Петрокерлер өздерінің тастардан жасалған «үй жануарларына» арнайы ат қойып, паспорт жасайды. Паспортта тасты күту ережелері, оған қалай қамқорлық көрсету керектігі және эмоционалдық байланысты қалай дамытуға болатыны туралы кеңестер жазылады. Тастардың бағасы 2 500 теңгеден басталады. Бұл трендтің кең таралуы балалардың ерекше қызығушылықтарын дамытуына жағдай жасауда.
Психологтардың айтуынша, қазір кең таралып жатқан хобби әрекет балалардың өзіндік тұлға ретінде қалыптасуына, қауымдастықта өз орнын табуына көмектеседі.
– Балалық шақта бәріміз ойыншықтарды тірі жан ретінде елестетіп, оларға қамқорлық жасайтынбыз. Бұл да сол сияқты: кейде тірі жануарларға қамқорлық қиын болғандықтан балалар тастар арқылы қиялын дамытып, жауапкершілікті үйренеді. Бұл үрдіс, бір жағынан, сәнді тренд болса, екінші жағынан, балалардың өзін-өзі көрсету, ерекшелену қажеттілігінен туындаған. Олар үшін тастар – жай ғана табиғи объект емес, өзіндік құндылыққа ие ерекше дүние, – дейді психолог Марал Хантөреқызы.
Балалар тастарға ат қойып, оларды «күту» арқылы ішкі эмоциялық қажеттіліктерін толтыруға тырысады. Мысалы, кейбір балалар отбасында өздерін жеткілікті дәрежеде еленбейтіндей сезінуі мүмкін. Осындай кезде тасқа қамқорлық жасау – олардың маңыздылығын сезінуінің бір жолы. Сонымен қатар бұл үрдістің балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға да әсері мол. Әр тастың жеке тарихын ойлап табу, оны ерекше етіп көрсету балалардың қиялын кеңейтеді.
Психологтар мұндай әрекеттердің ұзақмерзімді пайдасы болуы мүмкін екенін де айтады. Мысалы, кейбір балалар үшін тастарға деген қызығушылық литотерапия, минералогия немесе өнер салаларына қызығушылық танытуға негіз болады. Литотерапия – тастардың адам денсаулығы мен эмоциялық жағдайға әсерін зерттейтін балама медицина саласы.
Петрокерлердің тренді алғаш рет 1975 жылы Америкада байқалған. Америкалық кәсіпкер Гэри Росс Даль ойлап тапқан «Pet Rock» концепциясы үлкен танымалдылыққа ие болып, миллиондаған адамды баураған еді. Сол кезде қарапайым тастар көзтартарлық дизайнмен сатылып, әрқайсысына арнайы нұсқаулық қоса берілді. Қазіргі кезде бұл үрдіс қайта жаңғырып, Қазақстанда да танымалдылыққа ие болып жатыр.
Сонымен қатар психологтар петрокерлер балалардың эмоциялық әлемін түсінудің ерекше мүмкіндігі деп есептейді. Бұл тек ойын емес, балалардың өзін-өзі тануы мен шығармашылық дамуына жағдай жасайды. Мұндай қызығушылық ата-аналарға да балаларымен қарым-қатынасты жақсартуға сеп бола алады. Мәселен, балаңыздың қызығушылығын еркелік деп санамай, оның әлемін түсінуге тырысыңыз. Баламен бірге тастарды таңдап, оған ат қою немесе «паспорт» жасау процесіне қатысу арқылы сенім мен жақындықты нығайтуға болады.
Бұл трендтің тек уақытша қызығушылық емес, балалардың тұлға ретінде қалыптасуындағы маңызды кезең екенін ескерген жөн. Петрокерлер тренді, яғни балалардың тастарды үй жануары ретінде күтіп-баптауы сырттай қызықты болып көрінсе де кейбір психологтар оның кері әсері болатынын айтып, дабыл қағуда. Балалар тірі жануарлардың орнына жансыз заттарға көңіл бөлгенде олар өмірдегі шынайы жауапкершілік сезімін қалыптастырудан алшақтауы ықтимал. Тастарды «жануар» ретінде елестету баланың эмоционалдық қажеттіліктерін уақытша өтеуі мүмкін, бірақ шынайы қарым-қатынас жасау қабілетіне теріс ықпалын тигізуі ықтимал. Сонымен қатар тірі жануарларға қамқорлық жасау баланың эмпатиясын, жанашырлығын дамытуға көмектессе, тастар дәл сондай тәжірибе бермейді.
Екінші жағынан, петрокерлер тренді балалардың материалдық құндылықтарға деген тәуелділігін арттырып, олардың қиял әлемін шектей түсуі ғажап емес. Маркетплейстердегі қымбат тастарға сұраныстың артуы кейде ата-аналарға қаржылық ауыртпашылық әкеліп, баланың сатып алынған заттарға ғана мән беруіне әкеліп соғуы мүмкін. Егер бұл қызығушылық дұрыс бағытталмаса, бала табиғатпен тікелей байланысудың орнына жасанды ойындарға басымдық беруі ықтимал, бұл оның шынайы әлеммен қарым-қатынасын әлсіретеді.
Дегенмен тастарға деген бүгінгі қызығушылық болашақта жаңа өнер, ғылым немесе табиғатқа деген сүйіспеншіліктің негізі болар. Бұл трендті байыппен қабылдап, балаларға өзін көрсетуге мүмкіндік беру – олардың болашағы үшін маңызды қадам шығар.
Айжан ӨЗБЕКОВА