
Шахмат үйірмесін Б.Момышұлы ауылының тұрғыны, жеке кәсіпкер Гүлбайра Жаңабаева ашса, клубтың ұйымдастыру жұмыстарын Лаура Әбдіманапқызы өз қолына алған.
Үйірмені жеке кәсіпкер өз қаражатына жабдықтаған. Мұнда шахмат үйірмесімен қатар, ағылшын тілі, математика, тарих пәндері бойынша қосымша сабақтар және де логопед жұмыс істейді.
Ғимарат интернетпен қамтылып, шахмат үстелдерімен, ойын тақталарымен, теледидармен, арнайы демалатын орынмен жабдықталған. Іші жылы, ыстық су және әжетханамен қамтамасыз етілген. Өрт қауіпсіздігі жүйесі де орнатылған.
Спорт клубының іс жүргізушісі Лаура Әбдіманапқызының айтуынша, қазіргі таңда балалар екі ауысымда 5 топқа бөлінген. Үйірме дүйсенбі, сәрсенбі, жұма күндері аптасына 3 рет өткізіледі. Кәсіпкер «DAMUBALA» бағдарламасы аясында мемлекеттік қаржыландыру жүйесі арқылы 7 жастан 17 жасқа дейінгі балаларды шахмат үйірмесімен тегін қамтамасыз етеді. Сабақты білікті маман Айнұр Нұрқожаева жүргізеді.
– Негізгі мақсатымыз – балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру. Жасыратыны жоқ, қазір балалар көбінесе гаджеттер мен ұялы телефондарға телміріп көп отырады. Ал, оның бала денсаулығы мен ойлау қабілетіне тигізер зияны көп. Сондықтан балаларды тегін спорттық және шығармашылық үйірмелерге көптеп қатыстыру қажет. Әрбір ата-ана өз баласының жан-жақты дамуына кішкентай кезінен бастап инвестиция құйса, ол ертең-ақ оң нәтижесін береді. Балалардың болашағына немқұрайдылық танытпай, жауапкершілікпен қарау өте маңызды. Шахмат – ақыл-ой спорты. Бұл үйірмеге қатысқан балалардың логикалық ойлау қабілеті жақсы дамиды. Топпен бірге жұмыс істеуді үйреніп, басқа да қырлары ашылады. Өмірдің өзі есептен тұрады емес пе?! Бала өмірде де өз уақытын дұрыс жоспарлауды үйренуі керек. Қиын жағдайларға тап болғанда одан шығудың жолдарын, мәселелердің шешімін өзі табуға дағдыланады. Міне, біз де сол себепті балалардың болашағына алаңдап, осы үйірменің жұмысын қолға алған болатынбыз. Қазіргі таңда үйірмеде 5 топ ашылса, жақында тағы бір топ ашылмақ. Үйірмеге негізінен 8 бен 14 жас аралығындағы балалар қатысуда. «DAMUBALA» бағдарламасы аясында мемлекеттік қаржыландыру жүйесі арқылы кез келген бала бір ғана үйірмеге тегін келе алады. Балалардың қызығушылығын арттыру үшін үйірмеге қажетті кітаптар мен дәптерлерді де әзірледік. Балалардың үйірмеге келіп-кетуі ата-аналармен «WhatsАpp» желісіндегі «Alatau» спорт клубының чатында бақыланады. Ешбір баланы ата-анасына ескертпей, үйірмеден жібермейміз. Ата-аналар арасында да шахмат үйірмесіне деген оң көзқарас қалыптасқан. Айта кету керек, спорт клубы 7 маманды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. «Alatau» спорт клубының алға қойған мақсаты мен жоспарлары көп. Мәселен, шахмат үйірмесіне қатысатын балалардың санын арттыру және басқа да үйірмелерге қатысатын балалардың оң нәтиже көрсетуі өте маңызды. Тек аудан орталығындағы балаларды ғана емес, алыс ауылдардан келем деуші балаларға клубтың есігі әрдайым ашық. Балаларды өзара жарыстардан бөлек, аудандық, облыстық жарыстарға қатыстыру жоспарда бар, – дейді Лаура Әбдіманапқызы.
Айта кетсек, ауданға қарасты Ертай ауылында жылдам шахматтан ұйымдастырылған аудан кубогында «Alatau» спорт клубы жеңімпазы атанды. Одан бөлек, үйірме қатысушылары мектепішілік жарыстарда алғашқы орындардан көрініп жүр. Сондай-ақ, шахматтан жасөспірімдер арасында ұйымдастырылған Жамбыл облысы кубогының алғашқы кезеңінде де спорт клубының шахматшылары бақ сынап, жақсы ойын өрнегін көрсете білді. Ең бастысы, балалар басқа өңірдің шахматшыларымен танысып, өзара достық қарым-қатынас орнатумен бірге, тәжірибе жинап қайтты.
Иә, әрбір бала – өз алдына жеке тұлға. Әр баланың өзіне тән қабілеті бар. Олардың бойындағы шығармашылық қабілеттердің ашылуына осындай қосымша үйірмелердің тигізетін оң әсері мол. Ауданда алғашқылардың бірі болып игі бастаманы қолға алған «Alatau» спорт клубының жұмысы алға басып, шәкірттері жоғары нәтижелерге қол жеткізеріне сенім білдіреміз.
Лаура МҰСАБЕКОВА,
журналист,
Жуалы ауданы