Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Тұрғындар белсенділік танытуда

Тұрғындар белсенділік танытуда
Ашық Дереккөз
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жалпыхалықтық сипат алып, көпшілік тарапынан қолдау тапқаны белгілі. Акция аясындағы жұмыстар Тараз қаласында да жоспарға сәйкес апта сайын жүргізілуде.

Тараз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бағлан Әбілдаеваның айтуынша, өткен жылы шаһар аумағында ұйымдастырылған «Таза Қазақстан» акциясына 156 мыңға жуық қала тұрғыны қатысқан. Оның 3 722-сі еңбек ардагері болса, 4 122-сі үкіметтік емес ұйым мүшесі, 3 122-сі жеке кәсіпкер, қалғандары қала тұрғындары.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Ana tili» газетіне берген «Мақсатым – экономиканы және егемендікті нығайту» атты сұхбатында: «Таза Қазақстан» акциясы қоғамға экологиялық мәдениеттің жаңа талаптарын енгізу идеясынан бастау алады. Халықтың бұл бастамаға барынша қолдау білдіргеніне тәнтімін», – деп атап өткеніндей, акция басталған сәттен-ақ тараздықтар оған өз үлестерін барынша қосып, бұл үрдіс әлі күнге жалғасын тауып келеді.

Мәселен, былтыр «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында «Бәйтерек» ықшамауданындағы аллея мен ондағы каналдың бойында санитарлық-тазалық жұмыстары жүргізілді. Аталған акцияға жастар, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, мәдениет, спорт саласының қызметкерлері, волонтерлер және «Жасыл ел- Тараз» мекемесінің қызметкерлері қатысты. Акция аясында 250-ге жуық қала тұрғыны белсенділік танытты, – дейді ол.

«Жасыл ел-Тараз» мекемесі мен қалалық волонтерлер санитарлық-тазалық жұмыстарын «Мамыр» тоғайында да жүргізген. Қала бойынша ұйымдастырылған сенбілікке 2 жүк көлігі мен 3 трактор жұмылдырылған. Тал бұталары мен жиналған күл-қоқыс техникаларға тиеліп, арнайы орынға шығарылған. Ал «Сеңкібай» каналының бойында ұйымдастырылған тазалық жұмыстарына 200-ге жуық қала тұрғыны атсалысып, 2,5 тонна қоқыс шығарылып, 80 метр каналдың бойы тазаланған.

Қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарау – әрбір азаматтың басты міндеті. Қала тазалығы қашанда назарда.

Ақтоты БЕКЕНҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар