Таразда 160 пәтерлі көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді
- author AR-AY
- 5 наурыз, 2025
- 80

Жамбыл облысында көпбалалы отбасылар мен әлеуметтік осал топтарға жаңа баспана табысталды
5 наурыз күні Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев халықтың көптен күткен қуанышына ортақтасып, жаңа пәтерлердің кілттерін салтанатты түрде табыстады.
– Мемлекеттің басым бағыттарының бірі – әлеуметтік осал топтағы отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету. Бұл мәселе ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ерекше назарында. Бүгін жаңа қоныс иелеріне шаттық пен береке тілей отырып, пәтер кілттері мен тұрмыстық техниканың сертификаттарын табыстаймыз, – деді Ербол Қарашөкеев.
Жаңа баспаналарға 2012-2015 жылдары кезекке тұрған көпбалалы аналар, толық емес отбасылар, ІІ топ мүгедектері, жетім балалар және ҰОС ардагерлеріне теңестірілген азаматтар қол жеткізді. Олардың қатарында көпбалалы ана Мөлдір Шадманова да бар:
– «Өз үйім – өлең төсегім» дегендей, ұзақ жылдар бойы күткен баспанамызға қол жеткіздік. Осы игі іске үлес қосқан азаматтарға, Мемлекет басшысына алғысым шексіз. Барша баспанаға мұқтаж отбасыларға осындай қуаныш бұйырсын! – деді ол.
«Ұлы дала» шағынауданында орналасқан №26 үйдің жалпы ауданы 9 600 шаршы метрді құрайды. 160 пәтерлі, екі бөлмелі көпқабатты үйдің құрылысын «Aulet Stroy Taraz» ЖШС жүргізген. Қоныс тойдан кейін Ербол Қарашөкеев тұрғындармен бірге үйлерді аралап, құрылыс сапасын тексерді. Сонымен қатар, үйдің ауласына 20 түп ағаш отырғызылды.
Айта кетейік, биыл Жамбыл облысында 765 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған. Жыл соңына дейін 2 390 пәтерлік 50 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілмек (оның ішінде 2024 жылы – 1 159 пәтерлік 26 үй). Сондай-ақ, тұрғын үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал топтар үшін 4,9 млрд теңгеге 361 пәтер сатып алу жоспарланып отыр.
Бұл бастама көптеген отбасыларға арман болған баспаналарына қол жеткізуге мүмкіндік береді.