
Аружан 100 метрді 12 секундта еңсеріп, 30 метр қашықтықта орналасқан үш нысананы да дәл көздеген. Бұл нәтиже халықаралық деңгейдегі мамандар тарапынан мойындалып, Гиннестің рекордтар кітабына тіркелді. Осы тарихи сәтті арнайы төрешілер бақылап, барлық талаптардың орындалғанын растады. Бұл жетістік тек Аружанның ғана емес, бүкіл қазақ халқының ұлттық спорттағы үлкен жеңісі болды
Ата-анасы малшаруашылығымен айналысқандықтан, Аружан бала күнінен жылқыға жақын болып өсті. Жуас атқа мінгеннен гөрі асау тайды үйретуге, оны өзіне бағындыруға көбірек қызығатын.
Жеткіншек кезінде бәйгеге де қатысып, жеңіс тұғырынан көрінген. Ауылдастарымен бірге ұйымдастырған бір бәйгеде күнделікті шаруаға мініп жүрген қарапайым атымен жүйріктердің бәрін шаң қаптырып, алға суырылып шыққан сәті де есінде. Соңғы айналымға шыққанда өздерінің ұйымдастырған бәйгесінде жүлдені жеңіп алуды ұят санап, әдейі артта қалуды жөн көрген. Бірақ бәйгеге деген құштарлығы басылған емес, кейін де түрлі жарыстарда жүлделі орындарға ие болып жүрді.
Ұлттық спорт түрлеріне қызығушылығы Аружанды Алматыға келген соң «Топжарған» этно-өнер орталығына алып келді. Орталық басшысы Ғабит Таңатов атқа мінетін қыздарды іздеп, Аружанмен хабарласады. Сөйтіп Аружанды орталыққа жұмысқа шақырды. Өзінің сүйікті ісімен айналысуға мүмкіндік туған соң, ол бірден келісімін берді. Осы орталықта жүріп, Аружан садақ атуды меңгеріп, жамбы ату спортына ден қойды. Бірде орталық басшысы оған түйе үстінде садақ ату идеясын ұсынды. Бұл бұрын-соңды жасалмаған трюк болғандықтан, ерекше жаттығуды талап етті. Бірақ Аружан еш ойланбастан осы ұсынысты қабылдап, түйеге мініп жамбы атуға машықтанды.
– Жамбы ату – атқа міну мен садақ атуды біріктіретін ерекше спорт. Ат үстінде жамбы ату үйреншікті іс болса, түйе үстінде садақ тарту мүлде басқа дүние. Түйе желген кезде аттағыдай тұрақтылық болмайды, бұл тепе-теңдікті сақтауды қиындатады. Дәл көздеу үшін түйенің қимылын толық сезініп, оған үйлесім тауып отыру керек, – дейді Аружан.
Түйе үстінде жамбы атуға арналған жаттығулар үш жарым айға созылады. Алдымен асау түйені үйретіп, содан кейін садақ тартуға машықтанды. Одан кейін түйе үрікпесін деп, оны жамбы атуға бейімдеу жұмыстары жүргізілді. Барлығы сәтті аяқталған соң, Алматы қаласында ресми түрде рекорд орнату шарасы өтті.
Аружан ұлттық спортты одан әрі дамытуды көздейді. Ол өз жетістігі арқылы қазақ қыздарының да садақ ату, ат спортында, ұлттық ойындарда биік белестерді бағындыра алатынын дәлелдегісі келеді. Қазіргі таңда ол жас қыздарға жамбы атуды үйретумен айналысады. «Топжарған» этно-мәдени орталығы да бұл бастаманы қолдап, қазақтың дәстүрлі спортын әлемге таныту жолында тың жобаларды жүзеге асыруды жоспарлауда.
– Менің арманым – жамбы атудың жаңа әдістерін меңгеріп, бұл спорттың дамуына үлес қосу. Қазақтың батыр қыздары да садақ атып, атқа мінген. Біз сол дәстүрді жаңғыртып, әлемге қазақтың ұлттық спортының теңдесі жоқ екенін көрсетуіміз керек, – дейді Аружан.
Бұл ерекше жетістік – қазақ халқының ұлттық мұрасының жандануының жарқын көрінісі. Аружанның табандылығы мен қайсарлығы ұлттық спортымыздың одан әрі дамуына жол ашары сөзсіз.
Айжан ӨЗБЕКОВА