Белсенді жастарға «TARAZ AWARDS» сыйлығы тапсырылды
- author AR-AY
- 4 желтоқсан, 2024
- 22
Жастардың азаматтық және қоғамдық-саяси белсенділігін арттыруға білім, ғылым, өнер, мәдени, шығармашылық деңгейін өсіруге және өңірдің жастар саясатындағы өзін-өзі басқару жүйесін қалыптастыруға жағдай жасауды мақсат еткен іс-шарада әуелі «Тараздың жыр маржандары» атты жас ақындардың ұжымдық жинағының тұсауы кесілді. Жинаққа 20-ға жуық жас ақынның өлеңдері топтастырылған.
Бұдан кейін Тараз қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил сөз алып, жүрекжарды лебізін арнады.
– Қазіргі таңда Тараз қаласы тұрғындарының 30 пайызға жуығын жастар құрайды. Бүгінде оларды қолдау мақсатында баянды бастамалар мен жарқын жобалар жүзеге асып келеді. «Тараз AWARDS» жастар сыйлығы – соның жарқын көрінісі. Жыл сайын дәстүрге айналған байқауға қатысушылардың қатары жылдан-жылға артып келе жатқаны көңіл қуантады. Осының өзі шаһарымызда белсенді жастардың көбейіп келе жатқанын айқын аңғартып отыр, – деген Қайрат Әбілханұлы әр сала бойынша үздік деп танылған белсенді жастарға арнайы марапаттарды табыстады.
Жүлде 15 номинация бойынша берілді. Атап өтер болсақ, «Жайдарлы Жастар КВН лигасы» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Азамат Нұрлан «Үздік жайдарманшы», Тараз теміржол көлігі және коммуникация колледжінің студенті Мирас Болат «Үздік жас спортшы», «Jambyl-Taraz» газеті бас редакторының орынбасары Мұратхан Әлімхан «Үздік жас баспа журналисі», «Taraz 24» телеарнасының журналист-редакторы Гүлнар Тайжан «Үздік жас тележурналист» номинациясына ие болды.
Сондай-ақ облыс әкімдігі дін істері басқармасының маманы Асылхан Қалмырзаев «Жас мемлекеттік қызметкер», Тараз қалалық №3 өрт сөндіру бөлімінің басшысы Бостанбай Абдуллаев «Үздік төтенше жағдайлар қызметінің жас қызметкері», М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің жастар ісі жөніндегі комитет төрағасы Дәурен Мамыш «Жастар ісі жөніндегі үздік қызметкер» атанды.
Сондай-ақ облыстық халық шығармашылығы орталығының қызметкері Аяна Ким «Қоғамдық қызметтегі үздік жас», Тараз қаласы әкімдігі медиа орталығының директоры Балнұр Бектұрғанова «Үздік жұмысшы жас», Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының студенті Аружан Мұхан «Үздік жас волонтер», дін проблемаларын зерттеу орталығы директорының орынбасары Бақдәулет Тілеухан «Үздік әлеуметтік қызмет маманы» сыйлығымен марапатталды.
Сол секілді «Озат білім компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мектебінің қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Ерлан Нұрланов «Үздік жас мұғалім», «Тараз достары» жастар қоғамдық бірлестігінің мүшесі Елнұр Серік «Үздік мобилограф», Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Арсен Анарбек «Үздік оқушы» және Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының қызметкері Ғалия Абылай «Мәдениет саласының үздік жас маманы» номинациясына лайық деп танылды.
– «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының мүшесі ретінде көптеген іс-шараға белсенді қатысамын. 2022 жылы «Үздік студент» атанғанмын. Бүгін қала әкімінің сыйлығына ие болып отырмын. Өте қуаныштымын, – деді «Қоғамдық қызметтегі үздік жас» номинациясының жеңімпазы Аяна Ким.
Іс-шара соңы өнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласты.
Ақтоты БЕКЕНҚЫЗЫ