
Экскурсия барысында біз Шерхан Мұртазаның өмір жолымен, шығармашылығымен тереңірек таныстық. Әдебиет әлемінде өз қолтаңбасын қалдырған жазушының үйіне кіріп, ондағы әрбір жәдігерге мән бердік. Жазушының жұмыс үстелі, көзі тірісінде пайдаланған заттары, кітаптары – барлығы да оның дара болмысынан сыр шертеді. Әсіресе, қабырғада ілулі тұрған «Бір кем дүние» кітабының қолжазба көшірмесі бізге ерекше әсер етті. Бұл шығармасы арқылы Шерхан Мұртаза қоғамның өткір мәселелерін қозғап, әділдікті ту еткен қаламгердің шынайы бейнесін танытқан еді.
Жазушының шығармашылығына арналған арнайы залда біз оның еңбектерімен таныстық. «Қара маржан», «Ай мен Айша», «Интернат наны», «Қызыл жебе» сынды туындылары – қазақ әдебиетінің алтын қорындағы шығармалар. Кездесу барысында оқушылар осы кітаптар туралы өз ойларымен бөлісіп, кейбір үзінділерді жатқа оқыды.
Саяхат тек тарихи-мәдени орындарға барумен шектелмей, оқушылардың бойына рухани азық сыйлаған ерекше сапар болды. Біз тек Шерхан Мұртазаның үйін аралап қана қоймай, оның өмірлік ұстанымдары мен ұлтқа деген сүйіспеншілігі жайлы терең ой түйдік. Әсіресе, жазушының «Шындықты айтудан қорықпа!» деген ұстанымы біз үшін үлкен сабақ болды.
Шерхан Мұртаза – қазақ халқының мақтанышы, оның шығармалары – мәңгілік мұра. Осындай тұлғалар арқылы біз өткенімізді бағалап, болашаққа нық қадам басамыз. Бұл саяхат жас ұрпақтың бойында патриоттық сезімді күшейтіп, ұлттық құндылықтарға деген құрметті арттырды. Біз Шерхан Мұртазаның өмірі мен еңбектерін насихаттау арқылы оның мәңгілік мұрасын ұрпақ жадында сақтауға үлес қосамыз.
Тарихпен үндескен тұлға тағылымы – болашаққа жол сілтер шамшырақ іспеттес. Осы сапар арқылы біз өткенімізді бағалап, болашаққа нық сеніммен қараудың маңызын ұғындық. Шерхан Мұртаза секілді асыл азаматтардың еңбегін дәріптеу – біздің борышымыз.
Абзал АБЕНОВА,
Ә.Бөкейхан атындағы №15 тірек мектеп-лицейдің
тәрбие ісі жөніндегі орынбасары,
Жуалы ауданы