Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Заманауи кәсіпті серік еткен Сүйеніш

Заманауи кәсіпті серік еткен Сүйеніш
Ашық Дереккөз
Мемлекеттік қолдаудың арқасында елімізде кәсіпкерлікке бет бұрған жастардың қатары жыл санап артып келеді. «Балақ түріп қарекет қылғандардың, бақыт келіп есігінен сығалайды» деген қағиданы берік ұстанған жас кәсіпкерлердің ілкімді істері жайлы газетімізде ауық-ауық жазып жүріп байқағанымыз, бүгінгі жастар уақыт көшіне ілесіп, заманауи кәсіп түрлерімен айналысқанды жөн көреді екен.

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Сүйеніш Кемалов та заманауи кәсіпті жанына серік еткен жас кәсіпкерлердің бірі. «Жігітке жеті өнер де аз» демекші, 25 жасар Сүйеніш теледидар бұрышын (TV зона) жасап, табыс тайқазанын тасытып жүр.

Сүйеніштің теледидар бұрышын жасауды кәсіп қылғанына екі жылдай болыпты. Қазақстанның кез келген қаласынан тапсырыс қабылдайды. Тек тапсырысты бір апта бұрын беруіңіз қажет. Себебі Сүйеніш сіз таңдаған түске орай жиһаз жасап, көлеміне сай кесіп дайындайды, бояйды, әрлейді.

– Әкем Арқалық – жиһаз жасау шебері. Бала кезімнен қасында жүріп, өнерін бойыма сіңірдім. Әкем де ынта-ықыласымды байқап, қолөнерге баулыды. Бүгінде әкем бейнетінің зейнетін көруде. Бірақ әлі де маған қолғабыс етіп, көмектеседі. Ақыл-кеңесін аямайды. Алғашында әкеме теледидар бұрышын жасағым келетінін, сұраныс та жоғары екенін айтып кеңес сұрағанымда бірден қолдады. Сөйтіп тәуекел етіп, кәсібімді бастап кеттім. Сұраныс көп болғандықтан табысы да ойдағыдай. Бір күнде көп дегенде 3 теледидар бұрышын жасап, орната аламыз. Себебі жұмысымыз қажыр-қайратты, күшті талап етеді. Бір қабырғаны толық алатын жиһаздың әр бұйымын қағу, ілу, үйлестіру, тоқ жүргізу оңай емес. Бір теледидар бұрышының құны шамамен 230 000-400 000 теңге аралығында. Баға бөлменің қабырғасының көлемі мен еніне байланысты. Мұның ішіне ток жүргізу, жарық қою, аумағымен қоса теледидарды қосу, жиһаздарын жасау, ілу секілді жұмыстар кіреді. Тапсырысты 5 немесе 7 күннің ішінде жасап, жеткізіп, қойып беріп кетеміз, – деген Сүйеніш Арқабекұлы 3 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырғанын жеткізді.

Жақында ғана оқуын бітірген жас кәсіпкер бүгінде кәсібін өзгелерге де үйретіп жүр. Осылайша шағын кәсібінің қыр-сырымен бөлісіп, басқалардың да кәсіп бастауына көмектесуде.

Ал кәсіпкердің әкесі, қолөнер шебері Арқабек Кемалов балаларын жастайынан еңбекке баулып өсіргенін айтады.

– «Баланы – жастан» дейді дана халқымыз. Үш ұлым бар. Үлкені – Сүйеніш. Үш ұлымды да қара жұмысқа бейім етіп тәрбиеледім. Еңбексіз ырыс кірмейді. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей», деп Абай атамыз айтқандай, еңбек қана адамды ұшпаққа шығарып, тілегенін беретіні ақиқат. Еңбектің қадір-қасиетін балаларыма ұғындыра алдым деп ойлаймын. Қазір сол тәрбиемнің жемісін жеп отыр. Жаз айларында күніне 1 миллион теңгеге дейін табыс табады. Анасының қалағанын әперіп, отбасына қолғабыс болып отыр, – дейді әкесі Арқабек Кемалов.

Алдағы уақытта Сүйеніш гранттарға қатысып, жеңілдетілген несие алып, өз ісін өркендете түспек.

Эльмира БАЙНАЗАРОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар