Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Даланың жауһары – қызғалдақ

Даланың жауһары – қызғалдақ
А.Қартабай
Әр көктем келген сайын Әулиеата өңіріндегі иен дала көздің жауын алар қырмызы қызғалдағымен жайнап тұрады. Керек десеңіз қызғалдақ Жамбылдың бір брендіне айналып, жыл сайын қызғалдақтар фестивалін өткізу бұл күнде үрдіске айналды. Осы жылы халықаралық деңгейде ұйымдастырылғалы жатқан мерекелік іс-шара ерекшеліктерге толы болмақ. Түрлі елдерден келген қонақтар өңір табиғатының ғажайып бейнесін тамашалайды. Фестиваль аясында табиғат байлығын құрметтеп қана қоймай, жергілікті салт-дәстүрлеріміз бен әдет-ғұрыптарымызды шетелдік қонақтарға көрсететуге мүмкіндік туып отыр.

«Қызғалдақ мұра» халықаралық фестивалін 2-3 мамыр күндері өткізу жоспарланған. Біраз халықтың көкейінде «қызғалдақты соншалықты қорғап, бір гүлге бола дүбірлі думан ұйымдастырып не керек?!» деген сұрақ туындауы мүмкін. Осы мәселеге қатысты облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының туризм саласын мемлекеттік қолдау, дамыту және мониторинг бөлімінің басшысы Жомарт Хажы түсіндірме беріп, іс-шараның маңыздылығына тоқталды.

– Әлемнің көптеген елдерінде сол елдің символы мен мәдениетін айқындайтын өсімдіктер болады. Мысалы, Англияда – роза, Үндістанда – лотос, Жапонияда – сакура. Ал Қазақстанның мұндай символы мен мәдениетін айқындайтын өсімдік – қызғалдақ. Көптеген замандастарымыз қызғалдақтарды Голландиямен байланыстырады. Алайда бір ескере кетерлігі, Голландияда жабайы қызғалдақтар өспейді. Қызғалдақтар өзінің дүниежүзілік шеруін осыдан 460 жыл бұрын осы Қаратау алқаптарынан бастаған. Бірінші Кавказ елдеріне апарылған, кейін Түркиядағы Сүлеймен Сұлтанның бағына әкелінген. Ал Түркия мен Кіші Азияға қызғалдақтар біздің ата-бабаларымыздың арқасында жеткен, олар қызғалдақтардың таралуында үлкен рөл атқарған. Кейіннен Түркиядан Голландияға таралып, міне, бүгінде біздің қызғалдағымыз сол мемлекеттің брендіне айналып отыр. Өткен жылғы заманауи номенклатура бойынша Қазақстанда қызғалдақтың 41 түрі өседі, оның 18-і Қазақстанның Қызыл кітабына енген. Тарқата айтсақ, Грейг, Кауфман, Альберт, Борщов, Колпаковский, Островский, Леман, Регель, Тарда, Зинаида және тағы басқа қызғалдақтар даламыздың сәні. Біздің облысымыздың жабайы қызғалдақтарды сақтау мен қорғауда үлкен әлеуеті бар. Өйткені облыс аумағында қызғалдақтың 18 түрі өседі, оның ішінде 10 түрі Қызыл кітапқа енгізілген. Түркістан мен Алматы облыстарында жабайы қызғалдақтардың 16 түрі өседі. Сондықтан өңіріміз жабайы қызғалдақтардың көлемі, әртүрлілігі, байлығы және бірегейлігі бойынша көш бастап тұр. Әсіресе Регель және Зинаида қызғалдақтары ерекше назар аудартады, өйткені олар тек осы аймақта өседі. Қаратау жотасындағы тауларда Альберт, Регель, Күйік және Ортопод қызғалдақтарының 4 эндемик түрі өседі, – дейді Жомарт Жайдақұлы.

Шындығында да облысымыз әлемдік қауымдастық тарапынан Грейг қызғалдағының отаны ретінде танылып отыр екен. Грейг қызғалдағы қызғалдақтардың патшасы болып саналады. Голландияда қызғалдақтың бұл түрінен 300-ден аса мәдени сорты шығарылған. Қызғалдақ түрін көбейтуге Голландия қаншалықты көңіл бөлетінін осыдан байқауға болады. Ал бізде табиғат өзі берген дала байлығына жеткілікті деңгейде құрмет көрсетілмейді.

Көктем келісімен шөлдерде, дала және таулы алқаптарда еліміздің сұлулығы мен мақтанышы – қызғалдақтар гүлдей бастайды. Алайда көп адамдар білместіктен бұл нәзік гүлді жұлып, өздерімен алып кетіп жатады. Осы себепті бүгінгі таңда жабайы қызғалдақтар тым азайып барады. Тіпті қызғалдақтардың кейбір түрлерінің жойылып кету қаупі де бар. Сондықтан экологиялық сауаттылықты жақсарту және адамның табиғат алдындағы экологиялық жауапкершілігін арттыру маңызды мәселе болып отыр.

Таулы жерлердің ғажайып көркі мен тамылжыған табиғаты аясында өсіп тұрған жабайы қызғалдақтардың табиғи ландшафттарын сақтап қалу – баршамыздың ортақ міндетіміз. Фестивальді өткізудегі басты мақсат та осы.

Ауқымды іс-шара барысында қандай ойын-сауық бағдарламалары жоспарланғанын білу мақсатында облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаевпен аз-кем тілдескен болатынбыз. Басқарма басшысының айтуынша, фестивальдің негізгі мақсаты – өңірдің туризм саласын дамыту, қызғалдақтың табиғи өсу ортасын сақтау және қазақ халқының мәдени мұрасын келешек ұрпаққа жеткізу.

– Фестивальға Германия, Украина, Түркия, Қырғызстан, Ресей, Иран және Голландиядан шетелдік қонақтар қатысады деп күтілуде. Бұл халықаралық деңгейдегі ауқымды іс-шара екі күнге жоспарланған. Бірінші күні ғылыми конференция өтсе, екінші күні мәдени-көпшілік іс-шаралармен жалғасады.  Атап айтқанда, 2 мамырда ұйымдастырылатын «Қызғалдақ мұра» атты ғылыми конференцияда қызғалдақ өсімдігінің экожүйедегі орны, тарихи және биологиялық ерекшеліктері, сондай-ақ оны сақтау жолдары талқыланбақ. Бұл жиында Қазақстан Республикасының Ғылым академиясының ғалымдары, ЮНЕСКО ұйымының өкілдері, шетелдік және отандық ғылыми сарапшылар қатысып, өз баяндамаларын ұсынады. Конференция модераторы – Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің ректоры Махметғали Сарыбеков. Басқосу барысында «Жамбыл облысы – Қызғалдақ патшасының отаны», «Жамбыл облысы Тараз қаласының эндемиктері», «Тарихи-мәдени мұраны сақтау және «Қаратау» геопаркін құру» секілді тақырыптар төңірегінде пікір алмасу жоспарланған: Конференцияға қатысатын негізгі қонақтардың қатарында «Жауқазын» халықаралық қоғамдық қорының құрылтайшысы Яхия Тулешов, Германияның Кассель университетінің профессоры, ботаник Фрейтаг Хелмет, Голландиядағы «HBM» компаниясының менеджері Марсель Пьечна, биология ғылымдарының кандидаты, Ресей жаратылыстану академиясының профессоры Анна Иващенко, Ж.Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінің география, экология және туризм факультетінің кафедра меңгерушісі Алмагүл Кендирбаева бар. Конференция аясында қонақтар үшін арнайы экскурсиялық тур ұйымдастырылады. Атап айтқанда, қонақтар «Айша бибі» кесенесі, «Қазақ хандығы» монументі, «Қарахан» кесенесі, «Көне Тараз» археологиялық паркі, «Көне Тараз тарихи-этномәдени» кешені, «Тектұрмас» этно-тарихи кешенін аралап, Жамбыл өңірінің бай тарихи-мәдени мұраларымен танысады, – дейді А. Сейсебаев.

Фестивальдің екінші күні, яғни 3 мамырда, Талас ауданының Есейхан ауылында Қаратау тауының бөктерінде негізгі мәдени іс-шаралар өтеді. Бұл күні қызғалдақ алқабында ұлттық киіз үйлер тігіліп, алтыбақандар орнатылады, арнайы сахна құрылып, түрлі көрмелер мен шеберлік сабақтары ұйымдастырылады. Мәдени бағдарламалар аясында флористика, сән үлгілері, ұлттық спорттық ойындар мен салт-дәстүрлер көпшілік назарына ұсынылады.

Фестиваль аясында 10 киіз үй қолөнершілерге беріледі. Бұл киіз үйлерді облыстың қолөнершілер бірлестіктері мен аудандардан келген шеберлер пайдаланады. Атап айтқанда, «Шебер шаңырақ» мүгедектер бірлестігі, «Qoloner Taraz» қоғамдық бірлестігі жәнеТалас ауданынан келген шеберлерге екі-екіден, қалған аудандардың өкілдеріне бір-бірден киіз үй беріледі. Мұндағы мақсат – өңірлік қолөнердің даму деңгейін көрсету, ұлттық бұйымдарды насихаттау және сауда-саттықты ұйымдастыру.

Ерекше атап өтерлігі, ауыл тұрғындары мен қонақтар үшін фестиваль өтетін орынға дейін және кері қайтатын арнайы автобустар мен спринтерлер ұйымдастырылады. Олар Тараз қаласындағы «МART» сауда үйінің алдынан таңғы 07:00-ден 08:00-ге дейін жүреді. Бұл көліктердің сыртына арнайы логотиптер жапсырылады, ал олардың қозғалысын тәртіп сақшылары қадағалап отырады.

Ұлттық спорт жарыстары – фестивальдің басты бағыттарының бірі. Атап айтқанда, аударыспақ, қазақ күресі (әртүрлі салмақ дәрежелері бойынша), қошқар көтеру, қол күресі, дәстүрлі садақ ату, арқан тарту, асық ату және тазы иттер жарысы ұйымдастырылады. Әр спорт түрі бойынша жүлделі орын иегерлеріне 200 000, 100 000 және 50 000 теңгеден сыйақы беріледі. Жарысты ұйымдастыру мен қауіпсіздік шараларын облыс әкімдігі денешынықтыру және спорт басқармасы, сондай-ақ Талас ауданы әкімдігі өз жауапкершілігіне алған.

– Фестиваль барысында өтетін ерекше рәсімдердің бірі – «Қымызмұрындық». Бұл қазақ халқының көктемде алғаш қымыз ішу дәстүрін жаңғыртуға бағытталған. Бұл үшін арнайы 15 сауынды биеге арналған қоршау салынған. Алаңда ұлттық нақышта безендірілген сахна, көрермендерге арналған 100-150 адамдық аймақ және қымыз дайындауға арналған шеберлік сыныптары өткізіледі. Қатысушылар арасында «Үздік бие сауушы» байқауы да өтеді. Жеңімпаздарға дипломдар мен естелік сыйлықтар табыс етіледі. Сол секілді «Қазық қағу», «Бие байлау» салт-дәстүрлерімен бірге, «Қымыз ашыту» шеберлік сыныбы көрсетіледі. Фестиваль кезінде ерекше назар аударатын тағы бір іс-шара – киіз басу өнерін Қазақстан Рекордтар кітабына (КИнЭС) 100 қолөнерші 20x10 метрлік киіз жасауда. Бұл жұмыс фестиваль кезінде аяқталып, Қазақстанның ең үлкен қызғалдақ бейнесі бедерленген киізі ретінде тіркеледі. Бұл киіз кейін халықаралық «Әулиеата» әуежайына қойылады. Ауқымды жиын аясында флористика бағыты бойынша өтетін шеберлік сабақтар бұл табиғат пен экологияны қорғауға бағытталған мазмұны терең іс-шараға айналады. Сахнада тікелей көрерменнің көз алдында гүл композицияларын жасау арқылы Инна Гуляева, Марсель Пьечна және Петр Анохин секілді тәжірибелі мамандар флористика өнерінің тек сән үшін емес, табиғатпен үйлесімді өмір сүрудің бір жолы екенін көрсетеді. Әрбір гүл, әрбір жапырақ табиғаттың нәзік бөлігі болғандықтан гүл композицияларын құрастыру кезінде экологиялық таза, жергілікті табиғи материалдарды пайдалану, сирек кездесетін өсімдіктерді ысырап етпеу, қайта отырғызу мен қорғау принциптері насихатталады. Бұл шеберлік сабақтары экологияға деген жауапкершілікті арттырады. Жастар мен келушілер гүлдің сұлулығына тамсанып қана қоймай, табиғатты құрметтеу мен сақтаудың жолдарын үйренеді. Сонымен қатар фестиваль кезінде флористика саласындағы халықаралық келісімдерге қол қойылмақ. Бұл шешім экологиялық мәдениетті қалыптастыру, тұрақты даму принциптерін енгізу және биологиялық әртүрлілікті сақтауға бағытталған. Келісімдер арқылы Қазақстан ғана емес, басқа елдер де өзара тәжірибе алмасып, сирек кездесетін өсімдіктерді қорғау, жасыл технологияларды дамыту және табиғатты сақтауға бағытталған ортақ жобаларды жүзеге асырады. Сән көрсетілімі де осы күні өтеді. Жергілікті 14 дизайнер заманауи және ұлттық стильде тігілген киім үлгілерін көрсетеді. Жалпы 50 модель қыз сахнада түрлі бағыттағы сән үлгілерін таныстырады, – дейді Аспандияр Мұраталыұлы.

Фестивальдің соңында гала-концерт ұйымдастырылып, жеңімпаздар мен қатысушылар марапатталады. Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармония әртістері концерттік бағдарлама ұсынады. Жеңімпаздар қатарында спорт жарыстарына қатысқандар, үздік қолөнершілер, киіз басу акциясына атсалысқандар, флористика және сән бағытының үздіктері болады. Қазақстан Рекордтар кітабының өкілі арнайы сертификат тапсырады.

Ауқымы кең, мазмұны терең бұл фестиваль облыс тұрғындарының ғана емес, қонақтардың да ерекше қызығушылығын туғызып отыр. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл тек бірреттік шара емес, болашақта дәстүрлі түрде өтетін тұрақты фестивальге айналмақ. Аспандияр Сейсебаев мұндай іс-шаралар арқылы экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және өңірдің халықаралық беделін көтеруге қатысты тиісті жұмыстар жүргізілетінін атап өтті.

«АУЫЛ» партиясы облыстық филиалының жетекшісі Айгерім Сәрсенбаева бұл фестиваль ұлт ретіндегі рухани байлығымызды, туған жеріміздің сұлулығын әлемге паш ететін үлкен мәдени оқиға екенін айтады.

– Әулиеата – әлемде сирек кездесетін қызғалдақтың отаны. Қаратау бөктерінде өсетін Грейг қызғалдағы – тек бізге ғана тән, ерекше өсімдік. Бүгінгі фестиваль осы табиғи мұраны қорғап, келер ұрпаққа жеткізуге бағытталған. Осы керемет бастаманың бір бөлігі ретінде «Ауыл» партиясы да өз үлесін қосып келеді. Фестиваль аясында біз облыс әкімдігімен бірлесіп ұлттық спорттық жарыстар мен ауыл ойындарын ұйымдастырғалы отырмыз. Ұлттық ойындар – халқымыздың көне дәстүрін жаңғырту, жастарымызды спортқа баулу және табиғатпен етене байланыста болуға тәрбиелеудің бір жолы. Бұл іс-шара қала мен ауыл арасындағы байланысты нығайтып, әсіресе ауылдан шыққан азаматтардың туған жерге деген сағынышын басуға, ауыл өмірін насихаттауға үлкен сеп болады. Түптеп келгенде, біздің мақсатымыз – табиғатқа деген құрметті арттыру, экотуризмді дамыту және Жамбыл өңірін халықаралық деңгейде таныту, – дейді А.Сарсенбаева.

Ал «QOLONER TARAZ» қоғамдық бірлесігінің төрайымы Раушан Құндызбаева фестиваль аясында 5 қолөнершілер бірлестігі қазақтың мұрасын шетелдіктерге таныстыратынын айтты.

– Саралап айтқанда Анар Бексұлтанова төрағалық ететін «Шебер шаңырақ» мүгедектер қоғамдық бірлестігі, Гүлнұр Абдуллаеваның жетекшілігімен жұмыс істейтін «Өшпес мұра» облыстық қолөнершілер ассоциациясы, төрағасы Серік Бейсенов «Жамбыл облысы қолөнершілер одағы» қоғамдық бірлестігі, Әсел Даулбаева төрағасы болған «Ala'ns Qoloner» мүгедектер қоғамдық бірлестігі шараға үлесін қоспақ. Аталған бес ұйым бірлесіп, алда өтетін «Қызғалдақ мұра» халықаралық фестивалі аясында ерекше жобаны қолға алды. Бұл жобаның басты мақсаты – Қазақстанды және Тараз қаласын халықаралық деңгейде танытып, қазақтың киіз үйін Қазақстан Рекордтар кітабына енгізу. Ол үшін біз жүннен жалпы көлемі 200 шаршы метр болатын алып киіз басып, бірегей туынды жасап жатырмыз. Бұл бастаманы алғаш болып облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев ұсынған болатын. Орынды идеяны қолөнершілер бір ауыздан қолдап, 2024 жылдың ақпан айынан бастап жұмысқа білек сыбана кірістік. Жүзден аса қолөнер шебері, өңірдің танымал дизайнерлері жұмылып, ақпан, наурыз, сәуір айларында тынымсыз еңбек етті. Қазіргі сәтте киіз басудың соңғы кезеңі жүріп жатыр. Әрбір деталі мұқият ойластырылған бұл туынды – ата-бабамыздан қалған киіз басу дәстүрінің заманауи үлгісі болмақ. Киіздің дизайнына ерекше үлес қосқан маман – Айдархан Қалиев. Айдархан мырзаның кәсіби шеберлігі мен көркем талғамы арқасында болашақ туындының көркемдік мазмұны жоғары деңгейге көтерілді. Алып киіздің нақты кескіні мен дизайны әзірге құпия болып қала берсін. Бірақ бұл киіз – жай ғана өнер туындысы емес, ол – ұлттық мұрамызды ұлықтаған, ұрпаққа аманат болар тарихи еңбек, – дейді қолөнерші Р.Иманәліқызы.

Бұл күні жүздеген шебер бір мезетте 200 шаршы метрлік алып киізді басып, КИнЭС кітабының рекордын жаңартпақ. Қолөнершілер атаққа құмартып емес, қазақ халқының бай мәдени мұрасының бір бөлігі болып табылатын киіз басу өнерін кеңінен таныстыру, оның дәстүрлі әдістерін сақтау және ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу, сондай-ақ ұлттық қолөнеріміздің құндылығын әлемдік деңгейде мойындату жолында еңбек етіп жатқанын айта кеткен жөн.

Қызғалдақ – көктемнің көркі ғана емес, ұлттың жады, даланың үні, рухтың тынысы. Қаратаудың етегінде құлпырып өсіп тұрған осы гүлдер – ата-бабамыздан қалған табиғат аманаты, болашаққа жол тартқан тірі шежіре. Сондықтан да ұйымдастырушылар «Қызғалдақ мұра – 2025» фестивалі арқылы тек табиғатты қорғап, ұлттық өнерді ұлықтап қана қоймай, ұрпақ санасына туған жерге деген сүйіспеншілік пен жауапкершілік сезімін сіңіруді мақсат етіп отыр. Табиғат пен өнер тоғысқан бұл айтулы мереке әрбір қонаққа шабыт сыйлап, рухани қуат береді, дала байлығы – қызғалдақ, келушілерін нәзік сұлулығымен қуантады деп сенеміз.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар