Ербол Қарашөкеев: Халықтың әл-ауқатын көтеру – негізгі стратегиялық мақсат
- author AR-AY
- 26 желтоқсан, 2024
- 41
2024 жылы атқарылған жұмыстар мен Жамбыл облысының әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларын баяндаған Ербол Қарашөкеев алдағы жоспарларға тоқталды. Облыс әкімі халықтың өмір сүру деңгейін арттыруды негізгі стратегиялық мақсат ретінде атап өтті. Ол келер жылы өңірге инвестиция тарту, шағын және орта бизнесті қолдау, ауыл шаруашылығының әлеуетін арттыру сынды басым бағыттарды іске асыру міндеттерін алға қойды.
— Қастерлі Отанымыз бен өңіріміздің дамуына елеулі үлес қосып, бүгінде бейнеттің зейнетін көріп отырған ардагерлерімізге құрмет көрсету – біздің азаматтық парызымыз. Аға буын өкілдері жастарға үлгі болып, олардың бойына ұлттық болмыс пен құндылықтарды сіңіріп келеді. Осы еңбектеріңіз үшін Сіздерге алғыс білдіремін, – деді Ербол Қарашөкеев. Ол ардагерлердің денсаулығына саулық, шаңырақтарына шаттық пен береке тіледі.
Кездесу барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі және қоғамдық белсенділігі үшін бастауыш ардагерлер ұйымының бірқатар мүшесі Жамбыл облысы әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Марапатқа ие болғандар қатарында Опабек Досаев, Полина Ким, Жексен Арынов, Күләш Назарбекова сынды азаматтар бар.
Басқосу кезінде бастауыш ардагерлер ұйымының мүшелері сөз сөйлеп, ел мен жердің тыныштығы мен амандығын тіледі.
Кездесуді қорытындылаған Ербол Қарашөкеев ардагерлермен әрдайым тығыз байланыста болатынын, олардың құнды ұсыныстары мен пікірлерін назарда ұстайтынын атап өтті. Жиын соңында облыс әкімі ардагерлермен естелікке суретке түсіп, алғыс білдірді.