
Соңғы айларда облысымызда жер сілкінісі жиілеп, әлі де үрей құшағынан шыға алмай жүрген тұрғындар бар. Мәселен 28 наурыз күні түнде облысымыздың бірқатар ауданы мен Тараз қаласында жер сілкінісі тіркелді. Дүмпу күші Меркі ауылында 5 балға жетсе, Құланда 4, Тараз қаласында, Шу, Қордай және Мойынқұм аудандарында 2 балл болды.
Меркі ауданының тұрғыны Бүркіт Шүрегеев жер сілкінісінің қатты болғанын, тіпті үйге кіруге қорқып қалғанын жеткізді.
– Түнгі сағат төрттер шамасында қонақтан келіп, жатуға ыңғайланғаным сол еді, бойымды біртүрлі жайсыздық билей бастады. Алғашында бұл жайсыздықтың себебін түсіне алмадым. Себебі үйіміз тура үлкен жолдың бойында болғандықтан көлік қозғалысы бір сәтке де тоқтамайды. Сондықтан алғашында әдеттегі көліктің даусынан өзгеше ештеңе байқай қоймадым. Әлдебір дірілді көлік дүмпуінен деп қабылдап, жата бердім. Алайда арада бірнеше минут өтпей жатып, діріл күшейіп, үй ішіндегі жиһаздар қозғала бастады. Жиһаздардың орнынан қозғалғаны былай тұрсын, үйдің өзі төңкеріліп кететіндей күй кештік.
Жағдайдың тым күрделі екенін сезген соң, бірден үйдегілерді оятып, сыртқа шығуға асықтық. Абырой болғанда барлығымыз аман-есен далаға шығып үлгердік. Ең бастысы ешкім зардап шеккен жоқ. Дегенмен осы бір қысқа ғана сәттің өзі бойымызда үлкен үрей қалдырды. Жер сілкінісінен кейін біраз уақыт үйге қайта кіруге батылымыз жетпеді, – дейді тұрғын.
Бұл дүмпу Тараз қаласының тұрғындарын да бейжай қалдырмады. Қала көшелерінде кездескен әрбір екінші адам түнгі оқиғаны еске алып, сезінген қорқынышын ашық айтып жатты. Осыған байланысты облыстық төтенше жағдайлар департаментінің Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы, майор Жалғас Абдуалиев мәлімдеме жасап, орын алған жер сілкінісінің сипатына және алдын алу шараларына тоқталып өтті. Оның айтуынша бұл табиғи құбылыстан зардап шеккендер тіркелмеген.
– 28 наурыз күні сағат 03:42-де тіркелген алғашқы жер сілкінісі түнгі тыныштықты бұзып, тұрғындардың түн ұйқысын төрт бөлгені рас. Сол күні сағат 15:56-да табиғи құбылыс қайта қайталанды. Сейсмологиялық мәліметтерге сәйкес дүмпулердің магнитудасы 2-5 балл аралығында тіркелді. Жер сілкінісі Меркі және Т.Рысқұлов аудандары аумағында айқын сезіліп, халық арасында алаңдаушылық тудырды. Апат салдарынан адам шығыны тіркелмеді. Табиғи апаттан кейін шұғыл әрекет ету мақсатында мамандар жедел түрде жұмылдырылып, халықты құлақтандыру шаралары қолға алынды. Бірден төтенше жағдайлар жөніндегі жедел штаб құрылып, өңірлік департамент базасында жедел байланыс желісі іске қосылды. Апат ықтималдылығы жоғары нысандар мен тіршілікті қамтамасыз ету объектілері бойынша дереу ақпарат жинақтау ұйымдастырылды. Бұл шаралар зардаптың алдын алу және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жүргізілді. Құрылыс алаңдары, әлеуметтік нысандар, көлік инфрақұрылымы, соның ішінде автожолдар мен теміржол желілерінің техникалық жай-күйі жіті бақылауға алынды.
Сонымен қатар тұрғындардан келіп түскен өтініштер мен шағымдар мұқият қаралып, жер сілкінісі салдарынан бүлінген тұрғын үйлер мен мекемелерді анықтау жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 12 жеке тұрғын үй мен 5 мемлекеттік мекеменің зақымданғаны белгілі болды, – деген Жалғас Бекмұратұлы келесі кезекте әлеуметтік желілерде жер сілкінісіне қатысты алыпқашпа ақпарат көп тарағанына тоқталды.
– Төтенше жағдайлар департаментінде төтенше жағдайларға ден қою мақсатында арнайы алгоритмдер бекітілген. Бұл алгоритмдер тек қана департамент қызметкерлерінің ғана емес, сондай-ақ барлық деңгейдегі мемлекеттік органдар мен азаматтық қорғау құрылымдарының үйлесімді іс-қимылын қамтамасыз етуге бағытталған. Қазіргі таңда зардап шеккен азаматтарды қабылдауға арналған арнайы пункттер ұйымдастырылып, тиімді жұмыс істеуде.
Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде жер сілкінісіне қатысты түрлі сипаттағы ақпараттар легі айтарлықтай артты. Дегенмен бұл мәліметтердің барлығы шынайы ақпаратқа сай келе бермейді. Иә, жер сілкінісінің тіркелгені анық. Алайда әлеуметтік желілерде тарап жатқандай, мұндай табиғи апаттар апта сайын қайталанып жатқан жоқ. Әрине ешқандай дүмпу орын алмағаны жақсы. Дегенмен облысымыз 7-8 баллдық жер сілкінісіне тәуелді аймақ болып есептеледі. Таулы өңірге тән бұл табиғи сипат өкінішке қарай осындай төтенше жағдайлардың қайталану ықтималдылығын жоғарылатады.
Осыған орай төтенше жағдайлардың туындау мүмкіндігін ескере отырып, тұрақты дайындық шаралары жүргізілуде. Бұл бағытта халықты алдын ала құлақтандыру, қауіпсіздік ережелерін түсіндіру және төтенше жағдайлар кезіндегі әрекет ету алгоритмдерін насихаттау жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.
Халыққа арналған нұсқаулықтарға сәйкес сирена қосылған сәтте ең алдымен теледидар немесе радионы қосып, ресми ақпарат көздерінен нақты жағдайды білу қажет. Ақпарат көздерінде қандай төтенше жағдай тіркелгені, оның ауқымы мен қауіптілік деңгейі туралы толыққанды мәліметтер ұсынылады. Жағдай нақтыланғаннан кейін тұрғындар қауіпсіз жерге, ашық алаңдарға бет алуы тиіс. Көпқабатты тұрғын үйлерде тұратын азаматтарға лифтіні қолдануға қатаң тыйым салынады. Себебі электр қуаты үзіліп немесе ғимарат құрылымы зақымдалуы мүмкін. Сонымен қатар жер сілкінісі кезінде баспалдақпен түсу де қауіпті болуы ықтимал. Себебі баспалдақтың бүліну қаупі жоғары. Сондықтан баспалдақты тек дүмпу толық басылғаннан кейін ғана пайдалануға болады.
Осы және өзге де қауіпсіздік шараларын халыққа жеткізу мақсатында тұрақты түрде түсіндіру, ақпараттандыру және үйрету бағытындағы шаралар қолға алынуда. Төтенше жағдай кезінде әрбір азаматтың дұрыс әрі жедел әрекет етуі өзінің және айналасындағылардың өміріне тікелей әсер ететін басты фактор, – дейді Жалғас Бекмұратұлы.
Ал Сейсмологиялық байқаулар мен зерттеулердің ұлттық ғылыми орталығына қарасты Жамбыл және Түркістан облыстарының сейсмостанциялар бөлімінің бастығы Владимир Шарапов жер сілкінісінің орын алуы мен оның анықталу барысына тоқталды.
– Барлық деректерді өңдеу Алматы қаласында жүргізіледі. Яғни бақылау операторлары тәулік бойы топырақ тербелістерінің жазбасын бақылап, деректерді Алматыдағы арнайы орталыққа жіберіп отырады. Ал жер сілкінісі болған жағдайда орын алу аумағы нақтыланып, Төтенше жағдайлар министрлігіне хабарлама жіберіледі. Әр сейсмостанцияларға, яғни белгілі бір аумақтарға арнайы сейсмодатчиктер орнатылған. Мұндай құрылғылар жер қыртысының жылжуын тіркейді. Одан кейін компьютерлік өңдеу жүргізіліп, эпицентрге дейінгі қашықтық, тереңдігі және осы стансадан бағыт анықталады, сондай-ақ эпицентрдегі энергия мөлшері есептеледі. Бір станса толық ақпарат бере алмайды. Сол себепті жер сілкінісі орын алған аумаққа жақын бірнеше стансаның ақпараты жинақталады.
Жамбыл облысы сейсмикалық белсенді аймақ болғандықтан жер сілкінісі үнемі болып отырады. Көбіне мұндай дүмпулер байқалмайды, – дейді Владимир Викторович.
Әрине табиғи апаттардың орын алмағанын тілейтініміз анық. Алайда мұндай уақытта аранайы нұсқаулықты орындау өзіміз үшін пайдалы. Ал «жер сілкінісі орын алды» деп арнайы мамандардың шешімінсіз жалған ақпарат таратып, халық арасында үрей туғызу опа таптырмайтыны белгілі. Мұндай жағдайда қылмыстық жауапкершілікке тартылуыңыз да мүмкін.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ