Жобаның негізгі мақсаты – балаларды интернеттегі қауіпті мазмұннан қорғау, оларға саналы ақпараттық орта қалыптастыру дағдыларын үйрету және олардың цифрлық қауіпсіздік туралы білімдерін арттыру.
Интернетте балалардың қауіпсіздігі мен құқығын қорғау мәселелері бүгінде жаһандық проблемаға айналды. Қазақстанда да бұл мәселе өзекті болғандықтан «Кибер тұмар» жобасы мектептер мен білім беру мекемелерінде белсенді түрде қолдау тауып отыр.
Жоба аясында балаларға интернетті қалай дұрыс пайдалану керектігі, әлеуметтік желілерде өздерін қалай қорғау қажеттігі, онлайн алаяқтардан сақтану жолдары туралы оқыту бағдарламалары ұсынылады. Сонымен қатар ата-аналар мен мұғалімдер үшін де арнайы семинарлар өткізіліп, балалардың интернеттегі қауіпсіздігін қамтамасыз етуде қандай шаралар қолдану қажеттігі түсіндіріледі. Балаларды қорғау тек олардың өздеріне ғана емес, сонымен қатар ересектердің де саналы түрде әрекет етуіне байланысты.
«Кибер тұмар» жобасының тағы бір ерекшелігі – бұл балаларға арналған интерактивті тренингтер мен ойын элементтері арқылы киберқауіпсіздік туралы ақпарат берудің тиімділігі. Мұндай тәсіл балалардың назарын аударып, ақпаратты жеңіл қабылдауына мүмкіндік береді. Жобадағы оқыту материалдары қарапайым тілмен түсіндіріледі және өмірлік мысалдармен байытылған. Бұл әсіресе оқушылардың түсінуі мен қабылдауын жеңілдетеді.
Интернеттегі кибер қатерлер тек алаяқтық немесе жеке ақпаратты ұрлаумен шектелмейді. Балалар үшін зорлық-зомбылық, онлайн буллинг, арам ниетті ересектермен кездесу сияқты проблемалар да бар. «Кибер тұмар» осы мәселелерді де қамтып, балаларды мұндай қауіптерден сақтандыруға үлкен көңіл бөледі. Онлайн кеңістіктегі этиканы ұстану, дұрыс қарым-қатынас жасау, қауіпсіздік ережелерін білу сияқты дағдыларды меңгеру арқылы балалар интернетті қауіпсіз қолдануды үйренеді.
Бұл жобаны іске асыру арқылы еліміздің мектептері мен оқу орындары киберқауіпсіздік деңгейін арттыруға қадам басуда. «Кибер тұмар» қоғамда интернетті қауіпсіз қолдану мәдениетін қалыптастыруға үлес қосып, болашақ ұрпақтың ақпараттық технологияларға сауатты көзқарасын қалыптастырады. Балалардың саналы түрде интернетті пайдалануы және өз құқықтарын қорғау жолдарын білуі олардың ақпараттық ортада қауіпсіз өмір сүруіне мүмкіндік береді.
Ал осыған ұқсас құқықтық білім беретін сайтты тараздық оқушылар жасап шықты. Анар мен Балжан есімді 10-сынып оқушылары жобаны дайындауға 1 жыл уақытын жұмсаған. Баламасы жоқ хостингке құқық қорғау органдары қызығушылық танытуда.
Анар Жұмахан мен Балжан Асхат Тараз қаласындағы №45 мектепте оқиды. Болашағынан үлкен үміт күттіретін оқушылар «Қалқан» деп аталатын жобаны бір жыл бұрын қолға алған. Сайт 4 аудиторияға құқықтық білім беріп қана қоймай, буллингтің алдын алады. Мәселен, анимациялық бөлім 5-7-сынып оқушыларына арналған. Онда заң нормалары анимация мен комикстер арқылы түсіндіріледі. Ал 8-9-сынып оқушыларына арналып чатбот жасалған. Жасөспірімдер кез келген сұрағын немесе шағымын сонда жаза алады. Сонымен қоса жоғары сынып оқушылары мен ұстаздарға, ата-анаға арналған батырмалар бар.
– Сайт ең алғаш оқушыларға құқықтық сауаттылықты арттыруға көмек береді. Оқушылар сайт арқылы тікелей жасанды интеллектке өздерінің сұрақтарын қою арқылы құқықтық сауаттылыққа байланысты жауаптар ала алады, – дейді Балжан Асхатқызы.
Жалпы кейінгі жылдары облысымызда жасөспірімдер қылмысы өршіп тұр. Мәселен, былтырғы оқу жылының өзінде құқық қорғаушыларға оқушылардан буллингке байланысты 700-ге жуық хабарлама келіп түскен. Биыл 9 айда түрлі қылмысқа барған 60 жасөсіпірім қылмыстық жауапкершілікке тартылыпты. Облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасы ювеналды полиция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция майоры Әлішер Қалышев оқушылар құқықтық жауапкершілікті білмегеннен кейін түрлі бұзушылықтарға баратынын айтады. Сондықтан полиция департаменті оқушылар жасап шығарған ақпараттық жүйені қолдауға әзір.
– Оқушылардың жұмысы біздің көңілімізден шығып отыр. Алдағы уақытта жобаны жетілдіру бағытында барынша қолдау көрсетуге әзірміз, – деген Әлішер Қалышев жыл басынан бері облыстық полиция департаменті 6 мыңға жуық профилактикалық түсіндірме жұмыстарын жүргізгенін айтты.
Осы орайда айта кетейік, биылдан бастап жасөспірімдерге әлімжеттік көрсеткендер әкімшілік жауапкершілікке тартылады. 15 сәуірде заңнамаға буллинг және кибербуллинг бабы енгізілді. Қазірдің өзінде аймақта заң бұзған 3 оқушы есепке алынып, ата-анасына айыппұл салынды.
Жалпы алғанда, мұндай жобалар балалардың ғана емес, қоғамның да интернеттегі қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған кешенді шара. Бұл киберқауіпсіздік туралы білімді таратуға, балалар мен жасөспірімдердің саналы интернет қолданушылары болуына жағдай жасауға, сондай-ақ олардың құқықтарын қорғауға ықпал етеді.
Айжан ӨЗБЕКОВА