Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Құтқарушылар қиындықтан қашпайды

Құтқарушылар қиындықтан қашпайды
Автор
Азаматтық қорғаныс саласында адал қызметімен дараланып, өзгелердің өмірін арашалап қалу жолында ерен еңбек етіп жүрген ержүрек азаматтар аз емес. Бірі – селмен алысып, енді бірі дауыл мен өрттің ортасында жүріп, адам өміріне араша түсуде. Олар – табиғаттың тосын мінезіне қарсы тұрып, қиын жағдайда еліне тірек бола білген шынайы қаһармандар.

ЖАУЫРЫНЫ ЖЕР ИІСКЕМЕГЕН СЕРІК

Серік Тілекеев – Т.Рысқұлов ауданының тумасы. 1984 жылдың 11 қазанында дүниеге келген кейіпкеріміз жастайынан спортқа жақын болып өскен. Еркін күрес пен ММА спорт түрлеріне ерекше құлшыныспен ден қойған Серік бұл бағытқа 15 жылдан астам уақытын арнаған. Кәсіпқой спорт әлемінде түрлі жарыстарда топ жарып, чемпион атанып, талай мәрте жеңіс тұғырынан көрінді. ММА додаларында белді қарсыластарын тізе бүктіріп, құнды белбеулер мен автокөліктерді қанжығасына байлаған сәттері де аз емес. Уақыт өте келе Серік спорт саласындағы жинаған бай тәжірибесін ел игілігіне арнауды жөн көрген. Осылайша, 2021 жылы ол құтқару қызметіне келіп, алғашқы айдың өзінде-ақ төтенше жағдайлар департаменті басшысынан алғыс хатқа ие болған.

2022 жылы ресми түрде құтқарушы қызметіне қабылданып, содан бері осы салада еңбек етіп келемін. Әуелде бұл қызметке ерекше қызығушылық танытпағаным рас. Алайда уақыт өте келе оның маңызын тереңірек ұғынып, бүгінде бұл салада зейнетке дейін еңбек етсем деген ниетім бар. Әрине кез келген жұмыстың өз қиындығы болады. Бірақ құтқарушы болу өз таңдауыңмен келген жол болғандықтан, кездескен қиындықты еңсеруге тура келеді. Төтенше жағдайлар қызметіне күн сайын бірнеше қоңырау келіп түсіп жатады. Әрбір шақырту адам өміріне араша түсуге бағытталған жауапты сәт. 2023 жылы сондай бір кезекті шақыртудың бірі бес қабатты тұрғын үйдегі өрт оқиғасына байланысты болды. Қызыл жалын бір мезетте бірнеше пәтерге жайылып, үй ішінде адамдар қалып қойғаны хабарланды. Өрт сөндіру қызметі жедел жеткенімен, пәтер есіктерін ашу құтқарушылардың міндеті болатын. Сол сәтте құтқарушылар мен өртсөндірушілер түтін мен отқа қарамастан ішке еніп, қалып қойған ересектер мен балаларды қауіпсіз жерге алып шықты. Осы оқиға менің бұл мамандыққа деген қызығушылығымды бұрынғыдан да арттыра түсті, – дейді Серік Тілекеев.

Кейіпкеріміз құтқарушы қызметінде жүрсе де спорттан алыстаған емес. 2024 жылдың қыркүйек айында Ташкент қаласында өткен AIGA ұйымы өткізген греплинг күрес түрінен Азия чемпионатында екі бөлім бойынша чемпион атанған.

– Спорт менің өмірімнің ажырамас бөлшегі. Жастайымнан спортқа қызығып өскен соң, оны біржола тастау маған оңайға соқпады. Құтқарушы қызметіне келгеніммен, күрес спортынан қол үзген емеспін. Бүгінде спорттағы жолымды жалғастырып, түрлі байрақты бәсекелерде ел намысын қорғап жүрмін. 2024 жылдың желтоқсан айында Павлодар қаласында өткен әлем чемпионатына іріктеу турнирі мен үшін аса маңызды кезеңдердің бірі болды. Бәсеке жоғары деңгейде өтті. Соған қарамастан бар күш-жігерімді салып, бірінші орынды иеленіп, әлем чемпионатына жолдама алу бақыты бұйырды. Қазір сол додаға тыңғылықты дайындалып жатырмын. Бұл жай ғана жарыс емес, мен үшін үлкен мақсат пен жаңа белес. Ендігі арманым ел намысын абыроймен қорғап, алтын медальді қанжығама байлау. Бағым мен бабым қатар шапса, биік тұғырдан көрінемін деген сенімдемін, – деген Серік Есенгелдіұлы 2018 жылы аралас жекпе-жек спортынан «Қазақстан Республикасының спорт шебері» атағына қол жеткізгенін тілге тиек етті.

Оның қызмет жолындағы ең күрделі әрі есте қаларлық оқиғалардың бірі биылғы жылы қаңтар айында орын алған. Қатты боран кезінде Жуалы ауданының Дүйсенбек ауылынан жоғары температурамен ауырған баланы шұғыл ауруханаға жеткізу туралы шақырту келіп түседі. Ауа райының қолайсыздығына байланысты ауылға қарапайым көлікпен жету мүмкін болмайды. Жедел эвакуация жасағы аудандық аурухананың дәрігерімен бірге «Трэкол» жол талғамайтын көлігімен жеткен. Құтқарушылар тобы, оның ішінде Серік Есенгелдіұлы да қиын метеожағдайларға қарамастан, баланы анасымен бірге аудандық орталық ауруханаға жеткізген.

 

КИНОЛОГ МҰХАМЕТ

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жедел-құтқару жасағы қатарында өз ісіне шын берілген, батыл мамандар аз емес. Солардың бірі – кинология бөлімшесінің бас құтқарушысы Мұхамет Омаров. Ол 1999 жылдың 12 наурызында дүниеге келген. 2019 жылдан бастап еліміздің құтқару қызметінде абыроймен еңбек етіп келеді. Қызметке алғаш кіріскен күннен-ақ ол өз ісіне жауапкершілікпен қарап, адамдардың өмірі мен қауіпсіздігі үшін жан аямайтын нағыз кәсіби маманға айналған.

– Бірде «Күйік» асуында орын алған ауыр жол-көлік оқиғасы туралы хабар келіп түсті. Құтқарушылар бір минут ішінде дайындалып, 15-20 минут ішінде оқиға орнына жеттік. Ауыр жарақат алған адамдарды, көлікте қысылып қалған жүргізушілер мен жолаушыларды көріп бұл жұмыстың қаншалықты ауыр әрі маңызды екенін аңғардым. Сол уақытта тәуліктік ауысым басшысының бұйрығымен дереу гидравликалық құралдарды іске қосып, көлікке қысылып қалған адамдарды қауіпсіз жерге шығарып, оларды жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырдық. Қуанышқа қарай бұл оқиғада адам шығыны болмады. Қызметке келгелі осындай ондаған шақыртуларға қатысып, іздестіру, суға батқан адамдарды іздеу, есік ашу, тіпті суицид жағдайларына араласу сияқты күрделі тапсырмалардың сәтті орындалуына ат салыстым, – дейді Мұхамет Омаров.

Өз ісіне адал болып, кез келген жұмысқа жауапкершілікпен қарайтын Мұхамет 2024 жылы кинолог лауазымына тағайындалады. Ол Грета атты итті тәрбиелеу ісіне кірісіп, кинология бөлімінің басшысы Рүстем Жарамбаевпен бірге іздестіру-құтқару жұмыстарына үйретіп жүр. Жуырда Грета екеуі екі маңызды іздестіру шарасына қатысты. Бірі Билікөл көлінде 50 жастағы балықшының жоғалуы болса, екіншісі Меркі ауданында болған дүмпу кезінде із-түзсіз кеткен адамды іздеу. Бұл жұмыстар Мұхамет пен оның серігі Гретаның кәсібилігін, жауапкершілігін айқын көрсетті.

Мұхамет Омаров жас болса да тәжірибелі, нағыз халық батырларының бірі. Оның әр күні адам өміріне араша түсу жолындағы қажырлы еңбектен тұрады.

 

ӘКЕ ЖОЛЫН ҚУҒАН ЕРЖАН

1982 жылы дүниеге келген Ержан Шанбаев Жамбыл ауданы, Айша бибі ауылының тумасы. Оның әкесі де төтенше жағдайлар қызметінде ұзақ жыл еңбек еткен. Ержан кішкентайынан әкесінің істеген ісіне қызығып өскен. Бала күнінде ауыл адамдарына түрлі оқиғаларда көмек көрсету оның жүрегіне сәуле құйған. Отбасындағы батылдық пен жауапкершілік сынды құндылықтар Ержанның бойында ерте жастан қалыптасқан.

– Әкемнің құтқарушы кезіндегі әңгімелері мен үшін шексіз шабыт көзі болды. Адам өмірін ардақтап, қиын жағдайларда қол ұшын созу менің өмірлік арманым еді. Осы арманның жетегіне еріп 2008 жылы құтқарушы қызметіне орналастым. Қарапайым құтқарушы қызметінен бастап, бас құтқарушы лауазымына дейін дәрежем көтерілді. Күнделікті шақыртулар қарапайым да маңызды тапсырмалардан тұрады. Пәтер есігін ашу, тұрғындар кілттерін жоғалтып немесе кішкентай балалар ішінен құлыптап алған жағдайда жылдам көмек көрсету, ересек адамдарға қол ұшын созу, жалғызбасты қарттардың денсаулығы ауырлап, төсектен тұра алмай қалған жағдайда үйден алып шығу секілді шақыртулар жиі түсіп отырады. Әрбір шақыртудан кейін елдің алғысын ести отырып, жүрегіңде қуаныш пайда болғанын түсінесің, – дейді бас құтқарушы Ержан Мейірбекұлы.

Әрине құтқарушы қызметінде болғандықтан түрлі оқиғаларға тап болатыны белгілі. Бірде сел, бірде жел болса, бірде дауыл, бірде жалын аумағынан шақырту түсіп жатады. Құтқарушылар қауіптің кез келген түріне жұмылдырыла береді.

– Бір оқиға есімнен кетпейді. Күн тәртібі бойынша үнемі қауіпке дайындық үстінде жүретініміз белгілі. Бірде «Тараз қаласындағы орталық мешіттің артындағы аяқталмаған құрылыс алаңында жасөспірім қыз өзіне-өзі қол жұмсамақшы» деген хабар келіп түсті. Жанымдағы Елдос есімді құтқарушымен бірге сол жерге жедел жеттік. Алғашында әлгі қыз райынан қайтпай, сол биік ғимараттан секіріп құламақшы болды. Мұндай күйге түсуіне не себеп болғанын анықтау оңай болмады. Әңгімеге тартып, психологиялық сұрақтар қойып, жанына жақындай түстік. Әңгімеге ере бастағанда шап беріп ұстап, құлаудан құтқарып қалдық, – дейді Е.Мейірбекұлы.

Білікті маман отбасында екі қыз, бір ұл тәрбиелеуде.

«Ел басына күн туса, ерің шығар қарулы» деп бабалар айтпақшы халықты төтенше жағдайлардан қорғап жүрген бүгінгінің батырларына алғысымыз шексіз. Жұмысының жемісін көріп, істері алға баса берсін дейміз.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар