
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеровтің төрағалығымен облыс әкімдігінде өткен мекемеаралық жұмыс тобы отырысында тақырыпқа осы мәселе арқау болды. Онда пробация есебінде тұрған, бұрынғы соттылығы жойылған және жойылмаған, шартты түрде босатылған, әкімшілік қадағалау орнатылған тұлғалар тарапынан жасалатын қайталама қылмыстың алдын алу мәселелері қаралып, осы мақсатта ұйымдастырылатын профилактикалық іс-шаралардың тиімділігі талқыланды.
Жиында сөз алған облыс прокурорының бірінші орынбасары Қанат Мамаев биылдан бастап құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында әкімдікпен бірлесе арнайы шаралар қолға алынғанын, әзірленген тиісті жоба облыс прокурорлары тарапынан мақұлданғанын, осыған сәйкес, арнайы жұмыс тобы құрылып, оның қызметі үш негізгі бағытқа бөлінгенін тілге тиек етті. Мәселен, бірінші бағыт аймақтағы қылмыстық ахуалды жақсарту шараларына байланысты болса, екінші бағыт – соттылығы жойылған және әкімшілік қадағалаудағы тұлғалармен жұмыс істеу, сондай-ақ жергілікті полиция қызметінің есебіндегі азаматтарды қайта әлеуметтендіру мәселелерін қамтиды. Үшінші бағыт – пробация есебінде тұрған азаматтардың қайталама құқық бұзушылықтарының алдын алу және осы мәселе бойынша ұсыныстар әзірлеуге қатысты.
Есепті баяндамадан гөрі өзекті проблемалар мен олардың шешілу жолдары қарастырылған жиында облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаменті бастығының орынбасары Қайырбек Ильясов және өзге де мүдделі мекеме мамандарының баяндамасы тыңдалды. Көтерілген мәселелердің түйінін тарқату жайы екшеліп, маңызды сұрақтарға жауап ізделді. Қайталама құқықбұзушылықтың алдын алу, аталған бағыттағы проблемалық мәселелерді анықтау, оларды шешу үшін нақты шаралар қабылдау, ол үшін бірлескен жобалар әзірлеп, іске асыру жайы сөз етілді.
Н.БОЛАТҰЛЫ