Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Адамның асылы ісінен білінеді

Адамның асылы ісінен білінеді
Ашық Дереккөз
Қоғамда ер-азаматтармен иық тірестіре еңбек етіп жүрген нәзікжандылар кез келген салада табылады. Жалпы әйелдің қоғамдағы орнының қаншалықты маңызды екені бұған дейін де айтылып та, жазылып та жүр. Десе де қайсарлық пен табандылықты, адал еңбек пен үлкен жауапкершілікті жанына жалау еткен қыз-келіншектер қандай құрметке болсын лайық. Мереке қарсаңында осындай бірнеше нәзікжандының өмір жолына үңіліп, қоғамдағы орнын айшықтап, оларды өзгелерге үлгі етуге тырыстық.

КӘСІПКЕРЛІКТІҢ КӨШІН ІЛГЕРІЛЕТКЕН КЕЛІНШЕК

Біз сөз еткелі отырған кейіпкеріміз – «Әулиеата – Феникс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылтайшысы Фарида Жүнісова. Бюджетке салық төлеп, жаңа жұмыс орындарын ашып, ел экономикасына елеулі үлес қосып келе жатқан кәсіпкердің қоғамға бергені де, берері көп. Сондықтан да оған «AMANAT» партиясы атынан облыстық мәслихаттың жетінші шақырылымына депутат болуға ұсыныс түскені анық. Бүгінде халық қалаулысы ретінде келелі мәселелерді биік мінберде қозғап, тұрғындар аманатын билікке жеткізуде өз міндетін абыроймен атқарып жүрген Фарида Амансарықызының өмір жолына үңілсек, оның тұлға болып қалыптасуына өскен ортасы, бала күнінде берілген тәлім-тәрбие ықпал етсе керек. Оның ата-анасы Сарысу ауданында қызмет істеп жүргенде көңіл жарастырып, шаңырақ көтерген екен. Балалық шағы қайда өткенін әңгімелеген Фарида Амансарықызы отбасында алты бала тәрбиеленгенін, бір әпкесі, екі сіңлісі, екі інісі бар екенін сөз етті.

– 1969 жылы Сарысу ауданының Жайлаукөл ауылында дүниеге келдім. Өзім үш баланың анасымын, екі қызым, бір ұлым бар. Үлкен қызым тұрмыста, Алматы қаласында тұрады. Ортаншы қызым мен ұлым да Алматыда студент. Атам мен анам сауда-саттық саласында еңбек етті. КСРО дәуірінде олар спорт тауарлары қоймасында жұмыс істеді. Әкем Сарысу ауданында экспедитор қызметін атқарып, кейін Тараз қаласында еңбек етті. Анам бастапқыда бала күтімімен айналысып, кейіннен сауда саласында қызмет етті. Балалық шағым негізінен нағашы жұртымда өтті. Үйдегілер кішкентай кезімде нағашыларымның қолына беріп, мен Жамбыл ауданы, Куйбышев кеңшарында (қазіргі Тастөбе ауылы) тәрбиелендім. Осы ауылда тоғызыншы сыныпқа дейін оқып, кейін Тараз қаласындағы Ибрай Мүсүліменов атындағы №37 мектепті тәмамдадым. Орта білімнен кейін Тараз қаласындағы есеп-статистика техникумына оқыға түсіп, осы оқу орнында 1987-1989 жылдар аралығында білім алдым. Кәсіпкерлікке келу жолым да бірден қалыптаса қойған жоқ. Бухгалтерлік есеп мамандығы бойынша техникумды бітірген соң, Жамбыл ауданынның тұтынушылар одағына қарасты дүкенде меңгеруші болып жұмыс істедім. Жоғары оқу орнын тұрмыс құрғаннан кейін Павлодар қаласында жалғастырдым. 1994-1995 жылдары елдегі экономикалық өзгерістерге байланысты көптеген кәсіпорындар тарап, халық сауда-саттыққа бет бұрды. Павлодар қаласында жүріп мен де жеке кәсіпке бет бұрып, сол жақта зауыт аштым. Себебі заман ағымы тұрақты әрі болашағы бар кәсіп ашу керектігін ұқтырды. 2011 жылы ет бағытындағы құс фабрикасын іске қосу мақсатында туған жеріме қайта оралдым. Осы оймен түрлі көрмелерге, семинарларға қатысып, өңірдегі бизнес мүмкіндіктерін зерттей бастадым. Сол кезде өңірде бос тұрған, пайдаланусыз қалған құс фабрикаларының көп екенін байқадым. Өзімнің екі жоғары білімім де бухгалтерлік есеп және аудит саласымен байланысты болғандықтан, нарыққа терең талдау жүргізіп, аймақта құсшаруашылығын дамытуға мүмкіндік бар екенін түсіндім. Осылайша, Жамбыл ауданы6 Мырзатай ауылында сатылымға шыққан құс фабрикасы туралы ақпаратты естіп, нысанмен танысып, оның мүмкіндіктерін бағаладым. Жобаның болашағы зор екенін іштей түйсініп, фабриканы сатып алу туралы шешім қабылдадым, – дейді ол.

Бастапқыда кәсіпкердің туған өңірінде жұмыртқа бағытындағы құс фабрикасын ашу туралы ойы болыпты. Осы ой жетегімен тиісті басқарма, әкімшілікке барып кеңес алған. Сол кезде тиісті тараптан өңірде жұмыртқа емес, ет бағытындағы құс фабрикасын ашу туралы ұсыныс түсіпті. Өйткені өңірде жұмыртқа өндірісі бар болғанымен, құс етін өндіру саласы әлі дамымаған кез екен.

Осы бағытта жан-жақты талдау жасап, зерттей бастадым. Түрлі көрмелер мен семинарларға қатысып, шетелдік және отандық құс фабрикаларының жұмысын көзбен көріп, технологиясын үйрендім. Қандай құрал-жабдық қажет, ғимараттар қалай салынуы керек, барлығын жіті зерттедім. 2012-2013 жылдары біздің жобамыз қаржыландырылып, құрылыс жұмыстары басталды. 2015 жылдың желтоқсанында алғашқы қуаттылығы 3,5 мың тонна болатын құс фабрикасын іске қостық. Кейін өндіріс көлемін ұлғайту мақсатында 2018 жылы құрылыс жұмыстары жүргізіліп, сол жылдың соңында фабриканың қуаттылығы 8 мың тоннаға дейін артты. Бұл кәсіпорын Байзақ ауданы, Мырзатай ауылында орналасқан. Бройлер етін өндіретін құс фабрикасының қуаттылығы 2018 жылы 8 мың тоннаға жеткен болатын. Ал 2024 жылдың желтоқсан айында бұл көрсеткіш тағы 4 мың тоннаға ұлғайтылып, бүгінде фабрика жылына 12 мың тонна құс етін өндіретін деңгейге жетті. Өңірдегі кәсіпкерліктің дамуы айтарлықтай жоғары деңгейде. Жыл сайын жаңа кәсіпорындар ашылып, тың идеялармен келген кәсіпкерлердің қатары артып келеді. Біздің өңір аграрлық аймақ болғандықтан, кәсіпкерліктің басым бағыты – егіншілік. Оның ішінде қант қызылшасы, жүгері, пияз секілді дақылдардың өнімділігі жыл сайын артып келеді. Әсіресе соңғы жылдары қант қызылшасының өнімділігі екі есе артты. Бұл – шаруалардың кәсіби деңгейінің жоғарылағанының және заманауи суару технологияларын енгізудің нәтижесі. Қазіргі таңда су тапшылығына байланысты көптеген шаруашылықтар жерасты суын пайдаланып, тамшылатып және жаңбырлатып суару әдістеріне көшіп жатыр. Бұл тек қант қызылшасында ғана емес, басқа да дақылдардың өнімділігін арттыруға оң әсерін тигізуде. Ауылшаруашылығынан бөлек, өңірде өнеркәсіп саласы да қарқынды дамып келеді. Мәселен, Сарысу ауданында бірнеше ірі өндіріс орны іске қосылса, Шу өңірінде ірі химия паркі жұмыс істеп тұр. Бұл – индустриялық аймақ ретінде бірнеше ауқымды жобаны жүзеге асыруға мүмкіндік беріп отыр. Жалпы алғанда өңірдегі кәсіпкерліктің даму қарқыны орташа деңгейден жоғары деп айтуға болады, – деп ой бөлісті Ф.Жүнісова.

Қазіргі таңда аталған құс фабрикасында 247 адам жұмыс істейді екен. Орташа жалақы мөлшері 185-195 мың теңге аралығында. Қызметкерлерге әлеуметтік пакет қарастырылыпты. Ай сайын әрбір жұмысшыға 20 келі құс еті тегін беріледі. Сонымен қатар, кәсіпорында кәсіподақ ұйымы жұмыс істейді екен. Оның аясында қызметкерлерге санаторийлерге жолдамалар, мерекелік сыйлықтар беріліп келеді. Жұмысшыларға тегін тамақ ұйымдастырылып, арнайы көлік тасымалы да қарастырылған. Қызметкерлердің 60 пайызын әйелдер құраса, негізінен жұмыс күші жақын маңдағы ауылдардан тартылыпты. Ал басқарушы құрам мен технологтар, бас ветеринар мамандар Тараз қаласынан, сондай-ақ Өскемен, Семей секілді басқа өңірлерден шақырылған екен. Көптеген адамға тұрақты табыс көзін ұсынған кәсіпкердің өмір жолы кез келген адамға үлгі болатыны анық.

 

ӘКІМ БОЛСА ДА ӘЙЕЛ ЕКЕНІН ҰМЫТПАҒАН ЖАНАР

Қарасаз ауылдық округіне Қарасаз, Ақбастау, Жүрімбай, Көктас және Қарасу ауылдары кіреді. Аталған ауылдық округтің тұрғындар саны 3 587 болса, олардың арасында 13 түрлі ұлт өкілі бар. Осы ауылдық округті 38 жастағы Жанар Нұрмұратқызы басқарып отыр. Ол Өзбекстан Республикасы, Новаий облысы, Кенимех ауданы, Ақтөбе ауылында дүниеге келіпті. Ата- әжесі Қызылорда облысы, Шиелі ауданынның тумасы. Алайда 1932 жылғы нәубетте олар Өзбекстанға қоныс аударып, әкесі сол елде өмірге келіп, отбасын құрған. Қазақ елі тәуелсіздігін алғаннан кейін, яғни 1996 жылы наурызда отбасы туған жерге оралып, Жуалы ауданы, Бауыржан Момышұлы ауылынан қоныс теуіпті. Бүгінде ата-анасы екі ұл, үш қыз тәрбиелеп өсіріп, ұлды ұяға, қызды қияға қондырған жандар. Әкесі Нұрмұрат Елеусінұлы, анасы Рахат Тухтайқызы қазақ еліне қоныс аударғаннан кейін жұмыссыз, үйсіз қалып, тұрмысын қалыптастыру жолында көптеген қиындықтарды бастан өткерген. Әкесі түрлі жұмыстарды істеп, трактор да тізгіндеген. 2001 жылдан бастап әкесі Жүрімбай және Қарасаз ауылдарынан сүт жинау ісін қолға алып, сүт тасымалдаумен айналысатын кәсіпкер атанған. Осылайша оның отбасы тығырықтан біртіндеп шығып, жағдай тұрақтанған. Анасы сауыншы болып еңбек етіп, кейін зейнетке шыққан.

– Қарапайым шаруаның отбасында дүниеге келдім. Бүгінде ата-анам екі ұл, үш қыздан 13 немере сүйіп, өнегелі әулеттің ақылман қарияларына айналды. 1998 жылы Қарасаз ауылдық округіне қарасты Жүрімбай ауылына қоныс аударып, сол жылы Пушкин атындағы орта мектепке ауыстым. 2004 жылы мектепті аяқтап, Тараз қаласындағы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне оқуға түсіп, информатика мамандығы бойынша білім алдым. 2008 жылы аталған оқу орнын үздік аяқтап, сол жылы Жуалы ауданы әкімі аппаратына бас маман қызметіне жұмысқа орналастым. Бұл қызметті 2017 жылға дейін атқарып, сол жылдың қазан айында Қарасаз ауылдық округі әкімі аппаратының іс жүргізу және есеп бөлімшесінің басшысы лауазымына ауыстым. 2021 жылдың шілде айында, яғни 35 жасымда Қарасаз ауылдық округі әкімі лауазымына сайлауға түсіп, халықтың қолдауымен округ әкімі болып тағайындалдым. Әкімдік қызметте болған төрт жыл ішінде ауылдық округтің барлық ауылішілік жолдары ретке келтіріліп, көшелер толықтай жарықтандырылды. Барлық елді мекендерге ауызсу жүйесі толығымен тартылды. Халықтың тұрмыс деңгейін жақсарту мақсатында түрлі мемлекеттік бағдарламалар бойынша жұмыс атқарылып, округтің әлеуметтік-экономикалық жағдайы едәуір жақсарды. Отбасылымын, үш баланың анасымын. 2007 жылы тұрмыс құрып, бүгінде екі қыз, бір ұл тәрбиелеп отырмын. Ана болу – үлкен жауапкершілік, ал қызмет пен отбасыны қатар алып жүру әйелге одан да зор міндет жүктейді. Бірақ бұл мәселені жалғыз еңсерген жоқпын. Күйеуімнің қолдауын әрдайым сезініп, оның демеуінің арқасында осы жүкті абыроймен арқалап келемін. Өмірлік серігім Ерлан Сегізбаев Қарасаз ауылдық округіне қарасты Ақбастау ауылының тұрғыны. Демек, мен өз округімнің әрі қызы, әрі келінімін. Бұл мен үшін мақтаныш әрі үлкен жауапкершілік. Өз туған жерімнің өркендеуіне үлес қосу – жүрек қалауым, – дейді Жанар Нұрмұратқызы.

Ол ең алдымен отбасында, қоғамда өзінің әйел екенін ұмытпағанын айтады. Бала тәрбиесіне көңіл бөлу, ата-ене алдында келіндік міндетін атқаруды бір сәтке де естен шығармағанын тілге тиек етті.

– Мен анамын, мен әйелмін. Кейде нәзікпін, кейде ержүрек батырмын. Бұл өмір мәңгілік емес. Көптің жадында адал, іскер, жауапты, ақжарқын кейіпте, ал балаларымның есінде мейірімді, қамқор ана ретінде қалғым келеді. Мемлекеттік қызметкердің бос уақыты болмайды. Бос уақытым шектеулі болғанымен, балаларға бар жылуымды беруге, көңіл бөлуге тырысамын. Екі қызым, бір ұлым бар. Оларды тәрбиелеу – басты міндетім. «Қызға қырық үйден тыйым» дегендей, қыздарыма ұлттық тәрбиені бойларына сіңіруге ерекше мән беремін. Ал «Ұлға жеті өнер де аз» дегендей, ұлымның жан-жақты дамуына, ер-азаматқа лайықты тұлға болып өсуіне көңіл бөлемін. Қызмет бабында жүрген әйел үшін отбасы – әрдайым бірінші орында. Дегенмен, лауазымдық міндетімді атқару барысында табанды, қайсар болуға тура келеді, себебі бұл жерде қателікке орын жоқ, әрқашан жауапкершілікпен жұмыс істеу қажет. Бірақ адам сүйікті ісіне әрдайым уақыт табады. Бүгінде мен отбасы тіршілігіне де, қызметке де үлгеріп келемін, – деді ол.

Әкіммін демей қарапайымдылық қалпын сақтаған, ел көңілінен жағымды мінезі, іскерлік қабілетімен шыға білген Жанар Нұрмұратқызының өмір жолы осындай. Мемлекеттік қызмет пен отбылық қарым-қатынасты сақтай отырып, әйелге тән мейірім мен әкімге тән қажыр-қайратты үйлестіре білген осындай жандар ғана қоғамның тірегі бола алады.

ЖҰМЫСШЫ ДАҢҚЫНЫҢ АСҚАҚТАУЫНА ҮЛЕС ҚОСҚАН ДИНА

Қарапайым еңбек адамдарының қоғамның дамуына қосатын үлесі айрықша. Өндіріс орны, зауыттар мен фабрика және басқа да салада еңбек етіп жүргендер – ел экономикасына үлес қосушы негізгі жұмыс күші, әрі өркениет жолында тер төгіп жүргендер.

Осындай қажырлы еңбек иесінің бірі – Дина Мұхамбетова. Ол «Super pharm» зауытында еңбек жолын 2011 жылы қарапайым жұмысшы болып бастап, өз кәсібіне деген сүйіспеншілігі мен табандылығының арқасында цех басшысы деңгейіне дейін көтерілген. 14 жылдың ішінде 3жылдай жиынтықтарды ораумен айналысса, қазіргі уакытта қаптау цехын басқарып отыр.

Дина Бектұрғанкызы 1977 жылы 2 қарашада Талас ауданы, Ойық ауылында дүниеге келген. Өмірлік серігі Қавнат екеуі 2 ұл, 2 қыз тәрбиелеуде. Үш немересі бар. Ол ұжымда абыройының асқақтауына әр ісіне үлкен жауапкершілікпен қарап, өзіне сеніп тапсырылған міндетті мінсіз орындағаны арқау болғанын айтады. Жұмысқа деген ынта-жігері оны жүктелген жұмысты тез меңгеруге, білікті маман болып қалыптасуына ықпал етіпті.

– Бұл зауытта менен де басқа көптеген қыз-келіншектер еңбек етеді. олар да еңбекқор. Еңбекқор әрі бейнет сүйгіш болу үшін адамға көп нәрсенің қажеті жоқ деп ойлаймын. Ең бастысы – ерінбеу. Қандай жұмыс болмасын, одан ұялмай, адал еңбек еткен адам міндетті түрде жетістікке жетеді. Ұжымда әріптестермен қарым-қатынасымыз жақсы болуы үшін сөйлесе де, тыңдай да білу керек. Бір-бірімізді үнемі қолдап отырсақ, жұмыс сапалы әрі нәтижелі болады. Жастарға айтарым – қиындықтан қашпай, шыдамдылық танытып, еңбек ету керек. Мұндағы әр қызметкер өз жұмысына үлкен жауапкершілікпен қарап, жүктелген міндеттерді тиянақты орындайды. Сонымен қатар еңбек тәртібін сақтап, жұмыс берушінің талаптарын ескеріп, жұмыс орнындағы тазалық пен қауіпсіздік ережелерін қатаң ұстану – әр жұмысшының міндеті. Зауытқа жұмысқа орналасқанға дейін мен үй шаруасымен айналыстым. Отбасында әйел жолдасын қолдап, балаларына қамқор болуы тиіс. Жұмыс істегенмен, үйді де ұмытпау маңызды. Отбасының тыныштығы мен берекесін сақтау үшін өзара қолдау көрсету қажет. Біз де жолдасым, балаларым болып бір-бірімізге әрдайым демеу болып келеміз. Мысалы, мені де күйеуім қолдап, жетістіктеріме қуанып, табысты болуыма жағдай жасады. Ал мен жұмыста үдеден шығу үшін бар күшімді салдым. Еңбекке еркін араласып, отбасында да бақытты өмір сүруімізге ұмтылдым. Мұнда жұмысшылар үшін барлық жағдай жасалған. Зауыт жылдан-жылға кеңейіп, дамып, тұрғындарды жұмыспен қамтуда үлкен рөл атқарып келеді. Көптеген жаңа жұмыс орындары ашылып, өндіріс ауқымы ұлғаюда, – дейді Дина Мұхамбетова.

Кейіпкерімізбен әңгімелесу барысында ол қарапайым жұмысшыны қоғам құрметтей бастағанына разылығын білдіріп, әсіресе әйелдер қауымын мамандығына қарамай құрметтеу аса қажетті іс екенін тілге тиек етті.

– 8 наурыз – ғасырлар бойы тойланып келе жатқан әйелдер мерекесі. Оны көптеген қыз-келіншектер асыға күтеді. Алайда әйелдерге құрмет тек мереке күнімен шектелмеуі тиіс. Сондықтан да нәзікжандыларға күнделікті жылы сөз айтып, қамқорлық танытып, жұмыста озат болғандарын үздіксіз дәріптеп отырса, одан қоғам ұтылмайды. Өйткені, әйел отбасының ұйытқысы ғана емес, қоғамның да берекесі саналады. Үйінде отағасының, сыртта қоғамның ыстық ықыласын сезінген әйелдің жүрегі тынштық табады. Өсіріп отырған ұрпағы салихалы тәрбие көріп өседі. Әйел бақыты – сүйікті болып, сүйікті жанмен бірге өмір сүру, сәби сүю, балаларының жетістігіне қуану. Әр қазақтың қызына осындай бақыт тілеймін, – деді ол.

Бүгінде елімізде жұмысшы мамандықтарын дәріптеуге айрықша назар аударылуда. Ендеше жастарды жұмысшы маманы ретінде еңбекке тарту, жұмысшы мамандығының мәртебесін көтеруде Дина секілді кейіпкерлердің пікірі құнды. Осындай қарапайым, бірақ еңбегімен биікке көтерілген жандар шынында елеуге тұрарлық.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар