Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Футболда талай қызық бар

Футболда талай қызық бар
Ашық Дереккөз
ТӨРЕШІНІҢ АРҚАСЫНДА СӨЙЛЕП КЕТТІ

Бұл ерекше қызық оқиғаны 1967 жылы Тунистегі бір стадионға жиналған көрермендер көріпті. Төреші ойын барысында бір ойыншыны алаңнан қууға шешім қабылдайды. Сөйтсе, ойыннан қуылған футболшы жастайынан сөйлеу қабілетінен айырылған екен. Қазының бұл шешіміне қатты наразылық білдіріп, ашуланған ол кенеттен сөйлеп кетеді. Тәртіп бұзғанының үстіне өзінің балағат сөздер айтуын тоқтатпаған ол төрешінің шешімімен алаңнан қуылады. Бірақ сол кездесуде алаңнан қуылғанына аса қатты өкіне қоймаған еді. Өйткені бұдан былай сөйлей алатын болды.

 

ТҰМАНДАҒЫ ШЫТЫРМАН

Ағылшын футболының қыстыгүнгі жағдайы елге мәлім. Трибунаны да, алаңды да тұман басып тұрады. Осындай жағдайда өткен бір ойында есеп 3:3 болып тіркеледі. Бірақ шабуылшы Джордж Одц: «Мен бұл ойында 5 гол соққанымды анық білемін, бірақ олардың қай қақпаға кіргенін байқамаппын», – дейді. Сондай-ақ осы ойынның соңында белгілі болғандай, төрешілер бұл кездесуге әр командадан 18 футболшыдан қатысқанын да байқамай қалыпты.

 

БАСПЕН СОҒЫЛҒАН ПЕНАЛЬТИ

Шынымен де ерекше соғылған пенальтиді 1971 жылы тамызда полтовалық «Строитель» ойыншысы Александр Молодецкий соғады. Гол егесінің өзі: «Мен жүгіріп келдім де, еңкейіп барып қозғалмай тұрған допты баспен соқтым. Гол! Доп оң жақ төменгі бұрышқа түсіпті», – дейді. Иә, бұл голды көзге елестетудің өзі қиын. Бұл жайт тарихта, расында, тіркелген екен.

 

11 МЕТРЛІКТЕН ӨЗ ҚАҚПАСЫНА

Буксхаймдағы (ФРГ) футбол ойынында төреші 11 метрлік айыпдопты белгілейді. Әлбетте, бұған наразы болған аяқдоп шеберлері төрешіге қысым көрсетеді. Алай-бұлай жалынып сұраса да төреші өз шешімін өзгертпей, допты нүктеге қояды. Осы кезде қарсылық білдіруші бір қорғаушы допты бір тебеді, ол дәл барып қақпаға кіріп кетеді. Ал төреші дым болмағандай голды санап, есеп ашылғанын білдіреді. Бұл өз қақпасына пенальтиден соғылған гол әлемдік футбол тарихында әзірге жалғыз болса керек.

 

ҮЙ ҚАМАУЫНДАҒЫ ЖАНКҮЙЕР

Жексенбі күндерінің бірінде Италияның Кампос қаласының өрт сөндіру бөліміне шақырту түсіп, өртсөндірушілер межелі жерге келеді. Бірақ ешқандай от, түтіннің иісі шықпайды. Кенет екінші қабаттан «Құтқарыңдар, өрт!» деген дауыс шығады. Тез арада дауыс шыққан терезеге саты қойылып, үй ішіндегі адам аман-есен жерге түседі. Әй-шайға қарамаған ол стадионға жүгіре жөнеледі. Сөйтсе, ол Джовани Круйзароның ойынын сүйіп көретін жанкүйер болып шығады. Бүгінгі маңызды ойыннан қалмау үшін, амал жоқ, осындай әрекеттерге барады. Өйткені осы футболға жібермеу үшін әйелі оны сыртынан кілттеп кеткен екен. Әр жексенбі сайын футболдан қалмайтын ол бұл жолы да әйелінен өз айласын асырады.

 

4 КОМАНДА, 44 ОЙЫНШЫ, 2 ДОП

Бұл ерекше ойын 1959 жылы Гельзенкирхенде болған. Стадион әкімшілігі байқаусызда қолдопшылар мен футболшыларды бір күнге, бір уақытқа шақырып қояды. Ал енді алаңда кім ойнайтынын шешу үшін екі команда қызу тартысқа түседі. Ақыры келісім таппаған төрт команда да алаңға шығып, ойынға кіріседі. Бұл біртүрлі ойынды журналистер: «Осыншама қиын жағдайда өткен ойындар, әйтеуір, соңына дейін жетті» деп жазды. Қолдопшылардың есебі 14:2 болып тіркелсе, футболшылар 4:2 деген нәтижемен тарқасады. Гандболдан ұтылған команда ойын соңынан шағым түсіреді. Ал ойынды көрген жанкүйер қауым маусымның мұндай ерекше ойынын көргендеріне еш өкінбеген.

Ермұхамед МӘУЛЕН,

спорт журналисі

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар