Оқырмандарды жан-жақты интеллектуалды дамыған тұлға ретінде тәрбиелеуге бағытталған «Ел болып оқимыз», «Жазушымен бір күн» жобаларын жүзеге асыру жоспарланған. Өңір қаламгерлерінің еңбектерін, прозалық шығармалары мен жыр жинақтарын облыс жұртшылығына таныстыру, жастарды кітап оқуға баулу, оқу мәдениетін қалыптастыру мақсатында біршама іс атқарылып келеді. Оның ішінде заман көшіне ілесіп, электронды түрде кітап оқу мәдениетін қалыптастыру да қолға алынуда. Кітап оқу үрдісін үдету үшін облыс бойынша осы жылы «Ел болып оқимыз» жобасы аясында 877 іс-шара ұйымдастырылып, 13 911 оқырман қамтылған.
Өңір тұрғындарын білім нәрімен сусындату мақсатында облыста бүгінде 275 кітапхана ақпараттық-мәдени қызмет көрсетіп келеді. Ал кітапхана қызметін пайдаланушылар саны 380 мыңға жеткен. Кітап берілімі 5 миллион 500 мыңнан асып отыр. Оның ішінде кітап қоры жалпы 3 миллион 837 мың 656 дананы құраған. Осы жылғы 11 айда 122 миллион 197,2 мың теңгеге 46 815 кітап түссе, оның 43 038 данасы мемлекеттік тілде екен.
– Биыл жергілікті бюджеттен 83 миллион 068 мың теңгеге 33 831 дана әдебиет алынды. 2023 жылы жергілікті бюджеттен 50 миллион теңге жергілікті ақын-жазушылардың кітаптарын шығару және облыс көлемінде тарату үшін бөлінді. 49665,0 мың теңгеге жергілікті 24 ақын-жазушы шығармаларының әрқайсысын 1000 данадан, барлығы 24 мың дана жарыққа шығарылды. Осы жылы Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында «Абай» баспасынан жарық көрген 24 жергілікті автор кітаптарының тұсаукесер рәсімі өтті. Бұл тұсаукесер рәсіміне Қазақстан және Ресей Жазушылар одақтарының мүшесі, елімізге танымал «Абай» баспасының директоры Ақберен Елгезек қатысып, өз ілтипатын білдірді. «Абай» баспасынан жарық көрген жергілікті авторлардың кітаптарының электронды нұсқаларына еркін қолжетімділік қамтамасыз етілуде. Осыған орай бір платформада орнатылған планшеттер мен смартфондарға арнайы әзірленген бағдарлама, яғни «Aulieata library» атауымен еркін кітап оқу құралы ретінде мобильді қосымша енгізу жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деді Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Эльмира Абдинова.
Өңір жұртшылығын кітап оқуға бейімдеу мақсатында жүзеге асырылып жатқан жобаның бірі «Жазушымен бір күн» 2022 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Бұл жоба аясында ақын-жазушылардың шығармашылықтарына арналған поэзия кештері ұйымдастырылып, Әулиеата шығармашылық бірлестігінің «Шайырлар төккен жауһар жыр» тақырыбындағы ақындармен сұхбат және «Әулиеата шайырлары» жинағы І томының тұсаукесері өтті.
Ал келесі жылдан бастап «Ел болып оқимыз» жобасы аясында екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 80 жылдығы, әрі Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл толуына орай 2025 жыл – Бауыржантану жылы деп жарияланып, жазушының шығармашылығын насихаттап, жас ұрпаққа паш ету мақсатындағы іс-шаралар циклы ұйымдастырылуда.
Жуырда ғана Тараз қалалық жастар ресурстық орталығы, Қазақстан студенттер Альянсы және «Өркениетті адам тобы» клубының ұйымдастыруымен «Тараз – кітап оқитын қала»» жобасы аясында облыста алғаш рет Санжар Керімбайдың «Бейсен және болмыс» кітабы бойынша кітап оқу сайысы өткізілді. Онлайн және офлайн форматта өткен жарысқа облыс бойынша 2000-ға жуық өрен қатысқан. Жиында Бейсен Құранбектің жары Гүлмира Қадырқызы сөз алып, іс-шара туралы ойын ортаға салды.
– Жамбыл облысының жұртшылығы кітап оқуға, рухани азықты бойға көптеп сіңіруге ерекше көңіл бөліп отырғаны көңілге қуаныш ұялатады. Жастарды кітап оқуға бейімдеп, осындай шара өткізіп жатқаны үшін әулиеаталықтарға алғысымды білдіремін. Бейсен де кітапсүйер һәм білімге құштар жан еді. Бір туындыны оқып бастаса, ол кітап аяқталғанша бас көтермейтін. «Адамның ақылына ақыл қосып, білім деңгейін көтеріп, рухани жандүниесіне әсер етіп, зердесін аша түсетін осындай шаралар алдағы уақытта жалғасын тапса екен» деген тілегім бар, – деді Гүлмира Қадырқызы.
«Оқысаңыз балалар,
Шамнан шырақ жағылар.
Тілегенің алдыңнан,
Іздемей-ақ табылар», – деп Ыбырай Алтынсарин жырлағандай, әр жүрекке нұрын сеуіп, жанына сәуле құйған кітаптың көп оқылуы ел ертеңінің еңселі боларына ықпал етері сөзсіз. Сондықтан әр кітаптың бетін шаң басқан сөреден емес, әрбір жанның құшағынан көруге жазсын.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ