«Облыс әкімдігі білім басқармасы сіздің жекеменшік мектептерде оқушыларды тегін ыстық тамақпен және оқулықпен қамтамасыз ету мәселесі бойынша сұрауыңызға қатысты төмендегіні хабарлайды.
2024 жылы ҚР Білім және ғылым министрінің 22.05.2020 жылғы №216 бұйрығына сәйкес жаңадан әзірленген (бағдарламасы толық ауысқан) 3-сыныптың 5 оқулығы (орыс тілі, шет тілі, еңбекке баулу, бейнелеу өнері, цифрлық сауаттылық), қайта басылатын (бағдарламаға ішінара өзгеріс енгізілген) 4 оқулық (3-сыныптың жаратылыстану, 7-сыныптың қазақ тілі, 8-сыныптың дүниежүзі тарихы, 9-сыныптың Қазақстан тарихы мен Қазақстан географиясы) сатып алынды.
Жергілікті бюджеттің есебінен бөлінген қаржыға мемлекеттік мектептерде оқитын оқушылар үшін оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендеріне тапсырыс беріліп, сатып алынды.
ҚР «Білім туралы» Заңының 6-бабының 12-тармағына сәйкес жергілікті атқарушы органдар «1 тамызға дейін оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді сатып алуды және жеткізуді ұйымдастырады» деп көрсетілгенімен жекеменшік мектептерге тапсырыс берілген оқу құралдарын беру тетіктері қарастырылмаған. Яғни қолданыстағы заңдарға өзгерістер енгізілмесе, жекеменшік мектептерде білім алып жатқан оқушыларды жергілікті бюджеттің есебінен бөлінген қаржыға сатып алынған оқулықтармен қамтамасыз етуге мүмкіндік жоқ.
Бүгінгі күні ҚР Оқу-ағарту министрлігінің тарапынан «Білім туралы» Заңға өзгерістер енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Оқушыларды тегін ыстық тамақпен қамтамасыз ету осы заңға сәйкес жүзеге асырылады. Сондай-ақ ҚР Үкіметінің 2008 жылғы 25 қаңтардағы №64 Қаулысында мемлекеттік білім беру мекемелерінде білім алушылар мен тәрбиеленушілердің жекелеген санаттарын тегін және жеңілдікпен тамақтандыру ұйымдастырылатыны көрсетілген.
Берілген жауаппен келіспеген жағдайда Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 91-бабының 3-бөлігі бойынша, жоғары тұрған органға немесе сотқа шағымдануға құқылысыз.
Ләззат ҚЫЗЫЛҚҰЛОВА,
облыс әкімдігінің білім басқармасы
басшысының орынбасары