Брифингте Сауран Қалиұлы Жамбыл ауданындағы ерте ортағасырлық «Бесағаш» VI-XII ғғ. елді мекенінде археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстарының басталатынын мәлімдеді. Бұл зерттеулер Ұлы Жібек жолындағы мәдениет пен өркениеттің өзара әрекеттесуін, сондай-ақ 751 жылы болған атақты Атлах шайқасының тарихи маңызын анықтауға бағытталған.
Қалиевтің айтуынша, «Бесағаш» елді мекеніндегі археологиялық жұмыстар Қазақстан мен Орта Азияға 1000 жыл бойы қытай әскерінің аяқ басуына мүмкіндік бермеген араб-түрік әскери жеңісінің тарихи іздерін ашуға көмектеседі. Зерттеушілер осы жерде Атлах шайқасы өткендігін нақтылауға мүмкіндік беретін жаңа мәліметтер іздейтін болады. Сонымен қатар, қала мен дала арасындағы ықпалдастықтың қалыптасуын зерттеу жоспарлануда.
Зерттеу жұмыстары қаланың орналасқан аймағындағы археологиялық ескерткіштердің санын анықтап, олардың арасындағы байланыстарды зерделеуге бағытталады.
Сондай-ақ, қала аумағының шекаралары белгіленіп, оны қорғау аймағы анықталатын болады. «Ұлы Жібек жолы» бойындағы қалалар мен қоныстар арасындағы байланыстар, сауда мен мәдениеттердің таралуы, сонымен бірге әртүрлі діндердің ықпалы да зерттелмек.
–Бұл ғылыми-зерттеу жұмыстары Қазақстан тарихының жаңа беттерін ашуға ықпал ететін маңызды жоба болып табылады, деп атап өтті Қалиев Сауран Қалиұлы.