Биыл Сарысу және Мойынқұм аудандарында аумағы 14 158 61 гектар болатын «Бетпақдала» мемлекеттік табиғи қаумалы құрылды. Сондайақ қазіргі таңда өңірде аумағы 114505,9 гектар болатын жергілікті маңызы бар «Меркі» мемлекеттік өңірлік табиғи паркі құрылуда. Бұл өз кезегінде өңірде мекендейтін қар барысы, арқар, тауешкі, сілеусін және тағы басқа сирек кездесетін жабайы аңдардың, құстардың өсімін молайтып, популяциясын арттыруға ықпалын тигізеді. Сол сияқты биоалуандылық тұрақтап, өңірдегі экологиялық жағдай жақсара түсіп, табиғатты барынша сақтап қалуға әсер етеді.
Облысымыздың құмды алқаптарының басым бөлігінде сексеуіл ағашы өсетіні баршаға мәлім. Мұндай ормандар құмдардың басталуын тежеп, топырақты жел эрозиясынан қорғай отырып, шаңды дауылдарды кешіктіретіндігімен ерекшеленеді. Сонымен бірге тұзды батпақтардың қозғалысын тежеп, экологиялық тепе-теңдікті сақтайды. Тек бір сексеуіл бұтасы 4 тонна көшкінді тоқтатып, 10 шаршы метр құмды ұстап тұра алады. Осылайша бір қарағанда қарапайым көрінетін бұта шөлейттенудің алдын алады.
Жалпы елімізде орман қоры небәрі төрт-ақ пайызды құраса, орман алқабы алты миллион гектардан аспайды. Ал оның дені Әулиеата аумағында орналасқан. Облыстағы мемлекеттік орман қорының жалпы көлемі 4 миллион 427 мың 034 гектар, оның орман ағаштары көмкерген жерлері 2 миллион 357 мың 123 гектарды құрайды. Орман қоры жерлері облыс жер аумағының 30,8 пайызын, ал орманды жерлері 15,47 пайызын алып жатыр. Жыл сайын мемлекеттік орман қоры аумағындағы 5000 гектар жерге орман ағаштары көшеттен және тұқымнан өсірілуде. Соңғы кездері тал отырғызу дәстүрі еліміздің түкпір-түкпірінде қолға алынып, тиянақты мән берілуде. Мұның өзі қоғамға пайдасы зор игі бастама. Бұл бағытта көптеген жоба қолға алынып, жоспарлы жұмыстар атқарылуда.
Сондай-ақ 2021-2027 жылдарға арналған орман өсіру көлемін ұлғайтудың кешенді жоспарына сәйкес орман қоры аумағында 143 миллион ағаш отырғызу жоспарымызда бар. Мәселен, 2021-2023 жылдары 67,2 миллион, биыл 13,387 миллион ағаш отырғызылды. Осылайша аталған жоспар қарқынды орындалуда.
Орман шаруашылығы мекемелерінің өртке қарсы материалдық-техникалық базасын жақсарту мақсатында соңғы 4 жылда 1 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлініп, тиісті техникалар мен жабдықтар алынды. Осы жылы да материалдық-техникалық базаны толықтыру мақсатында жергілікті бюджеттен 280 миллион теңге қаражат қарастырылып, өртке қарсы техникалар, патрульдік автокөліктер мен агрегаттар сатып алынды. Соңғы 4 жылда орманшаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық базасы 49,8 пайыздан 78,5 пайызға жетті. Сонымен қатар өрт сөндіруге арналған 60 техниканы «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы лизингке 8 жылға бөліп төлеуге 1,597 миллиард теңгеге регламентпен айқындалған экологиялық талаптарға сәйкес алу жұмыстары жүргізілуде.
Тыныс-тіршілігіміз үшін маңызы зор саланы нығайтуда орманшыларымыз білікті де білімді, іскер де қабілетті маман ретінде өзгелерге үлгі-өнеге болып, облысымыздың әлеуметтік-экономикалық және орманшаруашылығы саласының дамуына өлшеусіз үлес қосып келеді. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» дейді даналарымыз. Олай болса, қызметкерлердің өңіріміздің табиғатын сауықтыру, орманды сақтау, қорғау мен молықтыруға әрі қарай да аянбай еңбек ете беретіндігіне сенім білдіре отырып, қиындығы мен қызығы қатар жүрген еңбектеріне толайым табыс тілеймін!
Олжас БАҚҚАРАЕВ,
облыс әкімдігі табиғи ресурстар
және табиғат пайдалануды реттеу
басқармасының басшысы
Айналаны ластаған 37 тұрғын айыппұл арқалады
Ұқсас жаңалықтар
Қазақстан дәнді дақылдардың экспорттық нарықтарын кеңейтуде
- авторAR-AY
- 6 желтоқсан, 2024
Рекордтық 580 млрд теңге егіншілерді қолдауға бағытталды
- авторAR-AY
- 6 желтоқсан, 2024