Халықтың үмітін арқалаған депутаттар елге адал қызмет етуге тиіс. Ал мұндай әрекеттер елдің сенімін ғана емес, партия беделін де құлдырататыны белгілі. Әсіресе «AMANAT» партиясы секілді ірі саяси ұйымның ішінен шыққан адамның осындай жағдайға тап болуы қоғамда теріс пікір тудырып, партияның жауапкершілігіне көлеңке түсіруі мүмкін.
Осы мәселені облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің қатысуымен өткен сегізінші шақырылған облыстық мәслихаттың кезекті жиырмасыншы сессиясында облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов қынжыла жеткізді.
– Осы жылдың 21 мамырында «AMANAT» партиясының облыстық филиалы облыстық мәслихаттың №18 сайлау округі бойынша VIII шақырылымының депутаты, Шу ауданындағы №37 бокстан және спорт ойындары түрлерінен балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Бағдат Толыбаевтың «AMANAT» партиясы Жарғысының 3.6-тармағын және «AMANAT» партиясы мүшесінің Этика кодексі талаптарын бұзғаны үшін партия қатарынан шығарылғанын Жамбыл облыстық сайлау комиссиясына хабарлады. Сондай-ақ Қазақстан Республикасындағы заң талаптарына сәйкес депутаттық өкілеттілігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы ұсыныс берген болатын. Осыған орай «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңының 20-бабы 3-тармағы 3-1 тармақшасын негізге ала отырып, облыстық сайлау комиссиясының осы жылдың 23 мамырындағы №10 қаулысы бойынша бұл азаматтың мәслихат депутаты өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды. Сол сияқты облыстық мәслихаттың №15-12 шешімімен 28 маусымда өз өтінішімен қайырылған №4 бірмандаттық аумақтық сайлау округінен сайланған облыстық мәслихаттың сегізінші шақырылымының депутаты Дархан Мусирбековтің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған болатын. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конститутциялық заңының 13-тарауы 101-бабының 4-тармақшасынында депутат өкілеттіктерінің мерзімінен бұрын тоқтатылуы не мандатынан айырылу шығып қалғандардың орнына депутаттарды сайлауды тағайындауға негіз болып есептелетіндігі айқындалған. Осыған орай заңның 101-бабының 3-1 тармақшасы бойынша, облыстық сайлау комиссиясы 2024 жылғы 8 желтоқсанда жоғарыда шығып қалған депутаттардың орнына сайлау тағайындаған. Сондықтан аталған сайлау қорытындылары туралы хабарлауға рұқсат етіңіздер, – деген С.Айдапкелов қай үміткер сайлауда қанша дауысқа ие болғанын, жалпы қанша сайлаушы дауыс бергенін сөз етті.
Сайлау қорытындысымен №4 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша облыстық мәслихаттың депутаты болып Тараз қаласының тұрғыны, «Ауыл Береке» жауапкершілігі шекеулі серіктестігінің құрылтайшысы Алтай Карабеков сайланыпты. Ал №18 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша облыстық мәслихаттың депутаты болып Шу ауданының тұрғыны, жеке кәсіпкер Нұржан Әділов сайланған екен. Осылайша сессия барысында облыстық мәслихаттың қабылдаған шешімінен кейін аталған азаматтарға облыстық мәслихат депутатының куәлігі мен төсбелгісі тапсырылды.
Күн тәртібіндегі облыстық мәслихаттың атқарған жұмысы туралы мәселе сессияға дейінгі өткізілген тұрақты комиссияның бірлескен отырысында қаралғандықтан есепті қайта тыңдаудың қажеті жоқ деп танылып, шешім бірауыздан қабылданды.
Келесі мәселе бойынша облыс әкімінің орынбасары Әбілхайыр Тамабектің облыста агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған жоспарының жүзеге асырылуы туралы баяндамасы тыңдалды. Ә.Тамабек егіншаруашылығы, малшаруашылығы, техниканың жаңартылуы, салаға инвестиция тарту, ірі жобаларды жүзеге асыру, жайылым мәселесі, «Ауыл аманаты» жобасының жүзеге асырылуы секілді салада атқарылған тірліктерді тізбеледі. Ол сөз арасында: «Жалпы облыс бойынша барлығы 5 862 мал қыстату орны бар. Оның 1 020-сы шалғайдағы жайылымдарда, яғни құм зонасында орналасқан. Малшыларға арналған 5 564 тұрғын үй, 2 184 қашар, 936 баз жөндеуден өткізілген. Барлық аудандарда мал қыстауын өткізу бойынша жедел штабтар құрылған. Құрылған штаб қыстау барысында туындауы мүмкін болған мәселелерді шұғыл түрде шешуге, қажет болған жағдайда аудандағы ірі кәсіпорындардың резервтерінен, мысалы, техникасынан басқа да ресурстарын ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді. Сондықтан мал қыстату науқанын ұйымшылдықпен өткізу үшін барлық кешенді шаралар атқарылуда», – деді.
Бұдан кейін қосымша баяндама жасаған облыстық мәслихаттың депутаты Бегалы Ералиев ауылшаруашылығы, ветеринария секілді бірқатар салаларда орын алған кемшіліктерді сөз етті. Өз кезегінде депутаттар бірқатар маңызды мәселе бойынша сұрақтар қойып, ол бойынша Әбілхайыр Ғалымұлы, тиісті аудан әкімдері мен басқарма басшылары жауап берді. Сондай-ақ сессия барысында бұдан да басқа бірқатар мәселе қаралып, тиісті шешім қабылданды.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ