес жүргізілуде. Тарату бағасы 1 литр дизель отыны үшін 254 теңге болып белгіленсе, бұл нарықтағы бағадан 15 пайызға арзан көрінеді. Жанармайдың 4,1 мың тоннасы наурыз, 5 мың тоннасы сәуір айына таратылыпты. 6 мың тонна жанармай мамыр айына тиесілі болса, маусым айына 4,9 мың тонна бөлінген.
Өнімділіктің жоғары болуына тікелей әсер ететін минералды тыңайтқыштарды алқаптарға ендіру жұмыстары да жүйелі жүзеге асуда. Осы жылы 498,5 мың гектар алқапқа 99,7 мың тонна минералды тыңайтқыштарды ендіру жоспарланған. Есепті кезеңде шаруалар тарапынан 20,4 мың тоннаға келісімшарт жасалыпты. Оның ішінде «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің үлесі 3,6 мың тонна болса, «КазАзот» акционерлік қоғамы өнімінің үлесі 12,7 мың тонна екен. Бүгінде тыңайтқыштардың 14,8 мың тоннасы таратылып, 74,2 мың гектар алқапқа енгізіліпті. Алқаптардың тыңайтқыш арқылы құнарлылығын арттыру үшін биыл жергілікті бюджеттен 1,5 миллиард теңге қаражат аванстық төлемдер ретінде «ҚазАзот» және «Қазфосфат» кәсіпорындарына аударылып, нәтижесінде 11,1 мың тонна тыңайтқыш субсидияланыпты.
Көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыру үшін «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы «Кең дала – 1» және «Кең дала – 2» бағдарламалары бойынша 4,1 миллиард теңгеден аса қаржыға өтінімдер түсіп, оның 3,5 миллиард теңгесі беріліпті. 2024 жылдың қорытындысымен салыстырғанда шаруаларды қаржыландыру 40 пайызға артып отырса керек. Мәселен, 2024 жылы барлығы 145 шаруаға «Кең дала – 1» бағдарламасы бойынша 1,5 миллиард теңге, ал «Кең дала – 2» бағдарламасы аясында 1 миллиард теңге үлестірілген. Биылғы жоспар бойынша 7 миллиард теңге қаралған. Жыл соңына дейін осы қаражат есебінен шаруаларды шетінен қаржыландыру көзделуде.
– Егіншаруашылығындағы өнімділік арттырудың басты бір себебі – су үнемдеу технологияларын қолданысқа кеңінен енгізу. Облыста суармалы жерлердің көлемі бүгінгі күнге 184,8 мың гектарды құрайды. Өткен жылы өңірде 55,4 мың гектар алқапта су үнемдеу технологиялары қолданылып, 2023 жылмен салыстырғанда заманауи тәсілмен ылғалдандырылатын алқап көлемі 15,4 мың гектарға артты. Биыл облыс аумағында бұл көрсеткішті 25 мың гектарға арттырып, 80,4 мың гектарға жеткізілетін болады. Бұл ретте «Kaz Kaspi Hydro» компаниясы тарапынан облыста тамшылатып суару қондырғыларын өндіру бойынша құны 2,8 миллиард теңгені құрайтын жоба іске асырылды. Аталған компания жылына 30 мың гектарға жуық алқапты қамтитын су үнемдеу қондырғыларын өндіруге әлеуетті. Жалпы облыста көктемгі дала жұмыстарына материалдық-техникалық қажеттіліктер толығымен дайындалды. Биыл алға қойған жоспарды ескере отырып, жыл қорытындысымен егіншаруашылығында жалпы 320 миллиард теңгеге 3,2 миллион тонна көлемінде өнім ала отырып, нақты 104,2 пайызға дейін өсім көрсету болжануда. Облыстың ауылшаруашылығы өнімінің 40 пайыздан астамы малшаруашылығына тиесілі екендігін атап өткен жөн. Төрт түліктің өнімдерін арттыру бойынша да тиісті жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде. 2024 жылдың қорытындысымен облыста мүйізді ірі қара саны 430 мыңды құрап, 1 пайызға, қой саны 3 миллионға жетіп, 7,4 пайызға, жылқы 174 мыңнан асып, 3,2 пайызға артты. 2024 жылы 129,9 мың тонна ет өндіріліп, 3,1 пайызға, 226,3 мың тонна сүт өндіріліп 1,3 пайызға өсті. Сондай-ақ 123,6 миллион дана тауық жұмыртқасы өндірілді. Өңірдегі ет, сүт өндірісі көлемінің артуына асылтұқымды мал санының өсуі оң әсерін тигізуде. Өткен жылдың қорытындысымен облыс бойынша асылтұқымды жылқы санының үлесі 1,7 пайызды құрап, республикада екінші орынға, ал асылтұқымды ұсақ малдың үлесі 26,2 пайызға жетіп, өңірлер арасында үшінші орынға орналастық. Сол сияқты асылтұқымды ірі қара малдың саны 52 мыңды көрсетіп, үлесі 12,1 пайыз болды. Сәйкесінше биылғы жылдың 3 айында 24,7 мың тонна ет өндіріліп, 2 пайызға, 36,6 мың тонна сүт өндіріліп, 1,2 пайызға ұлғайды. Өңірде құс фабрикаларының қуаттылығын арттыру жұмыстары да тұрақты бақылауда. Қуаттылығы 12 мың тонна «Әулие-ата Феникс» және 15 мың тонна өнім өндіру әлеуетіне ие «Алель Агро» құс фабрикалары есебінен құс еті өндірісі 27 мың тоннаға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 32 пайызға артады деп күтілуде. Сондай-ақ құс фабрикалары қуаттылығының жыл сайын артуы есебінен облыстағы жалпы құс еті өндірісін алдағы 5 жылда 75 мың тоннаға дейін жеткізу жоспарланған, – дейді Қайрат Есенұлы.
ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАРДЫҢ ЖЕМІСІ МОЛ
Ауылшаруашылығы саласына инвестиция тартуға да ерекше назар аударылуда. Себебі аграрлық өндірістің ауқымын кеңейтіп, өнім сапасын арттыру, заманауи инфрақұрылым қалыптастыру үшін қаржы көздерінің жеткілікті болуы шарт. Осы орайда инвесторлардың назарын ауылшаруашылығы саласына бұру жұмыстары жемісті жалғасуда. Осы ретте ауылшаруашылығы саласында жоспарланған инвестициялық жобаларға тоқталып өтсек артық болмас. «Агроөнеркәсіп кешенін дамыту» жөніндегі жол картасы шеңберінде облыс бойынша өткен жылы 12 миллиард теңгеге 16 инвестициялық жоба іске асырылып, 201 жұмыс орны құрылыпты. 2025-2027 жылдары 67,4 миллиард теңгені құрайтын 22 жоба іске асырылмақ.
– Бұл ретте 7 сүт тауарлы ферманың құны 15 183 миллион теңге болса, несиелендіруді қажет ететін сома – 9 миллиард 290 миллион теңге. 16 миллиард 410 миллион теңгеге құс еті бағытындағы 2 құс фабрикасы салынады, несие есебінен 12 миллиард 450 миллион теңгесі қарастырылады. 3 көкөніс сақтау қоймасының құны 2 миллиард 600 миллион теңге болса, 1 миллиард 995 миллион теңгесі несиелендірледі. Құны 27 миллиард 721 миллион теңге болатын 6 қайта өңдеу жобасы бар, оның 21 миллиард 193 миллион теңгесі несие арқылы қаржыландырылмақ. 2 су үнемдеу қондырғысының құны 2 миллиард 960 миллион теңгені құраса, несиелендіруді қажет ететін сома – 2 миллиард 500 миллион теңге. 1 бордақылау алаңы 2 миллиард 300 миллион теңгеге жүзеге асырылса, 2 миллиард теңгесі несие арқылы қажет ететін сома. 1 жоба балықшаруашылығын дамыту бағытында іске асады. Құны 240 миллион теңгенің 150 миллион теңгесі несие арқылы алынатын қаржы. Аталған жобалардың ішінде 2025 жылы 37,3 миллиард теңгені құрайтын 18 жобаны іске асыру көзделуде. 2024 жылы «Агроөнеркәсіптік кешендегі жобаларға жеңілдетілген несие беру» бағдарламасын (Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату) іске асыруға бюджеттен 8,5 миллиард теңге бөлініп, 15 инвестициялық жоба қаржыландырылды. Оның ішінде республикалық бюджеттен 13 жоба, жергілікті бюджет есебінен 2 жоба жүзеге асырылды. Атап айтқанда, 4 жоба сүт тауарлы фермалары. Олар – «Момбек» шаруа қожалығының 612 басқа, «Азнур Агро» шаруа қожалығының 400 басқа, «Нұрлыжай» шаруа қожалығының да 400 басқа, «Қайсар» шаруа қожалығының 450 басқа арналған сүт тауарлы фермасы. Бұлар осы жылға қаржылындырылған жобалар. 6 жоба көкөніс сақтау қоймасына қатысты болса, «Кәусар» шаруа қожалығының көкөніс сақтау қоймасы 100 миллион теңгеге, «Аймкуль» жеке кәсіпкерлігінің 250 миллион теңгелік жобасы былтыр қаржыландырылды. Ал 995,2 миллион теңгеге қаржыландырылған «TRZ Agro» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен құны 500 миллион теңгеге тең «ALIZA» ЖШС-ның, «Тараз-ЦементСтрой» ЖШС және «Даму Сұрат» ЖШС-ның көкөніс сақтау қоймасы биыл жүзеге асатын жобалар қатарында. 3 жоба қайта өңдеу саласына тиесілі. Жалпы 2024 жылы қаржыландырылған жобалар есебінен алдағы уақытта жыл сайын сүт өндірісін 15 мың тоннаға немесе 6,5 пайызға ұлғайтуға, облыстағы қоймалардың сыйымдылығын 10 пайызға арттыруға мүмкіндік тумақ. Сәйкесінше бұл жұмыстар маусымаралық кезеңде бағаны тұрақтандыруға және жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыс орындарымен қамтуға ықпал етеді. Бағдарлама аясында 2025 жылға қарастырылған 11 миллиард теңге қаржыға 21 инвестициялық жобаны несиелендіру жоспарлануда. Атап айтқанда, 4,3 миллиард теңге көлемінде қаржы қарастырылған 9 жоба ауылшаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге бағытталса, 2,8 миллиард теңге сомасындағы 6 жоба көкөніс сақтау қоймаларын салуға жұмсалмақ. Бұдан бөлек, сүт бағытындағы екі тауарлы ферма үшін 2,4 миллиард теңге бөлу көзделуде. Сондай-ақ қой шаруашылығын дамытуға 1,6 миллиард теңгеге 1 жоба, балық шаруашылығын ілгерілетуге 1,2 миллиард теңге көлеміндегі 3 жоба жүзеге аспақ. Сонымен қатар биыл «Fufeng Group Ltd» компаниясымен құны 350 миллион АҚШ долларын құрайтын жүгеріні қайтау өңдеу зауытының құрылысы басталды. Қуаттылығы жылына 1 миллион тоннаны құрайтын зауыт 2025 жылдың күз айларында жергілікті шаруалардан тиімді бағамен 300 мың тонна жүгері қабылдайтын болады, – дейді Қайрат Көшенов.
Облыста ауыл халқының әл-ауқатын көтеруге бағытталған, яғни әлеуметтік жағынан өте маңызды саналатын «Ауыл аманаты» жобасына да тиімді жүзеге асырылуда. Өңірде жоба аясында қайтарылған қаражат есебінен өткен жылдың қыркүйек айынан бастап бүгінгі күнге дейін құны 3,8 миллиард теңгеге 532 жобаға оң шешім қабылданып, оның ішінде бағдарламаның кәсіпкерлік бағыты бойынша жалпы сомасы 3,2 миллиард теңгеге 426 жоба қаржыландырылыпты. Жоба бойынша осы жылға қарастырылған 5 миллиард теңге қаржы облыста жүргізілген скрининг нәтижесімен жинақталған жобаларды несиелендіруге бағытталатын болыпты. Сонымен қатар өткен жылдан бастап «Ауыл аманаты» жобасы аясында мал сатып алу бағытында несиелендіру жұмыстарын тоқтатып, өңірде алғаш рет тауарлық несиелеу жобасын іске асыру қолға алынған екен. Жобаның механизміне сәйкес тек әлеуметтік жағдайы төмен азаматтарға мал таратылып жатқандығын атап өту керек. Бүгінгі күнге 18 оператор тарапынан 757 бас мал тауарлық несие ретінде 20 адамға беріліпті. Оның 686-сы уақ мал болса, 71-і мүйізді ірі қара. Жыл соңына дейін 80-ге жуық тауарлық несие шарты жасалып, 3 мыңнан аса мал тарату көзделуде.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ