Кеше Тараз қаласында тамшылатып суару жүйелерін шығаратын зауыт іске қосылды. Қытайлық «KAZ Каспий ГИДРО ауылшаруашылығы технологиясы» компаниясы инвестор ретінде жобаға 2,8 миллиард теңге салып отыр. Компанияның ауылшаруашылығы құбырлары мен тамшылатып суару жүйелерін өндіруде тәжірибесі мол.
– Жобаны жүзеге асыруға өткен жылы кіріскенбіз. Былтыр өңірге жұмыс сапары кезінде облыс әкімінің орынбасары Әбілқайыр Тамабек және «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Берік Манасовпен кездесу өткізіп, іскерлік байланыс орнатқанбыз. Жамбылдық әріптестеріміз бастамамызды қуана қолдады. Өткен жылы осындай уақытта мына зауыт қаңыраған бос ғимарат еді, бір жылдық еңбектің нәтижесінде кәсіпорын іске қосылып, алғашқы өнімдерді шығарып отырмыз. Қазір зауытта құбыр өндіретін 4 жүйе жұмыс істеп тұр. Бір күнде осы төрт жүйе 30 тонна шикізат тұтынып, нақ осы салмаққа тең құбырлар шығарылады. Одан бөлек екі тамшылату таспасы (капельный лента) бар, оның көлемі күніне 600 мың метрді құрайды. Әулиеата өңірінің егістік жерлері құрғақ болып келеді. Зауытты Жамбыл жерінен ашуымыз сондықтан. Зауыт енді ашылып жатса да облыс шаруаларынан суару жүйелеріне тапсырыс түсіп үлгерді, – дейді компания басшысы Фу Бин.
Жаңа цехтың ашылуына облыс әкімі Ербол Қарашөкеев арнайы қатысып, зауыттың тыныс-тіршілігімен танысты. Кәсіпорынды аралаған аймақ басшысы өндіріс ошағында жасалып жатқан суару жүйелері құбырларының сапасына оң бағасын берді. Зауыттың қуаттылығына келсек, жылына 20 гектар алқапты суландыру жүйесімен қамтамасыз ете алады.
Сондай-ақ Ербол Шырақпайұлы зауыт басшысы Фу Бинге жұмыс сапарымен Қытай еліне барғанда үлкен жылу құбырларын шығаратын кәсіпорынның жұмысымен танысу мүмкіндігіне ие болғанын айта келіп, алдағы уақытта өңірде де сондай жылу құбырларын шығару ісін қолға алса, қолдау көрсетілетінін жеткізді. Осылайша екі ел арасындағы өнеркәсіптік ынтымақтастық ұлғая түсетінін айтты. Өз кезегінде Фу Бин де айтылған мәселе жоспарда бар екенін жеткізді.
Сонымен қатар Е.Қарашөкеев шаруаларды облыста шығарылатын өнімді пайдалануға шақырды.
– Тамшылатып суару жүйелерін шығару – өте маңызды қадам. Себебі біздің облыста 180-200 мың шаршы метр суармалы жер болса, оның 55 мың гектары, яғни 29 пайызы ғана осы әдісті қолданып отыр. Өңірімізде осындай құрал-жабдықтар шығаратын өндіріс орны ашылғаны бағасы жағынан да тиімді. Сол себептен қант қызылшасы, картоп, басқа да өнім егетін шаруалар осы суару жүйелерін пайдаланғаны жөн, – деді Е.Шырақпайұлы.
Облыс әкімі зауыт басшысына өнімді сапалы етіп шығаруды әрі бағасы да тиімді болуы керектігін тапсырды және жұмысшыларды жергілікті жерден алуды міндеттеді. Қазіргі таңда зауытта 30 адам жұмыс атқаруда, зауыт толық қуатына енгенде 60 адам жұмыспен қамтылатын болады.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ