Осы мақсатта облыстық «Айрықша тәуекелді ардагерлері мен мүгедектері» қоғамдық бірлестігінің саяси бөлім бастығы Сейтхан Қуантаев пен зейнеткер Мұхамеджан Садыбековтің қатысуымен Тараз қаласындағы №64 орта мектепте төтенше жағдайлар, оның ішінде жер сілкінісі кезіндегі іс-әрекеттерді бақылау мен қорғану дағдыларын қалыптастыру мақсатында сейсможаттығу дайындығы өтті.
Сейсможаттығудың мақсаты – мектеп басшылығының, ұстаздар құрамының, техникалық қызметкерлер мен білім алушылардың жер сілкінісі кезіндегі қауіпсіздік шараларын орындауға даярлығын тексеру, кез келген төтенше жағдайда сауатты іс-әрекет жасау және апатты жағдайда өздерін қалыпты ұстай білу дағдыларына үйрету. Бұған дейін де білім ошақтарында арнайы жоспарға сәйкес теориялық және практикалық оқу-жаттығу жұмыстары өткізіліп тұратын.
Төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында ұйымдастырылған іс-шара барысында 2 347 оқушы мен 128 мұғалім қауіпсіз жерге шығарылып, білім алушылар жетекшілерімен бірге сапқа тұрды.
Іс-шарада №64 орта мектептің директоры Эльмира Серікқызы сөз алып, мұндай дайындық жұмыстарын жиі өткізіп тұрудың пайдалы екенін жеткізді.
– Барлық іс-шара арнайы нұсқаулық негізінде жүзеге асады. «Қауіпсіздік нұсқаулығы» құжаты 2022 жылы 30 наурызда бекітіліп, арнайы бұйрық ҚР Төтенше жағдайлар министрлігімен келісілген. Бұйрықта төтенше жағдай кезінде қандай әрекет жасау керектігі жайлы жазылған. Мысалы, «Мұғалім не істей алады?», «Эвакуация жұмысы қалай жасалады?», «Балаларға қандай көмек көрсетіледі?» және басқа да сұрақтарға жауап береді. Осы ретте мұғалімдердің маңызды міндеті – балаға көмек көрсету және олардың денсаулығын сақтау, – деді Эльмира Серікқызы.
Мұнан кейін сынып жетекшілері әр сыныпта неше білім алушы болғаны және олардың түгел қауіпсіз алаңға шығарылғаны туралы есеп берді. Осылайша білім нәрімен сусындатып қана қоймай, өнегелі тәрбие мен әскери тәртіпті де бала бойына сіңіре білген ұлағатты ұстаздар өздерінің кез келген тапсырмаға дайын екендігін көрсетті.
Ал мамандар болса жер сілкінісі кезінде ғимарат ішінде қандай іс-әрекеттер жасау керектігін көрсетті. Жоғары сынып оқушыларына практика жүзінде үйретіп, толыққанды түсіндірме жұмысы арқылы тәжірибе жасады. Сонымен қатар Сейтхан Қуантаев төтенше жағдайлар кезінде дүрбелеңге салынбас үшін ата-аналарға, білім алушылар мен мұғалімдерге арналған Оқу-ағарту министрлігінде бекітілген кеңестерге тоқталды.
– Кеңесте бекітілген нақты алгоритм бар. Онда не істеу керектігі көрсетілген. Егер бала төтенше жағдай кезінде мектепте болса, онда ең алдымен ештеңеге алаңдамай, мұғалімнің эвакуация бойынша айтқан нұсқаулығын орындауы керек. Мұғалімнің қасынан бөлек кетпей, топпен бірге жүруі қажет. Осы тұрғыда біз мұғалімге де нақты нұсқаулықтар береміз. Себебі педагог баланың өмірі мен денсаулығына жауап береді. Балаларды ғимараттан шығарған соң сапқа тұрғызып, санап шығуы керек. Яғни балалардың толық шыққанына көз жеткізу – басты міндет, – деді Сейтхан Мұратұлы.
Жер сілкінісі орын алған кезде ата-аналар да мұғалімнің нұсқаулығын тыңдауы керек. Атап айтсақ, ғимараттан мүмкіндігінше тез шығып кету, баспалдақпен түсу, эвакуация кезінде дүрбелең мен қысым жасамау, мүмкіндігінше зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсету, көшеге шыққанда ғимараттың жанында тұрмау, ашық кеңістікке және эвакуация орындарына өту, ғимараттан шығу мүмкіндігі болмаған жағдайда ең қауіпсіз орынға бару, терезелер мен электр құрылғыларынан алыс болу секілді нұсқаулықтарға құлақ асуы тиіс.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ