Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Ашық диалог алға жетелейді

Ашық диалог алға жетелейді
Автор
Жүректерге жол табу, кісінің көңілінен шығу халқымызға тән қасиет десек, осынау қасиетімен ата-бабаларымыз көп нәрсені оңтайлы шешіп отырған. «Жанымды алсаң да пейілімді алма» деген бабаларымыз осынау кеңпейіл көңілінің, жомарт жүрегінің арқасында небір аумалы-төкпелі қиын-қыстау кезеңдерден де аман өтті. Бір-біріне құрметпен қарап, бір-бірінің жан-жүрегін айтқызбай-ақ түсініп, үніне құлақ асқан елдерде ғана береке болады.

Тұжырымдананың тиімділігі мол

Кез келген адамға теңдік танытып, кеңдік көрсету ең алдымен адамның саналылығын білдіреді. Азаматтық қоғам қалыптас­тырудың алғышарты осындай іс-әрекеттерден бастау алса керек. Бұқара көпшілікпен санаса білген билік қана үлкен жетістіктерге қол жеткізеді. Әр мемлекеттік қызметші ең алдымен халықтың мұң-мұқтажына құлақ асып, оларды дереу шеше білуі тиіс.

 Бұл билікке азаматтарды алаңдатқан мәселелерді анықтап қана қоймай, қоғамның талап-тілегіне дер кезінде жауап қату міндетін жүктейді. Мұндай жағдай мемлекеттік қызметшіге де жаңа талап қояды. Мемлекеттік жүйеде елін дамытуды және халқының әл-ауқатын арттыруды мақсат тұтқан адамдар қызмет етуге тиіс.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы 2 қыркүйектегі «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты  Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ұсынған болатын. Осы орайда Президент  «Азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру-бәрімізге ортақ міндет. Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болады. Сондықтан азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсу керек. Сондай-ақ, аса маңызды жалпы мемлекеттік міндеттерді шешу үшін талқылау жұмыстарына азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен қолдану қажет», - деп атап көрсеткен болатын.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы: «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» - бұл шын мәнісінде, «Әділетті мемлекет» құру тұжырымдамасы. Азаматтардың мәселелерін тыңдап, көріп қана қою жеткіліксіз. Ең бастысы – дұрыс және әділ шешім шығару қажет» - деп, әділдік болған жерде ғана Үкімет халықтың мұң-мұқтажына құлақ түріп, елдің мүддесіне жұмыс істейтінін баса айта отырып, осы тұжырымдаманың арқасында мемлекеттік органдар мен қарапайым азаматтардың арасындағы қарым-қатынас бір жүйеге келіп, еліміздің әрбір азаматының үнін еститін мемлекеттік аппарат қалыптасатындығына сенім білдірген.

«Естуші» мемлекетте ең басты орында халықтың мүддесі тұрады. Бұл тұрғыда халықтың мемлекеттің  қабылдаған шешімдеріне еш кедергісіз қатысуға мүмкіндігі болуы және осы шешімдерді қабылдарда өз пікірлерін де ашық жеткізе алуы тиіс. Тұжырымдамада мемлекеттік органдардың алдына қойылған  ең басты тапсырма-азаматтардың сұраныстарын қанағаттандыра білу. Мұндағы мақсат - азаматтардың өтініш-тілектерін жинап, қарастыру ғана емес, сол өтініштердегі мәселелерді шешу үшін азаматтардың өзін іске тарту және болашақта сол олқылықтардың болмауы үшін шаралар қолдану. Бұл тұжырымдама тек елдің астанасы не болмаса ірі қалалар аясында ғана емес еліміздің түкпір-түкпірін қамтиды.  Яғни шалғай ауылдардағы әкімдер болсын, мемлекеттік органдардың өкілдері болсын бұдан шет қалмайды.

«Біз цифрлармен, фактілермен, іс-әрекеттермен сендіре отырып, азаматтардың сынына және сындарлы ұсыныстарына жедел ден қоя отырып, олардың сенімін қалпына келтіруіміз керек», - деп атап өткен еді Мемлекет басшысы. Президент өз Жолдауында халықпен тиімді кері байланыс орнату  керектігін тілге тиек етіп, «Қоғамдық диалог, ашықтық, адамдардың мұң-мұқтажына жедел назар аудару мемлекеттік органдар қызметінің негізгі басымдықтары саналады»,-деді.  

Осы  «Халық үніне құлақ асатын мемлекет»  тұжырымдамасын жүзеге асыру мемлекеттік органдар үшін  дәл қазіргі кезде қатты қиындықтар тудырмайды.  Олай дейтініміз, бүгінде барлығымыз дерлік ғаламторға кіріп, әлеуметтік желілерді кең көлемде пайдаланып жатырмыз. Мемлекеттік органдардың басшылары да әлеуметтік желілерде өз парақшаларын ашып, халықпен ашық диалог құруға ниет танытуда.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» үшін қоғамдық пікір аса маңызды. Сондықтан, ел тұрмысына тікелей әсер ететін шешімдер халықпен ақылдаса отырып қабылдануы қажет. Мемлекеттік аппарат қаншалықты ашық әрі диалогқа дайын болса, өзінің қызметін де тиімді жүргізе алады. Бұл жерде жалаң науқаншылдыққа, бюрократизмге және азаматтардың өтініш-тілегіне атүсті қарауға жол берілмейді.

Олай болса, ел Президентінің тікелей бастамасымен  қолға алынып, жүзеге асып жатқан бұл бастамаға өз үлесін қосу азаматтарға берілген үлкен мүмкіндік болса, шенеуніктер үшін өз біліктіліктерін, кәсібиліктерін ортаға салатын кезең деп айтуға болады.

Мемлекет басшысының Жолдауына арқау болған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы - биліктің азаматтармен өзара әрекеттесуіне, оларды толғандыратын мәселелер мен қажеттіліктерін түсіндіруге, қоғам мен Үкімет арасында ашық әрі айқын байланыс құруға бағытталған бастама екендігі сөзсіз.

 

Байыпты бастама қалай іске асуда?

 

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының дайындаған стратегиялық тұжырымына сүйенсек, «Халық үніне құлақ асатын мемлекеттің» мынадай бірнеше негізгі компоненті бар.

 Ашық байланыс арналары. Яғни, «Халық үніне құлақ асатын мемлекетте» Үкімет азаматтарға ойларымен, идеяларымен және пікірлерімен алмасу үшін қолжетімді және ыңғайлы платформалар ұсынады. Бұл сандық платформалар және қоғамдық жиналыстар сияқты құралдар арқылы немесе тағы басқа әдістер бойынша жүзеге асырылуы мүмкін.

Белсенді өзара әрекеттесу. Мемлекет азаматтардың наразылығын күтпей, олармен араласу мүмкіндіктерін белсенді түрде іздейді. Бұл әртүрлі дауыстарды тыңдау мүмкіндігін қамтамасыз ету үшін белгілі бір қауымдастықтарға немесе қызығушылық топтарына жүгінуді қамтуы мүмкін.

Шешімдерді ашық қабылдау. Мемлекет азаматтардың саясаттың қалай тұжырымдалатынын және жүзеге асырылатынын түсінуін қамтамасыз ете отырып, шешім қабылдау үдерісінің ашықтығын көрсетеді. Мұндай ашықтық мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайтуға көмектеседі.

Кері байланыстың «ілмектері». Азаматтарға олардың үлестері саяси шешімдерге қалай әсер еткені туралы кері байланыс тетіктерін құру өте маңызды. Бұл олардың дауыстары бағаланатынын және байыпты қабылданатынын көрсетуге көмектеседі.

Саясатты бейімдеу. Мемлекет азаматтардан алынған кері байланыс негізінде саясатты бейімдеуге дайын болуы керек. Бұл икемділік қоғамның өзгермелі қажеттіліктері мен басымдықтарын қанағаттандыру үшін өте маңызды.

Деректерді жинау және талдау. Үкімет саяси шешімдерді негіздеу үшін әртүрлі дереккөздерден ақпарат жинап талдайды. Бұған сандық деректер (мысалы, сауалнамалар, статистика) және сапалық деректер (мысалы, қоғамдық пікірлер, баяндамалар) кіреді.

Мәдени сезімталдық және инклюзивтілік. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тәсілі қоғамда әртүрлі көзқарастар болатынын мойындайды. Әлеуметтік-экономикалық мәртебесіне, этникалық тегіне, жынысына немесе басқа факторларға қарамастан барлық дауыстардың ескерілуін қамтамасыз ету үшін қадамдар жасайды.

Бүгінгі таңда Қазақстанда мемлекет пен азаматтар арасында тиімді байланыс арналары жұмыс істейді.  Мысалы, «Ашық үкімет»-цифрлық жүйедегі цифрлық платформалар. Сондай-ақ «Ашық деректер»  ел азаматтары үшін қолжетімді деректер жиынтығын жариялау арқылы мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын қамтамасыз етеді. Ал «Ашық диалог»   мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарына өтініштер қабылдауға арналған. Сонымен қатар «Ашық НҚА»  нормативтік құқықтық актілердің жобаларын талқылауға бағытталған. «Ашық бюджеттер»  бюджеттік процеске азаматтық қатысу арқылы бюджет қаражатын қалыптастыру мен бөлудің ашықтығын қамтамасыз етуде. Сол сияқты мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалау  арқылы мемлекеттік органдар жұмысының бағалануын табуға болады.

Қазіргі таңда, «Ашық үкімет» порталында орналасқан ашық диалог, ашық деректер, ашық НҚА базасымен азаматтар танысып, өз ойларын білдіре алады. Сонымен қатар, «Ашық бюджет» порталында мемлекеттік бюджеттің қалай бөлініп жатқандығымен танысуға мүмкіндік бар. 
 

Сондай-ақ, тұжырымдаманы іске асыру барысында «Е-Өтініш» мемлекеттік органдарға өтініш беру жүйесі өзінің тиімділігін көрсетті.

Ел аумағында мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері бойынша 1414 бірыңғай Call-орталықтары да іске қосылған.

Азаматтармен қарым-қатынас пен өзара әрекеттесуді жақсартуға бағытталған бірқатар стратегиялар мен бастамаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері бірқатар жобаларды қамтиды. Соның бірі-азаматтардың ақпаратқа оңай қол жеткізе отырып, әртүрлі саяси мәселелер бойынша пікірталастарға қатыса алуы үшін  цифрлық платформалар құру. Сонымен қатар азаматтардан, азаматтық қоғам ұйымдарынан және басқа да мүдделі тараптардан ақпарат алу үшін саясаттың негізгі мәселелері бойынша тұрақты қоғамдық консультациялар ұйымдастыру және өткізу-басты назарда. Бұдан бөлек транспаренттілікке, есептілікке және сенімді ақпаратқа қол жеткізуге ықпал ететін тиісті заңдар мен тәжірибелерді нығайту арқылы ақпараттың ашықтығы мен қолжетімділігін арттыруға басымдық берілуде.

Жергілікті қоғамдастықтың жиналыстарын және қоғамдық форумдарды ұйымдастыру және өткізу, оның шеңберінде сайланған лауазымды адамдар (мәслихат депутаттары) және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері (әкімдіктер, мемлекеттік органдар) жергілікті және ұлттық ауқымдағы өзекті мәселелерді талқылау үшін сайлаушылармен үнемі жеке кездесулер өткізуі керек. Бұл кездесулер азаматтарға өз өтініштерін білдіруге және шенеуніктерге тікелей жүгінуге мүмкіндік береді.

Азаматтық белсенділікке, демократиялық құндылықтарға және саясатты әзірлеу процесін түсінуге ықпал ететін білім беру бағдарламаларына инвестиция салу арқылы азаматтық білім мен медиа сауаттылықты арттырудың да берері мол.  Азаматтар әртүрлі ақпарат көздерінен алынған мәліметті сыни тұрғыдан бағалауы үшін медиа сауаттылыққа көңіл бөлу маңызды.

Саяси пікірталастар мен шешім қабылдау процестеріне белсенді қатысу арқылы азаматтық қоғам ұйымдарымен өзара әрекеттесудің тиімділігі мол. Бұл ұйымдар маргиналды немесе аз өкілдік ететін топтардың дауыстарын күшейту арқылы Үкімет пен азаматтар арасында көпір бола алады.

Азаматтарды цифрлық петиция платформалары, онлайн форумдар және деректерді визуализациялау сияқты шешім қабылдау процесіне тартуды жеңілдететін  технологиялар мен инновацияларды қолдау бастамаларына ынталандыру да қамтылған.

Тұрғындарға олардың үлестері саяси шешімдерге қалай әсер еткені туралы кері байланыс беру тетіктерін құру да өзекті. Азаматтардың пікірі негізінде саясатты бағалау мен бейімдеу маңызды. Ол үшін әрбір азаматтың үлесінің маңызын көрсете отырып, қалдырылған пікірлер негізінде саясатты бейімдеуге дайындығын көрсету қажет.

 

Билік бұқараға барынша жақын болу керек

 

Әрбір шенеунік халықтың мәселесін шешіп беруге ұмтылуы тиіс. Мәселе шешілу үшін оған құлақ асу керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған  «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының негізгі мақсаты осы.

Аталған тұжырымдама талай түйткілдің түйінін тарқатып, қалың ел тарапынан қолдау тауып отыр.

Әрине, жұрттың  жүрегіне жол табу да оңай емес. Ол үшін билік пен халық арасында ашық диалог болуы керек.

Қазіргі таңда Президенттің Мемлекет басшысы ретіндегі қызметінің ең басты ерекшелігі – оның әр сөзі, әр шешімі және әр ісі арқылы халыққа жақындауға ұмтылуы. Осы үрдісті әрі қарай жалғастырған өңір басшылары елмен етене араласып, нақты нәтижелерге жетуде.  

Бізді қуантатыны осы. Ең бастысы, көтерілген бастама,  ай­тыл­­ған сөз іс жүзінде. Оған мысалды көптеп келтіруге болады.

Жамбыл облысында жергілікті биліктің тұрғындармен кері байланысына тиісінше көңіл бөлінуде. Өйткені, қазір халықтың басым бөлігі әлеуметтік желіде отырады. Барлық ақпаратты сол жақтан алады. Лауазымды тұлғалар  атқарылып жатқан жұмыстарды әлеуметтік желі арқылы көрсетеуде. Өзекті мәселелер бойынша шағымдарға жедел жауап беріп, түсіндіру жұмыстарын күшейту негізгі бағыттың біріне айналған.

Әкімдер мен тиісті мемлекеттік органдардың басшыларының әлеуметтік желілерде жеке парақшалары ашылған. Жалпыға қолжетімді әрі қажетті жазбалар жарияланып отыр. Тиісінше өзекті мәселелер бойынша кері байланыс орнатылып, нақты жауаптар ұйымдастырылған. Осы орайда халықты толғандыратын мәселелер анықталып, оларды шешу бойынша уақытылы шара қабылдануда.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы билік пен бұқараны жақындастыра түсу мақсатымен бұдан басқа да тәжірибелерді қолданысқа енгізді. Айталық, Қазақстан Республикасы Президентінің «Әкімдердің халықпен кез­десулерін өткізу туралы» Жарлығы негізінде облыс, аудан, қала әкімдері ай сайын дерлік халық алдына шығады. Кез­десуге келетіндер алдын ала жазылып, ұсыныс-пікірлерін айтады. Мұнан соң әкімдер жергілікті тұрғындарды жеке қабылдайды. Қабылдауға келгендерге міндет­ті түрде жауап қайтарылады немесе көмек көрсетіледі.

Осы орайда жергілікті мәслихат депутаттарының да халықтың игілігі жолында жұ­мыс істеп жатқандығын айта кету керек. Олар да қоғамдық қабылдаулар өткізіп, халықтың мұң-мұқ­тажын тыңдап, шешімін таппаған мәселелерге қал-қадірінше көмек­тесіп жатыр.

Депутаттардың  әлеуметтік же­ліде тікелей эфирге шығып, тұрғындардың сұрақтарына дер кезінде жауап беруі, тікелей халықпен қабылдаулар өткізуі де өңірдегі мәселелерге бей-жай қарамайтындығын байқатады.

Осының бәрі халықты демократия даңғылына қарай бастайтын сенімді әрі төте жолы деп ауыз толтырып айта аламыз.

Ең бастысы, халықтың үні «Жартасқа бардым, күнде айқай салдым» дегеннің кері емес, жетер жеріне жете бастады. Ел «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының игілігін сезінді.

 

 

Асан ТІЛЕМІСОВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар