Облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаевтың айтуынша, облыста соңғы бір апта ішінде 5 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарының (ӘМАТ): тауық еті, қырыққабат, жұмыртқа, күнбағыс майы, картоп бағасы көтерілген. Ұн мен қарақұмық бағасы төмендеген.
Бүгінде өсім көрсеткен тауарларға тұрақтандыру қоры арқылы интервенция жүруде.
Жалпы 2025 жылдың маусымаралық кезеңінде 8 тауар түрі бойынша ірі сауда желілеріне, дүкендерге, базарларға 746,1 тонна, 2566,8 мың дана және 75,6 мың литр тауарға интервенция жүргізу жоспарланған.
Азық-түлік тауарларының тапшылығын болдырмау мақсатында өңірлік тұрақтандыру қорында тікелей сатып алу арқылы және форвардтық келісімшарт негізінде 13 569,5 тонна және 4 731,6 мың дана тауар қоры қалыптасты.
Арнайы құрылған жұмыс тобы 2 аптада 1 рет ӘМАТ бағасына мониторинг жүргізеді.
Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Еркін Елшібековтің сөзінше, өткен жылы азық-түлік тауарларына сауда үстемеақысын 15 пайыздан асырған 72 кәсіпкерге ескерту беріліп, жетеуіне айыппұл (627 640 теңге) салынған. Сонымен бірге сөредегі тауар құны мен кассадағы баға айырмашылығы үшін 9 сауда нүктесі 1 956 760 теңге көлемінде айыппұл арқалады.
Облыс әкімі ӘМАТ бағасына жүргізілген мониторингтен нақты нәтиже көрмей отырғанын баса айтты.
– Азық-түлік бағаларын тұрақтандыру – өте маңызды. Бұл бағыттағы шараларға ерекше назар аудару қажет. Сауда департаменті мониторинг, ал жергілікті әкімдіктер түсіндіру жұмыстарын күшейтуі тиіс, – деді ол.
Ербол Қарашөкеев азық-түлік тауарлары бағаларының шекті межеден аспауын жіті бақылауды, өңір тұрғындарын арзандатылған азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету үшін ауылшаруашылығы жәрмеңкелерін тұрақты түрде ұйымдастыруды жүктеді.
Сондай-ақ жауапты басшыларға дүкендерді өздері аралап, бағалардың нақты жай-күйімен көзбе-көз танысуды тапсырды.
Аппарттық кеңесте коммуналдық қызметтердің тарифі сараланды.
Облыс әкімі табиғи монополияларды реттеу департаменті, бәсекелестікті қорғау және дамыту департаменті, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшыларының алдына нақты міндеттер қойды.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі