Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қызылқайнар ауылында жаңа мәдениет үйі ашылды

Қызылқайнар ауылында жаңа мәдениет үйі ашылды
Автор
Жамбыл ауданына қарасты Қызылқайнар ауылында заманауи үлгіде бой көтерген мәдениет үйі ел игілігіне пайдалануға берілді,деп хабарлайды arainfo.kz

Бұл – аудан бойынша 22-ші мәдени нысан. Жаңа мәдениет үйі ауыл тұрғындары үшін көптен күткен қуанышты оқиға болды. Ашылу салтанатына аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы, ауыл тұрғындары мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген аудан басшысы мәдениет пен өнер — рухани даму мен ұлт болашағының негізі екенін атап өтіп, жаңа нысан ауыл өміріне тың серпін беретінін жеткізді.

Еліміздегі жарқын мереке – Қазақстан халқының бірлігі күні, Ұлы Жеңістің 80 жылдығы және Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы қарсаңында «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде бой көтерген Қызылқайнар ауылдық мәдениет үйінің ашылуына арнайы келіп отырмын. Жаңа ғимарат құтты болсын! Қуаныш ұзағынан сүйіндірсін, құрметті ағайын! Баршаңызға белгілі, мәдениет – ұлттың қуаты, асыл қазынасы. Өркениетті халық, ең алдымен, тарихымен, өнерімен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлесімен танылады және бағаланады. Ел игілігіне беріліп отырған бұл мәдениет үйі алдағы ұзақ жылдар бойы ауыл халқының рухани сұранысын қанағаттандырып, жастардың дамуы мен тынығуына септігін тигізетін мәдениет ошағы болатынына сенімдімін. Бұл үй — тек өнерпаздарға емес, бүкіл ауыл халқының рухани тынысын кеңейтетін орын болмақ», – деді әкім өз құттықтау сөзінде. Рухани жаңғыруға жетелейтін бұл мекемеде келешекте ауданымыздың, жалпы қазақтың атын шығаратын талай өнер жұлдызы әлемге танылса деген ақжарма тілегім бар.Аудан бойынша қазіргі таңда халыққа қызмет көрсетіп жатқан мәдениет мекемелеріне алдағы таяу уақытта құрылысы қарқын алған орталық кітапхана мен оқушылар сарайы қосылмақ. Бұл игіліктер жалғаса береді. Ендігі жерде ұлтымыздың мәдениет мәйегі үзілмесін, ортақ игіліктер ұлықтала берсін деп тілейік – деді аудан әкімі.

Жалпы ауданы 885 шаршы метрді құрайтын мәдениет үйінің құрылысын «Талас-Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген. Жобаның жалпы құны – 266 миллион 879 мың теңгені құрады.  Ғимарат заманауи талаптарға толық сай. Мұнда көрермендерге арналған 180 орындық үлкен залмен қатар, хореография залы, түрлі үйірмелерге арналған сыныптар, қызметтік кабинеттер мен дыбыс-бейне жүйелерімен жабдықталған бөлмелер қарастырылған. Ауыл  тұрғындары бұл нысанның ашылуын үлкен қуанышпен қабылдады. Аналар кеңесінің төрайымы Өлмескамал Сейткасымова: «Біздің кезімізде мұндай жағдай болмаған. Қазір балаларымыздың өнерге, мәдениетке бет бұруына толық мүмкіндік бар. Бұл - үлкен жетістік. Жаңа мәдениет ошағының ашылуы ауылдың мәдени өмірін жаңа белеске көтермек. Бұл нысан — тек ғимарат емес, бұл – ауыл жастарының арманына апарар жол, рухани өркендеудің белгісі. Ендігі кезекте ауыл тұрғындары бұл мүмкіндікті тиімді пайдаланып, ел ішіндегі мәдени ортаның дамуына өз үлестерін қосады деген сенім мол», – деп ризашылығын білдірді.

Қызылқайнар ауылы бұрыннан өнерге жақын, талантты жастары көп елді мекендердің бірі саналады. Осы орайда жаңа мәдениет үйі ауыл балаларының шығармашылығын шыңдап, өз өнерлерін шыңдайтын орталыққа айналуы көзделуде. Болашақта бұл жерде театр қойылымдары, концерттер, түрлі байқаулар мен мәдени іс-шаралар ұйымдастырылатын болады.

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар