Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қаратау қызғалдағы әлем назарында

Қаратау қызғалдағы әлем назарында
Ю.Ким
Қызғалдақ – табиғаттың нәзік те сұлу сыйы. Қазір бұл гүл біздің өңірдің брендіне айналды. Биыл қызғалдақты ардақтау ниетінде алғаш рет халықаралық деңгейде «Қызғалдақ мұра» фестивалі ұйымдастырылды.

Фестивальдің алғашқы күні Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінде «Қызғалдақ мұра» атты халықаралық ғылыми конференция ұйымдастырылды. Басқосуға Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Германия, Украина, Ресей, Нидерланды елдерінің биолог-ғалымдары, қоғамдық ұйым өкілдері, флористер, ботаниктер мен журналистер қатысты.

Жиынды университет ректоры Махметғали Сарыбеков ашып, жүргізді. Конференцияда алғашқы болып биология ғылымдарының докторы, ҚР Ұлттық Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне қарасты «Ботаника және фитоинтродукция» институтының бас директоры Гүлнар Ситпаева сөз алды. Спикер «Қазақстан – қызғалдақтар мекені» тақырыбында баяндама жасап, қызғалдақтың алуан түрлі тұқымдас өсімдік екеніне кеңінен тоқталды.

– Лалагүлдер тұқымдасына жататын қызғалдақтың 139 түрі белгілі болса, 2023 жылғы дерек бойынша Қазақстан аумағында 41 түрі өседі. Оның ішінде 13-і – эндемиктер, яғни тек осы жерде ғана кездесетін түрлер. Ал 18 түрі Қазақстанның Қызыл кітабына енген. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, Өзбекстанда – 32, Түрікменстанда – 10, Қырғыз Республикасында шамамен – 20, Тәжікстанда 25 түрі бар. Қызыл кітапқа енген 18 қызғалдақ түрінің 10-ы Жамбыл облысында өседі. Мәселен, Грейг қызғалдағы 1873 жылы Регельдің еңбегінде жеке түр ретінде сипатталып, оның отаны Сырдария Қаратауы, Ұғам және Талас жоталары екені жазылған. Грейг көбіне сазды, ұсақ тасты және тасты-шағылды таулы беткейлерде, 2 400 метр биіктікте өседі. Түстері – қызыл, сары, кейде ақшылдау болып келеді. Қызғалдақтар патшасы Грейг қызғалдағы 300-ге жуық мәдени қызғалдақтың атасы саналады. Сондықтан мәдени мұрамызды сақтап қалу – ел алдында тұрған міндеттің бірі, – деді Г.Ситпаева.

Ал Ботаника және фитоинтродукция институтының қызметкері Александр Дубынин «Қазақстан өсімдіктерінің алуандығын қалай сақтаймыз?» деген тақырыпта баяндама жасап, маңызды мәселелерді көтерді. Ғалымның айтуынша, қызғалдақтардың таралу аумағының күрт қысқаруына малдың таптауы, адамдардың жұлуы себеп болып отыр екен. Сонымен қатар дала мен бұталы алқаптарды өртеу фактілері жиі кездеседі. Тілсіз жау өсімдіктің тамыр жүйесіне дейін күйдіріп, толығымен жояды. Бұрын пайдаланылмаған немесе бос жатқан жерлердің жыртылуы да Қызыл кітапқа енген өсімдіктерді біржола жойып жіберуде.

Украинадағы Харьков мемлекеттік университеті ботаникалық бағы директорының орынбасары Александр Алёхин «Қазақстанның Жамбыл облысынан әкелінген қызғалдақтар Харьков университетінің бағында» атты баяндамасында көркем гүлдердің жарты ғасырға жуық Харьковте өсіріліп, бүгінде өндірістік орталықтың көшелерін сәнге бөлеп тұрғанын атап өтті.

Ж.Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінің кафедра меңгерушісі, география ғылымдарының кандидаты Алмагүл Кендірбаева жабайы қызғалдақтарды қорғау бойынша тәжірибелік ұсыныстарын ортаға салды. Ол табиғи популяциялардың осалдығына және оларды қорғауға халықаралық көзқарастың қажеттілігіне назар аударды.

Сондай-ақ ЮНЕСКО-ның жаһандық геопарк жөніндегі Қазақстан ұлттық комитетінің төрағасы Саида Нығматова, геология-минералогия ғылымдарының кандидаты Татьяна Пирогова, «Жабағылы-Манас» Тау клубы қоғамдық бірлестігі жобаларының үйлестірушісі Рауф Сәбитов сөз сөйледі.

Келесі күні Талас ауданы, Есейхан ауылындағы Қаратау тау сілемдерінде ұйымдастырылған «Қызғалдақ мұра» халықаралық фестивалі дүркіреп өтті. Алыс-жақын шетелден келген қонақтар мен облыс тұрғындарының басын біріктірген ауқымды іс-шараны облыс әкімі Ербол Қарашөкеев құттықтау сөзбен ашты.

– Бүгін біз қазақ даласының көркіне айналған, көктемнің шуағын, табиғаттың жаңаруын паш ететін қызғалдақ гүліне арналған фестивальде бас қосып отырмыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз сөзінде елімізде туризмнің барлық түрін дамытуға мол мүмкіндік бар, экологиялық туризмнен бастап бизнес туризміне дейін дамытуға болатындығын айтқан болатын. Осы іс-шара өңір туризімін дамытудағы ауқымды жоба десек қателеспейміз. Қызғалдақ – жай ғана гүл емес, ол – біздің ұлттық болмысымыздың, тарихымыздың, табиғатымыздың ажырамас бөлігі. Сан ғасырлар бұрын Еуразияның дәл төрінен, осы қасиетті қазақ жерінен бастау алған қызғалдақтың әлемді шарлап, Голландияға дейін жеткені – баршамызға белгілі тарихи шындық. Бұл – біздің табиғи байлығымыздың, туған өлкеміздің сұлулығының дәлелі. Бүгінгі фестиваль – гүл мерекесі ғана емес, бірлік пен достықтың, табиғатқа деген сүйіспеншіліктің, рухани жаңғырудың белгісі. Табиғатты аялау – болашаққа деген аманат екенін естен шығармайық, – деді Ербол Шырақпайұлы.

Мұнан соң мәдени-көпшілік іс-шаралар легі басталып кетті. Дүбірлі мерекеде спортшылар ұлттық ойындардың көркін қыздырды. 300-ге жуық қатысушы аударыспақ, қазақ күресі, қошқар көтеру, жілік шағу, дәстүрлі садақ ату, асық ату, арқан тарту және желке тарту секілді спорт түрлері бойынша өзара бақ сынасты. Көпшіліктің қызығушылығын тудырған бәсекенің бірі – құмай тазы жарысы. Сайыс ережесіне сәйкес төрешілер ең жылдам әрі шапшаң тазыларды анықтап, үздіктерді марапаттады. Аталған жарыс шетелдік қонақтарға ерекше әсер сыйлады.

Көкпар бәсекесі де тартысқа толы болды. Тұлпарлар дүбірі мен шабандоздар сайысы ұлттық рухты асқақтатты.

Сондай-ақ іс-шара аясында ақшаңқай киіз үйлер тігіліп, қолөнершілер жәрмеңкесі ұйымдастырылды. 150 ісмердің қолынан шыққан қолөнер бұйымдары көпшілік назарына ұсынылды. Бұл көрме – қазақ қолөнерінің байлығы мен шеберлердің шығармашылығын танытатын алаңға айналды.

Ә дегенде назарымыз киіз басқан қолөнерші әжелерге ауды. Себебі фестивальдің нағыз сенсациясы қызғалдақ өрнегімен безендірілген, көлемі 200 шаршы метр болатын киіз кілемнің таныстырылымы болды. Қызғалдақтың отаны саналатын Қаратау тауының бөктерінде шеберлер үш айлық еңбектерінің нәтижесін көрсетті. Бұл туынды КИНЭС рекордтар кітабына (Қазақстан ректордтар кітабы) енді. Сертификатты рекордтар кітабының ресми өкілі Бақытжан Тастүлеков тапсырды.

– Киіз – халқымыздың қазынасы. Фестиваль аясында көлемі 200 шаршы метр болатын қызғалдақ бейнесі бедерленген киіз кілемнің дизайнын жасау бақыты маған бұйырды. Қызғалдақ – қазақ даласының көркі, көктемнің лебі. Бұл еңбегімде осы ойды жеткізгім келді. Жүзге жуық шебер бір үйдің баласындай жұмылып, көп тер төкті. Бірлесе жүріп үлкен істі тындырдық. Ең қуаныштысы – осы еңбегіміз КИНЭС ректордтар кітабына енді. Бұл жетістік – барлығымыз үшін үлкен мәртебе. Осындай дүние жасағанымыз – өзімізге де, келешек ұрпаққа да мақтаныш, – деді белгілі дизайнер Айдархан Қалиев.

Фестифаль аясында ұйымдастырылған «Қымызмұрындық» рәсімі де қазақы болмыстың шынайы көрінісіндей әсер қалдырды. Алаңның шетіне құлынды биелер әкелініп, арнайы қазыққа байланды. Мұнан соң бір бие сауылып, үлкендердің бірі ортаға шығып, ақ батасын берді. Ақ тілек аяқтала сала көпшілікке күбіден құйылған қымыз ұсынылды. Жиналғандар кезек-кезек тостақ ұстап, бата дарысын дегендей, бір-бір ұрттап, дәм татып жатты. Дәл осы сәтте сауыншылар арасындағы бие сауу сайысы басталып кетті. Қатысушылардың бәрі де өз жеңісіне сенімді.

– Осындай игі іс-шараға қатысып отырғаныма қуаныштымын. Бие сауу мен үшін таңсық іс емес, бала күнімнен әжемнің жанында жүріп үйренген тірлік. Алайда бұл үлкен жауапкершілік пен ыждаһаттылықты қажет ететін жұмыс. Малдың жайын білмеген адам оңайлықпен бие сауа алмайды. Бүгінгі жарыс сауыншылар арасындағы бәсеке емес, ұлттық салтты насихаттау, кейінгі буынға үлгі боларлық дүние болды. Осындай фестивальдер жиі өтіп тұрса, халқымыздың төл дәстүрі де жаңғырып, ұмыт қалмайтынына сенемін, – деп өз әсерімен бөлісті Қараой ауылынан келген сауыншы Мадина Қолхаметова.

Іс-шараның ең әсерлі сәті қызғалдақтар алқабына жасаған сапарымыз болды. Киіз үй тұрған жерден шамамен 20 минуттай уақыт жаяу жүріп, таудың етегіндегі қызғалдақтарға толы кең алқапқа жеттік. Көздің жауын алатын, жерге төселгендей қызыл кілемдей құлпырып тұрған гүлдер арасында бізді күй шертіп отырған домбырашы мен шаңқобызшы қарсы алды. Табиғаттың сұлулығы мен күйдің үні бір-бірімен үндесіп, ерекше бір әсерге бөледі. Әңгімелесе келе білгеніміз шаңқобызшы Дана Ордабекқызы Алматы қаласынан келген гид екен. Ал домбырашы оқушы жігіт – тараздық Әлмерек Қыдырбай. Біз келген сәтте өнерлі өрен өз жүрегінен туған күйін орындап жатқан еді.

– Әулиеата өңірінде өтіп жүрген қызғалдақ фестивальдеріне осымен үшінші рет қатысып отырмын. Бірақ бұл жолы халықаралық болған соң ба, сайыстың мүлде басқа деңгейде екені сезілді. Барлығы ұнады, ән тыңдап, қазақтың-салт дәстүрін тамашалап, мәре-сәре болып қалдық. Маған шаңқобызды біраз уақыт бұрын сахалық қонақтар сыйлаған болатын. Мен де Якутиядан келген ағайындарға домбыра тарту еттім. Шаңқобыз мен үшін өте құнды. Алайда аспапты енді ғана меңгеріп жүрмін. Бұл өнерді бірден игеру қиын, дейтұрғанмен бүгінгі ойнағаным қонақтардың көңілінен шыққан тәрізді. Осындай табиғаты әсем жерде шаңқобызмен күй орындау мен үшін үлкен мәртебе. Шаңқобыздың үні табиғатпен үндесіп, қазақтың терең мәдениетінің бір бөлшегін тыңдармандарға жеткізуге мүмкіндік береді. Мұндай фестивальдер ұлттық мәдениетімізді дәріптеу мен болашақ ұрпаққа жеткізу үшін аса маңызды. Алайда тұрғындар мәдениеттілікті сақтап, өсімдікті таптамай, көзінің қарашығындай сақтаса деген тілегіміз бар, – дейді Дана Ордабекқызы.

Ал Әлмерек Қыдырбай болса халықаралық «Қызғалдақ мұра» фестивальі шығармашылық жолына үлкен шабыт сыйлағанын тілге тиек етті.

– Қызғалдақтар арасында Құрманғазының «Балбырауынын», Әбдімомын атамыздың «Ерке сылқым» күйлерін орындадым. Бұл фестивальде қазақтың әсем табиғаты мен өнерін ұштастырғандай болдық. Мектепте домбыраға көп уақыт бөлемін, сондықтан осындай үлкен іс-шараға қатысу – менің өнерімді көрсету үшін жақсы мүмкіндік. Болашақта домбыра арқылы қазақ мәдениетін әлемге танытуға өз үлесімді қосқым келеді, – дейді Ә.Қыдырбай.

Бұдан соң фестивальге шетелден келген қонақтармен тілдесудің мүмкіндігі туды. Әртүрлі елден келген ғалымдар мен туристер қазақ даласының бай табиғатына, әсем жаратылысына, әсіресе халқымыздың қонақжайлығына ерекше тәнті екендерін жасырмады. Әсіресе нидерландылық «HBM» компаниясының менеджері Марсели Пичнаның қазақы шапан мен ұлттық қалпақ киіп, елмен етене араласып жүргені көпшіліктің назарын аударды. Киім киісі ғана емес, кішіпейілділігі мен ықыласы да ұлтқа деген құрметінің айғағындай көрінді.

– Бұл іс-шара Қазақстанның бай табиғаты мен тарихын танытты деп ойлаймын. Фестиваль кезінде қазақтың шапанын киіп жүрдім, бұл мен үшін үлкен құрмет. Мұндай фестивальдер осы өңірдің мәдени мұрасын әлемге танытуда маңызды рөл атқарады. Бір айта кетерлігі, қызғалдақтар дәл осы өңірлерден әлемге таралған. XVI ғасырдың басында алғаш Түркияға, кейін Австрияға, одан әрі Нидерландыға жетіп, миллиардтаған табыс әкелетін салаға жол ашқан. Қазіргі мәдени қызғалдақтардың арғы тегі қайдан шыққанын зерттеген ғалымдар өсімдіктің отаны Оңтүстік Қазақстан деген пікірге тоқталып отыр. Сондықтан халықаралық ауқымды фестивальдің осы жерде өтуі бекер емес, – деген М.Пичина сұхбат соңында ізеттілік танытып, бізге естелікке шағын сыйлық тарту етті.

Бұл мерекелік кеште қазақ ою-өрнегі мен қызғалдақ символикасынан шабыт алған заманауи бейнелерді ұсынған сән көрсетілімі де басты оқиғалардың бірі болды. Дизайнерлердің өнімдері қызғалдақтың табиғатта ғана емес, сонымен бірге аймақтың мәдениетінде де терең тамыр жайғанын тағы бір рет дәлелдеді.

Тілдесудің сәті түскен қонақтың бірі – танымал саяхатшы-блогер Анзор Гасаев. Блогер де Қаратау тауларының бөктерінде өткен мерекелік іс-шараны жоғары бағалады.

Қатысушыларға ұмытылмас әсер қалдырған фестивальді аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев қорытындылады.

– Күннің нұрына шомылған қызғалдақтар алқабы – бұл тек табиғаттың көркі емес, халқымыздың жүрегінде сақталған мәңгілік мұра, дала өркениетінің үнсіз шежіресі. Біз осы игі бастамамен табиғат пен ұлттық дәстүрлерді қастерлеу арқылы келешек ұрпаққа аманат болар асыл құндылықтарды ұлықтадық. Фестиваль аясында ғасырлардан сыр шертетін «Қымызмұрындық» дәстүрі қайта жаңғырып, ұлттық спорт сайыстарына жанкүйер болдық. Қолөнершілердің туындылары халқымыздың шеберлігі мен өнерге деген сүйіспеншілігін паш етті, – деген Ербол Шырақпайұлы сайыста оза шапқан қатысушыларды марапаттады.

Мәселен, бие сауу жарысында І орынға Қаратау ауылының тұрғыны Жангелды Тлейов лайық деп танылса, ІІ орынды қараойлық Мадина Қолхаметова қанжығасына байлады. Тамды ауылының сауыншысы Елтай Стахан ІІІ орынды місе тұтты. Демеушілердің қаржылай қолдауымен ұйымдастырылған спорттық бәсекелерде оза шапқан спортшылар да құрмет құшағына бөленді. Ұлттық ойындардың жалпы жүлде қоры 3 миллион 450 мың теңгені құрады.

«Қызғалдақ мұра» фестивалі Әулиеата өңірінің бірегей табиғи мұрасын сақтау үшін маңызды оқиғаға айналды. Әсіресе, Грейг, Кауфман және Регель қызғалдақтарын ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік табиғи мұралар тізіміне енгізу және Кіші Қаратау аумағында геопарк ұйымдастыру ұсынысына ерекше назар аударылды. Бұл бастама сирек кездесетін өсімдіктерді сақтау мен экожүйені айрықша қорғауға, сондай-ақ әлем жұртшылығының назарын осы мәселеге аударуға мүмкіндік береді. Бұл жоба болашақта Қаратауды экотуризм орталығына айналдыра отырып, табиғи ресурстарды сақтауға ғана емес, өңірдің дамуына да ықпал ететін болады.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар