Бүгінгі таңда облысымыз бойынша 260 адвокат бар. Әділет департаменті 146 адвокатпен тегін заң көмегін көрсету туралы келісім жасаған. Келісім нәтижесінде есепті кезеңде 18 898 азаматқа тегін заң көмегі көрсетілген.
– Облысымыз бойынша нотариустардың жалпы саны 208-ге жетті. 2023 жылдың сәуір айынан бастап сенімхат, кеңес беру және жұбайдың келісімі сияқты бірқатар нотариаттық қызмет онлайн форматқа көшірілді. Енді азаматтардың бұл қызметтерді нотариусқа бармай-ақ онлайн режимде бейнеқоңырау арқылы алу мүмкіндігі бар. Барлық қалыптастырылған құжаттар «Цифрлық құжаттар» жүйесінде көрсетіледі. Әділет департаменті және оның құрылымдық бөлімшелері халықтың құқықтық мәдениетін арттыру мақсатында өткен жылы 1 540 іс-шара ұйымдастырды. Сонымен қатар бүгінгі таңда облысымызда 15 мемлекеттік сот орындаушысы мен 85 жеке сот орындаушысы өз қызметін жүзеге асыруда. Бүгінгі күнге дейін олардың орындауында 578 мың атқарушылық іс жүргізу қаралып, оның 174 мыңы нақты орындалды, – дейді департамент басшысы.
Сонымен қатар Нұрғали Андасов ісі сотқа өткен алимент төлеушілер туралы да сөз қозғады.
– Облыс бойынша сот орындаушыларында 16 314 алимент өндіру туралы атқарушылық құжат бар. Оның ішінде 6 177 атқарушылық құжат мерзімді орындауда, 9 497 борышкер өз еркімен төлеуде, ал алимент бойынша берешегі үш айдан асқан проблемалық 439 атқарушылық құжат бар. Жалпы 201 проблемалық алимент бойынша берешек 224 658 123 теңгені құрайды. Сондай-ақ 2024 жылдың 12 айында алимент бойынша әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін 214 ұсыныс жолданып, 197 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деген Нұрғали Есіркепұлы робот сот орындаушысы барлығы 440 647 396 теңгені құрайтын 20 878 атқарушылық іс жүргізгенін жеткізді.
Оның ішінде 110 659 589 теңгені құрайтын 5 426 атқарушылық іс жүргізу айыппұлдың төленуіне байланысты қысқартылған. Қазіргі таңда жеке сот орындаушыларына 255 528 950 теңгені құрайтын 12 032 атқарушылық құжат өткен. Робот сот орындаушысы арқылы жеке тұлғалар жеке сот орындаушысының қызметіне төлейтін 27 664 897 теңгесін үнемдеген.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ