
Құрметті азаматтар! Ішкі істер министрлігі қоғамдағы тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында дәріханалық нашақорлыққа қарсы күресті күшейтуді жалғастыруда.
2023 жылы "трамадол" психотроптық заты есірткі заттарының тізіміне енгізілді. Бұған дейін ел бойынша 8 мыңға жуық дәріханада еркін сатылған бұл препарат енді тек дәрігердің рецепті бойынша, тиісті лицензиясы бар дәріханаларда ғана беріледі.
Министрлік медицинада қолданылатын есірткі және психотроптық заттарды рецептісіз сатуды анықтау үшін тұрақты түрде жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізуде. Жыл басынан бері "трамадолды" заңсыз сақтағаны үшін 3 адам қамауға алынып, 2500-ден астам таблетка тәркіленді.
Дәріханалар мен фармацевтикалық компаниялардың басшыларына қолданыстағы заңнама талаптарын қатаң сақтау қажеттігі ескертіледі. ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-бөлігіне сәйкес, есірткі немесе психотроптық заттарды заңсыз сату үшін 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Бұл туралы ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті басқармасы бастығының орынбасары Айбек Брыков мәлімдеді.