22 қазан күні жалауын желбіреткен дүниежүзілік додада еліміздің жас былғары қолғап шеберлері тарихи нәтиже тіркеп, 17 медальмен жалпы есепте көш бастады. Екінші сатыдан Өзбекстанның жас боксшылары көрінді. Үздік үштікті Ресей боксшылары түйіндеді.
Атап өтер болсақ, Бексұлтан Боранбек (51 келі), Төрехан Сабырхан (67 келі), Өнер Сейілхан (71 келі), Санжарәлі Бегалиев (75 келі), Елянур Тұрғанова (50 келі) және Аружан Зейноллаева (81 келі) жарысты алтын жүлдемен қорытындылады. Ал қыздар құрамасындағы Ұлдана Таубай күміс жүлдемен күптелді. Қола жүлдені Диас Берікбай (48 келі), Жансері Көшербаев (57 келі), Расұл Асанханов (92 келі), Аслан Елдібайұлы (92 келіден жоғары), Әнел Абдрасилова (48 келі), Бағжан Отынбай (52 келі), Толғанай Касымхан (60 келі), Аружан Жаңабаева (63 келі), Шұғыла Нәлібай (75 келі) және Панар Сейітханқызы (81 келіден жоғары) еншіледі.
Әлем чемпионатында атой салып, еліміздің абыройын асқақтатқан Бексұлтан Боранбек пен Әнел Абдрасилова Жамбыл бокс мектебінің дарынды түлектері екенін айта кеткен жөн. Бексұлтан бәсі жоғары бәсекеде Зимбабве, Молдова, Ресей, Иран боксшыларынан басым түсті. Ал ақтық сында колумбиялық Джастин Мореноны қапы қалдырып, тұғырдың ең биік сатысына көтерілді. Жоғары спорттық нәтиже көрсеткен спортшының жаттықтырушысы – Мұхтар Бердімбетов.
Сол секілді Будвадағы бәсекеде Әнел IBA-бейтарап командасының өкілін (3:2) және Венесуэла спортшысын (5:0) жеңді. Жартылай финалда Мексика боксшысына жол беріп, қола жүлдені қанағат тұтты. Әнелдің жеке жаттықтырушысы – Бауыржан Асқаров.
Әлеуметтік желідегі парақшасында боксшыларымызды жарқын жеңістерімен құттықтаған ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов жастарды қолдау алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғаса беретінін жеткізді.
«Жастарымыздың жеңісі – Қазақстан спортының жарқын болашағының кепілі!
22 қазан мен 3 қараша аралығында Черногорияда өткен бокстан жастар арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы 6 алтын олжалап, жалпы есепте бірінші орынға ие болды. Бұл үлкен жетістік елімізде мықты чемпиондар тәрбиеленіп жатқанын айқын дәлелдейді.
Жастарымыздың табанды еңбегі мен қажыр-қайраты осындай жоғары нәтижелерге жеткізді. Біздің болашағымыз талантты спортшылармен жарқын әрі сенімді болмақ. Алдағы уақытта да жеңісті сәттеріміз көп болсын!
Қазақстанның байрағын әлемдік аренада биікке көтерген барлық спортшымызға алғыс айтамын!» – деп жазды Ербол Қуантайұлы.
Ал журналист, спорт сарапшысы Аслан Қаженовтің айтуынша, ең бастысы, құрамадағы ауызбіршілік тарихи жетістікке жетуге жол ашты.
«Осы тарихи жетістікке негіз болған бірнеше фактор бар. Біз көбіне спортшылардың дайындығын айтамыз. Мамандардың біліктілігін айтамыз. Оның сыртында жасалып жатқан жағдайлар тағы бар. Ал ең негізгі фактор деп ауызбіршілікті алға тартатын едім. Өйткені әлем чемпионатына әзірліктен бастап бақылап жүрмін. Жарыстың да басы-қасында да болдым. Қазақ боксының тарихи жетістігіне негіз болған ең басты фактор – ауызбіршілік.
Париж Олимпиадасынан кейін салада жүргендердің басы біріге бастады. Спортшылар да оның маңызын жіті түсінді. Қазақ біріксе, керемет күшке айналады. Мен оны бұрыннан айтып жүрмін. Ал осы жолы іс жүзінде дәлелдедік. Былтыр Ташкенттегі ересектердің әлем чемпионатында да осындай бір серпіліс болып еді. Араға бір жыл салып, жастарымыз сол жетістіктерді қайталады. Сол эмоцияларды сыйлады.
Бұл жерде ең жоғарыда Президент берген тапсырмадан бастап (Париж Олимпиадасынан кейін реформа қажеттігін айтқан еді), спортқа жауапты министрік және Қазақстан бокс федерациясының басшылары, оның бер жағында бапкерлер, дәрігерлер, массажистер, диетологтар, психологтар, спортшылар, ата-аналар, тіпті жанкүйерлердің де үлесі бар. Бәрінің жұдырықтай жұмылып, бір-бірін барынша қолдап, кешенді әрекет етуінің арқасында әлемнің алдына шығып, тарихи нәтиже тіркедік. Қазақ боксы тірі. Болған және бола да береді. Осындай ізбасарлар тұрғанда әлі талай биікті бағындырамыз», – дейді А.Қаженов.
Иә, қалай десек те Олимпиадада өнер көрсеткен ағаларының ағаттықтарын қайталамай, жарқын жеңістерімен қуантқан жастарымыз жарады. Будвада бағы жанған қазақ боксының болашақ жұлдыздарының жолы әрдайым ашық болып, алдағы Олимпиада ойындарында да атой салады деген сенімдеміз.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ