Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

АЭС электр энергиясына тәуелділіктен арылтады

АЭС электр энергиясына тәуелділіктен арылтады
Ашық дереккөз
Қазақстанға электр энергиясы өте қажет. Себебі қазіргі таңда еліміздің экономикалық өсу үрдісінде, динамикасында оң нәтиже бар. Экономика өскен сайын жаңа өндіріс орындары ашылады. Халық санының өсімі, оның тұтынатын қуат көзі секілді тағы да басқа жайттардың барлығы үшін электр энергиясы ауадай қажет.

Бүгінде электр энергиясын 7-8 түрлі тәсілмен өндіруге болады. Бірі – бұрыннан келе жатқан жылу кәсіпорындары арқылы электр энергиясын өндіру. Екіншісі – гидроэнергетика. Таудан аққан судың күш-қуатын пайдалану арқылы өндірілетін қуат көзі. Соңғы 4-5 жылда елімізде желден, күннен электр энергиясын өндіру қарқынды дамып келеді. Ал атом электр энергиясына келетін болсақ, оның 80 жылдан астам тарихы бар. Осы жылдар аралығында кейінгі заманауи технологиялардың арқасында атом электр стансаларының жұмысы түрлі модернизацияны бастан өткерді. Нәтижесінде бізге үшінші буынды технологияны пайдалану мүмкіндігі туды.

Бұл – қауіпке жоғары деңгейде төтеп беретін технология. Біздің ғалымдардың пайымынша, ең қауіпсіздігі жоғары деңгейдегі технология осы. Бұл жерде электр энергиясын алудың тәсілі барысында қауіптің атом реакторларына қатысы жоқ деп айтуға болады. Өйткені апаттың алдын алу, оны болдырмау нәтижесі жоғары талаптарға сәйкес жоспарланған.АЭС-ке қатысты ел ішінде «Балқаш көлін суалтып жібереді, оның тірі ағзаға зияны орасан» деген секілді жаңсақ пікірлер бар. Ғалымдардың есебінше, суға қажеттілік Балқаш көлінен табиғи түрде буланатын судың 0,33 пайызын ғана құрайды. Бұл – 60-65 миллион текше метр су. 108 миллиард текше метр су қоры бар Балқаш көліне бұл қажеттілікті өтеу айтарлықтай әсер етпейді.

Жұртты алаңдатқан тағы бір мәселе – электр энергиясының қымбатшылығы. АЭС арқылы өндірілген электр энергиясы басқа көздерден алынған электр қуатының құнынан арзанға түседі. Біз АЭС-тің біреуін ғана салып, энергия тапшылығынан құтыла алмайтынымыз анық. Қазіргі таңда салуға жоспарлап отырған АЭС 2 гигаватт электр қуатын береді. Ал Қазақстан бүгінде 20 гигаваттан аса электр энергиясын тұтынып отыр. Бұл станса қазақ елінің сырттан алатын электр энергиясының орнын ғана жабады. Демек, АЭС бізді сырттан келетін электр энергиясына деген тәуелділіктен арылтады.

Рахманқұл БАЙТЕЛИЕВ,
Тараз қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар