
Ашық аспан астында өткен іс-шараға Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, айтыскер ақын Есет Досалы қазылық етті. Поэтикалық батл Мұқағали Мақатаевтың «Есіңе мені алғайсың» әніне дайындалған композициялық қойылымнан бастау алды.
Батлға қатысқан өңірдің 18-25 жас аралығындағы жас ақындары «Өлең –сөздің патшасы, сөз сарасы», «Өлең деп өмір сүремін», «Сөз маржанын теремін», «Қиыннан қиыстырар» сынды 4 кезең бойынша өз бақтарын сынады.
Сонымен қатар кітапхананың белсенді оқырмандары Дарын Тайбағар Мұқағали Мақатаевтың «Отан», Қажымұхан Сарсенов Мұхтар Шахановтың «Отырар» поэмасын нақышына келтіріп мәнерлеп оқып берді.
Жиынға қатысушы жас ақындар шапшаңдық танытып, тақырыпқа сай берілген сұрақтарға мүдірмей жауап беріп жатты. Сондай-ақ өз өлеңдерін оқырмандарға тарту етіп, көрермендердің сүйіспеншілігіне бөленді. Ұйымдастырушылар көрермендер арасында көркем әдебиет жанры аясында ойын ойнатты.
Іс-шара соңында «Жас қаламгер», «Жас дарын», «Көрермен көзайымы», «Арнау шебері», «Тапқырлық шебері», «Ең үздік өлең-шумақтары», «Тіл шебері», «Үздік жас ақын» сынды түрлі номинациялар бойынша қатысушылардың барлығы марапатқа ие болды.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ