Сервитут - бөтен жер учаскесін және (немесе) жылжымайтын мүліктің басқа да объектісін шектеулі мақсатта пайдалану құқығы, оның ішінде жаяу өту, көлікпен өту, қажетті коммуникацияларды тарту мен пайдалану және өзге де қажеттер үшін шектеулі мақсатта пайдалану құқығы.
Заңнама сервитуттың екі түрін анықтайды жеке және жария.Құқықтық кадастрда мемлекеттік тіркеуге сервитуттар және үстемдікке ие жер учаскесінің немесе өзге де жылжымайтын мүлік объектісінің пайдасына кемінде бір жыл мерзімге сервитуттар жатады.
Сервитутты тіркеу кезінде олардың негізінде сервитут пайда болған құжаттарға осындай сервитутты ұсынатын тұлға куәландырған сервитуттың қолданылу аясының шекарасын көрсете отырып, жер учаскесінің жоспары қоса беріледі. Егер сервитут бүкіл жер учаскесіне қатысты болса, жер учаскесінің жоспарын ұсыну талап етілмейді.
Сервитут мәмілелердің, оның ішінде сатып алу-сату мен кепілдің дербес нысанасы бола алмайды. Сервитут басқа адамдарға сервитут белгіленген құқықпен бірге ғана ауыса алады.
Мемлекеттік сервитуттар құқықтық кадастрда міндетті мемлекеттік тіркеуге жатпайтын басым мүдделер болып табылады.
Жария сервитуттар, егер бұл мемлекеттің және жергілікті халықтың мүдделерін немесе пайдалы қазбаларға барлау жүргізу немесе геологиялық зерделеу мақсаттарын қамтамасыз ету үшін қажет болған жағдайларда, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың әкімдерінің шешімдері негізінде жер учаскелерін алып қоймай, белгіленуі мүмкін, ауылдық округтердің жер учаскелерін беру жөніндегі құзыреті шегінде (Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 69-бабының 4-тармағы).
Бұл ретте, Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 75-бабының 3-тармағына сәйкес, нормативтік құқықтық актілер негізінде туындайтын сервитуттар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы заңнамалық актісіне сәйкес тіркеу объектілері болып табылмайтын өзге де сервитуттар мемлекеттік тіркеуге жатпайды.
Жамбыл облысы Әділет
департаментінің бас маманы
Ж. Асанбаев