Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Әдептілік әліппесін әркім білуі тиіс

Әдептілік әліппесін әркім білуі тиіс
Ашық Дереккөз
«Әдемілік – әдептілікте» деп хакім Абай айтпақшы, әдептілігі арқылы әркімнің көпшілік арасындағы әдемілігі мен қадірі арта түсетіні белгілі. Ондай жандар елге көбінесе осындай қасиетімен де сыйлы болады. Ал көркем мінез де әдептілік пен тәлім-тәрбие арқылы қалыптаса түспек. Әдепті адам айналасына мейіріммен қарап, пайдасын тигізіп, зиянды дүниелерден, әдепсіздік пен әділетсіздіктен аулақ жүреді. Және әр нәрсеге жауапкершілікпен қарап, әрдайым ар-ұятты жоғары қояды, мақсатпен қадам басады.

Міне, осындай қағиданы ұстана отырып Ғани Мұратбаев атындағы кітапхананың қызметкерлері «Сымбат» жасөспірім қыздар клубының мүшелері мен №63 орта мектеп оқушыларының қатысуымен адам бойындағы, соның ішінде қыз баланың бойындағы ұнамды, ұнамсыз қылықтарды ажырата біліп, әдеп әліппесін бойларына дарыту мақсатында «Әдептілік – тәрбие бастауы» тақырыбында іс-шара өткізді.

Жиын кітапхана ұжымының жеткіншек ұрпақты адамгершілікке, адалдық пен кішіпейілділікке үндеп, өз халқының салт-дәстүрі мен ғұрыптарын жан-жақты таныстырумен басталды. Әрмен қарай кітапхана меңгерушісі Жаңагүл Ахумбекова әр адам өзінің де, өзгенің де бойындағы жағымды да жағымсыз әдеттерді көре біліп, әдептілік нәрімен сусындай білу керектігін түсіндіріп өтті.

Сонымен қатар іс-шара барысында «Әдептілік – адамгершілік бастауы» дегенді қалай түсінесің?», «Өзіңнің кейбір теріс әрекеттеріңнен ұялған кезің болды ма?», «Әдепті адамның бойында қандай қасиет болуы қажет?» деген сынды санаға сәуле ұялатар сан түрлі сұрақтарға тұшымды жауаптар беріліп, аталмыш клуб мүшелері өз ойларын ортаға салды. Ізгілікті іс-шараның құрметті қонақтарының бірі, жоғарыда аталған мектептің мұғалімі Орынбала Құдайбергенова жалпы қыз тәрбиесі туралы өз тәжірибесімен бөлісіп, қыздарға келелі кеңес берді.

Әдемі де әсерлі кешті 6 «б» сынып оқушысы Кәусар Жүсіп құлақтан кіріп, бойды алар «Ерке сылқым» күйімен әрлей түсті.

Басқосу соңында «Әдептілік – тәрбиенің діңгегі» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, әдептілік пен тәлім-тәрбие жөніндегі және халқымыздың салт-дәстүр, әдет-ғұрып сияқты бай мұралары қамтылған кітаптарға кітапханашы Гүлжан Бошаева библиографиялық шолу жасады.

Бағира БҰЛТАНҚҰЛОВА,
Ғани Мұратбаев
атындағы кітапхананың
қызметкері,
Тараз қаласы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар