2024 жылы облыс көлемінде 16 мәдениет нысанының құрылысын жүргізуге 3 миллиард теңге қарастырылыпты.
Басқарма басшысының айтуынша, жыл санап саланы қаржыландыру көлемі артып келеді. 2024 жылы мәдениет саласына 14,4 миллиард теңге бөлініпті.
– Жыл соңына дейін 8 мәдениет нысанының құрылысын аяқтау жоспарланған болатын. Бүгінгі күні 5 нысанның құрылысы аяқталды. Сондай-ақ Жамбыл ауданы, Аса ауылындағы аудандық мәдениет үйін, Т.Рысқұлов ауданындағы Д.Қонаев ауылдық мәдениет үйін күрделі жөндеу жоспарланып, бүгінде жұмыстар бітуге жақын. Сонымен қатар жыл басынан бері мемлекеттік шығармашылық тапсырыс шеңберінде 36 үйірмеге 5,6 мың бала қамтылды. Облыста жалпы 199 мәдениет үйі мен клуб тұрғындарға қызмет көрсетуде. Былтыр бөлінген қосымша штат негізінде жаңадан 163 үйірме ашылып, 2 086 қатысушы қамтылды. Нәтижесінде үйірмелердің саны 886-ға жетіп, оған 11 111 адам тартылған. Оның ішінде балаларға арналған 642 үйірмеге 8 251 бала қатысады. Облыстағы клуб мекемелерінің материалдық техникалық базасын нығайтуға жергілікті бюджеттен 293 369,2 мың теңге бөлініп, қажетті құрал жабдықтармен қамтамасыз етілді. Облыс театрлары репертуарларын толықтыру мақсатында 5 жаңа қойылым сахналап, театр ұжымдары Т.Рысқұлов, Қордай, Меркі, Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Сарысу, Шу аудандарына және Талдықорған, Текелі, Қарағанды қалаларына гастрольдік іссапарлар ұйымдастырды, – дейді Ерлан Нұрманұлы.
Сондай-ақ басқарма басшысы А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының ұжымы Астана қаласында өткен Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы драматург Роза Мұқанованың драматургиясына арналған «ТЕАТР ALL» III халықаралық театр фестиваліне «Мәңгілік бала бейне» қойылымымен қатысып, «Сахналық жаңа форма табудағы ізденістер үшін» номинациясын иеленгенін ерекше атап өтті.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ