Қазақстанда зейнетақы төлемдерінің мөлшері туралы жаңа мәліметтер жарияланды. 2024 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 131 556 теңгені құрады.
Оның ішінде ынтымақты зейнетақы 88 967 теңге, базалық зейнетақы 42 589 теңге деңгейінде белгіленген.Жыл басынан бері республикалық бюджеттен 3 трлн 436,4 млрд теңге сомасына зейнетақы төленді, оның ішінде базалық зейнетақы төлеуге – 1 трлн 81,9 млрд теңге, ынтымақты зейнетақы төлеуге – 2 трлн 354,5 млрд теңге қарастырылған.
Еске сала кетейік, 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі зейнетақы жүйесіндегі өтілге сәйкес әр азаматқа жеке тағайындалады. 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ынтымақты жүйеде жұмыс істеген уақыт және міндетті зейнетақы жарналары төленген кезеңдер зейнетақы жүйесіндегі еңбек өтіліне қосылады.
Зейнетақы төлемдерінің мөлшері зейнетақы жүйесіндегі өтілге байланысты өзгеріп отырады. Егер азаматтың зейнетақы жүйесіндегі өтілі 10 жылға дейін немесе мүлде жоқ болса, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 65%-ын құрайды. Әрбір 10 жылдан кейін базалық зейнетақы 2%-ға артып отырады. 20 жыл еңбек өтілі болған жағдайда базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 85%-ын құрайды, ал 30 жылдан астам өтілі бар азаматтарға ең жоғары мөлшерде, яғни 105% белгіленеді.
Одан бөлек, міндетті зейнетақы жарналарын тұрақты және толық көлемде аудару азаматтардың зейнетақы төлемдерінің мөлшерін арттыруға мүмкіндік береді. Егер бір ай ішінде бірнеше рет жарна аударылса, бұл мерзім бір айға есептеледі.
Жалпы, зейнетақы мөлшері азаматтың еңбек өтіліне, міндетті зейнетақы жарналарын аударуға және зейнеткерлікке дейінгі орташа айлық табысына байланысты белгіленеді.
Ұқсас жаңалықтар
Жамбыл облысындағы шалғай ауылда мәдениет үйі пайдалануға берілді
- авторAR-AY
- Бүгін, 09:20