Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Әскердегі әсерлі сәт

Әскердегі әсерлі сәт
Автор
Тараздық дәрігерлер сарбазға шынайы күлкі сыйлады

Әскер – ер-жігітті шыңдайтын өмір мектебі. Әскери қызмет азаматтардың тұлғасын шыңдап, елжандылық сезімін нығайтады. Әскерде жігіттер қиындықтар мен сынақтарға тап болып қана қоймай, шынайы достар тауып, түрлі қызықты оқиғаларды бастан өткереді.

Тараз қаласындағы әскери бөлімдердің бірінде жақында көптің жүрегін елжіреткен бір оқиға орын алды. Бұл жағдайды – шынайы мейірім мен адамгершіліктің үлгісі деуге әбден болады. Әңгіме – алдыңғы екі тісінен айырылып, жылдар бойы күлкісін жасырып келген жас сарбаз туралы.

Толығырақ тоқталып өтсек әңгіме былай өрбиді. «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінің бастығы, подполковник Дина Мухаринова жаңадан қабылданған сарбаздармен сұхбаттасу үшін Б.Момышұлы атындағы 5-механикаландырылған бригадасына келеді. Әскери тәртіппен сап түзеген сарбаздар арасынан балаклавасын шешкісі келмеген бір жігіт Динаның назарын бірден өзіне аударды. Өзгелерге ұқсап нық сөйлеп тұрған сарбаздың болашағынан үміт күттірер азамат екенін бірден байқайды. Алайда жігіт әңгіме бойы бетін жасырумен болды.

– Басында ұяң жігіт шығар деп ойладым. Бірақ әңгімесіне терең үңіле келе ішкі жан-дүниесінде бір жараның бар екенін бірден байқадым. Мейрам өте тәртіпті, жауапты сарбаз. Әңгіме барысында оның тіссіз жүргеніне, бұл жағдайдың оның көпшілік ортада көсіле сөйлеуіне, қоғамда еркін болуына зиянын тигізгеніне көзім жетті, – дейді Дина Николаевна жас жауынгермен алғашқы таныстығы туралы сөз қозғаған кезінде.

Мейрам Анжанов – Бауыржан Момышұлы атындағы 5-механикаландырылған бригаданың радио ротасында қызмет атқарып жүрген, сымбатты да салмақты жас радист. Байланысқа жауапты сарбаз ретінде ол әркез жинақы, тапсырманы мүлтіксіз орындайтын, сөзі аз, ісі нақты жігіт ретінде танылған. Өз міндетін мүлтіксіз орындап жүрген Мейрам Динамен сөйлесіп отырып алғашында өзін уайымсыз, батыл көрсеткенімен, әңгіме тереңдеген сайын ішіндегі мұңын ақтара бастады. Кейіпкеріміз 15 жасында бозбалалық төбесестің кесірінен екі алдыңғы тісінен айырылыпты. Бұл жағдай Мейрамның өміріне жай ғана физикалық емес, психологиялық салмақ түсірген. Сол оқиғадан бері тіссіз жүруге мәжбүр болса да кейін досымен қайта татуласқан.

– Балалық қателігім өмірімде өшпес із қалдырды. Бірге оқитын досыммен төбелесемін деп осындай жағдайға тап болдым. Тістен айырылсам да, досымды жоғалтпадым. Негізінде тістің жоқтығы – үлкен мәселе емес. Бірақ мен үшін бәрі басқаша болды. Тістен айырылу өзіме деген сенімді жоғалтқан жара сияқты көрінді. Күлуге қысылып, ашық сөйлеуден қашатынмын. Өзімді еркін ұстауға мүмкіндік бермеген ішкі қысыммен өмір сүріп келдім. Әсіресе анамның алдында ұялатынмын. Ол кісі мені әскери киіммен көруді армандап еді. Сол арманын орындау үшін әскерге келдім, – дейді жас жауынгер.

Мейрам әскерге Ақмола облысынан шақырылған. Анасы екі жыл бұрын қайтыс болған. Содан бері отбасындағы үлкен әпкесі мен ағасы оған қамқор болып, әскерге баруға көмектескен. Кейіпкеріміз жас болса да өзінен кейінгі бауырларына қамқор болып, жауапкершілікті мойнына ерте арқалаған.

Мейрамның ішкі мұңын түсінген подполковник Дина Мухаринова оқиғаға бей-жай қарай алмайды. Ол бірден Тараздағы ең үздік стоматологиялық клиникалардың бірі «Premium Estet»-ке барды. Емхана басшысы Шоһрух Юнусов Мейрамның жағдайын естіген бетте-ақ келісімін беріп, тегін көмектесуге дайын екенін айтады.

Осылайша екі апта бойы Мейрам клиникаға барып ем қабылдай бастады. Оған алдымен кәсіби тазалау жасалды, одан кейін бірнеше проблемалы тістері емделіп, ақыл тісі жұлынды. Ақырында жұлынған төрт үстіңгі, бес астыңғы, барлығы тоғыз тістің орнына жаңа тіс салыныпты.

– Мейрамның жағдайын алғаш естіген сәтте, еш ойланбастан көмектесуге бел будым. Әскери борышын атқарып жүрген елжанды азаматтарға көмек беру – біз үшін үлкен мәртебе. Сарбазбен кездескенде өмірге деген құлшынысы үлкен болғанымен жанарынан уайым байқалып тұрды. Емхана дәрігерлері тістерін толық емдеп қана қоймай, өз-өзіне деген сенімділік, өмірге жаңа көзқарас сыйлады деп білемін. Екі аптада оның танымастай өзгергенін көрдік. Бұрын күлкісін жасырып, ішкі мұңын бүккен бала енді нағыз ер-азаматқа айналды. «Оң қолыңның бергенін сол қолың білмесін» дегендей жақсылықты жария ету дұрыс емес. Дейтұрғанмен, бұл жағдай біздің ұжымды да рухани тұрғыда бір серпілтіп тастады, – дейді клиника басшысы Шоһрух Шавкатұлы.

Екі апта ішінде Суннат Юнусов, Иван Телепайло, Максат Әлібеков секілді білікті дәрігерлер тісі жоқтығын бойындағы кемшілік санап, ішкі сенімсіздікпен өмір сүрген жігітке жаңа өмір сыйлады.

– Мейрам ем қабылдауға келген күннен бастап бәрімізге ерекше әсер қалдырды. Әдетте ауыр процедура алдында науқастар қобалжып кішкентай иненің өзінен қорқып жатады. Ал бұл жігіт керісінше, әр келген сайын сабырлы, салиқалы қалпынан таймай жігерленіп жүрді. Мейрам күлкісін жасырғанынан адалдығы, мейірімділігі жүзінен көрініп тұрған жаны таза жігіт. Жас болса да, мінезі өте байсалды, ойы терең. Ол бізге алғысын сөзбен емес, жанарымен-ақ білдіріп отырды. Ем аяқталған соң, Мейрам жаңа қырынан ашыла түсіп өзіне деген сенімділігі артты, – дейді Суннат Юнусов.

Мейрам үшін бұл өзгеріс өміріндегі үлкен бетбұрысқа айналды. Енді ол бұрынғыдай жүзін жасырып жүрмейді. Елмен сенімді сөйлесіп, ұялмай күле алады. Жолдастары да оны бірден танымай, таңырқап жүр. Радио ротадағы жұмысына да бұрынғыдан да зор құлшыныспен кірісіп кеткен.

– Қазір өзімді мүлде басқа адамдай сезінемін. Өмірге қайта қадам басқандаймын. Әскер – мен үшін үлкен мектеп болды. Таразда көрген жақсылықтар – өмірімнің ең жарқын сәттері болары сөзсіз. Бұл қаланы, бұл адамдарды ешқашан ұмытпаймын. Қазір мен әскердегі жанашырларым мен дәрігерлердің арқасында өзіме сенімді азаматпын. Алдағы уақытта қызметімді бұрынғыдан да мақтанышпен атқарамын! Кеудемде «Анама осы бейнеммен бір сәт көрінсем ғой» деген өкініш бар. Бірақ ол мені көктен көріп тұрғанына сенемін. Баласы үшін қуанып жүрген болар, – дейді М.Анжанов.

Бұл оқиға – бір адамның күлкісі үшін қаншама жанның бірігіп, қолдан келген көмегін аянбай көрсеткен сәті. Бір офицердің қамқорлығы, дәрігерлердің шынайы ниеті, ең бастысы – жас жігіттің сабыры мен қайсарлығы бәрін біріктіріп, жақсы бір істің жүзеге асуына себеп болды.

– Мейрамның жағдайы көңілімде ерекше әсер қалдырды. «Тіс сынса да достығымызға сызат түспеді» деген сөзі үлкен жүректі азамат екенін ұқтырып тұрды. Сондықтан бірден клиникамен байланысып, көмек сұрадым. Шоһрух мырзаның ықыласпен қарсы алып, барынша жанашырлық танытқаны үшін ерекше алғыс білдіремін. Мейрамның өзгерісі – бүкіл әскери ұжымға да әсер етті. Біз жас сарбаздың болашақ денсаулығына деген сенімі жақсы жаққа өзгергеніне куә болдық, – деді Д.Мухаринова.

Бүгінгі таңда Мейрам балаклаваны тек жаттығуларда ғана киеді. Ал қалыпты өмірде шынайы  күлкімен, жайдары көңіл күймен әскери міндетін атқарып жүр. Оның оқиғасы – көптеген жас сарбазға үлгі.

А.БЕКЕНҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар