Қысқы универсиадада Қазақстан туын ұстап шығатын спортшылар белгілі болды
- author AR-AY
- 8 қаңтар, 2025
- 25
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, Қазақстанның ұлттық құрамасы атынан XXXII Дүниежүзілік қысқы универсиаданың (Турин, Италия) ашылу салтанатында мемлекеттік туды алып шығу мәртебесі фристайлшы Аяулым Әмренова мен хоккейші Абылайхан Сүлейменовке жүктелді.
Аяулым Әмренова – фристайл бойынша ұлттық құраманың үздік спортшыларының бірі. Оның қоржынында 2017 жылғы Еуропа кубогы кезеңдерінің алтын, күміс және қола медальдары бар. Сондай-ақ ол Қазақстан атынан 2018 жылы Пхёнчханда және 2022 жылы Бейжіңде өткен екі Олимпиада ойындарына қатысқан.
Абылайхан Сүлейменов – қазақстандық хоккейдің жарқын жұлдызы, «Номад» командасының ойыншысы. Оның спорттық мансабында жастар лигасы, төрт ұлттық турнир, Қазақстан кубогы, Континенталь кубогы, сондай-ақ, АҚШ-та өткен ХХХІ Дүниежүзілік қысқы универсиада бар. Сол универсиадада Қазақстанның хоккей құрамасы үшінші орынды иеленді.
Еске сала кетейік, 2025 жылғы қысқы универсиада 13-23 қаңтар аралығында Туринде өтеді және әлемдегі ең ауқымды студенттік спорттық ареналардың бірі болмақ. Сайысқа 57 елден шамамен 2000 спортшы қатысып, 11 спорт түрі бойынша 96 медаль жиынтығын сарапқа салады