Біздің пайымымызша, адал кәсіпкер – қоғам мен нарықта этикалық қағидаларды ұстап, әділдік пен жауапкершілікті басты орынға қоятын жан. Ол заңнамалар мен моральдік нормаларды сақтай отырып өз ісін жүргізеді, қызметкерлеріне, серіктестеріне және тұтынушыларына әділ қарайды. Адал кәсіпкердің басты мақсаты – тек пайда табу ғана емес, сонымен бірге қоғамға пайдалы болу, қоршаған ортаға зиян келтірмей, тұрақты даму принциптерін ұстану. Осындай кәсіпкерлер бизнес саласында бедел мен сенімге ие болып, ұзақ мерзімді табысқа қол жеткізеді. Адалдық әр нәрседе керек. Хакім Абайдың «Есектің артын жусаң да мал тап» дейтіні бекер емес. Не істесең де адалынан істесең, әрине берекеге кенелесің. Жапондар қайта-қайта жұмыс ауыстырғанша өздері істеп жүрген шаруаны жүйелеп алуды жөн көреді екен.
Тіпті аула сыпырушы болсаң да сол істің биік деңгейіне шығуың керек. Өйткені не істейтінің емес, оны қалай атқаратының маңызды. Шағын істі дұрыс реттей алмаған адам үлкен тірлікті оңдырмайды. Қазіргі кезде шағын кәсібін ашып, нәпақа тауып жүрген кәсіпкерлер өте көп. Алайда кейбірінің кәсіпкер ретінде тіркелгісі, тіркелсе де салық төлегісі келмейді. Мысалы, Қытаймен бизнес жүргізіп немесе курс сатып, онлайн дүкен ашқандардың көбі әлеуметтік желілерден миллиондап нәпақа тауып отырса да ел игілігі үшін салық төлегісі жоқ. Ал бұл қадамның дұрыс еместігін, оның түптің-түбінде сұрауы болатынын түсінуіміз керек.
Бастысы қандай кәсіпті де адал жүргізіп, өзіңе де, өзгеге де пайда тигізген абзал. Өңірімізде нәсібін адалынан тауып, салықты уақытылы төлеп отырған кәсіпкерлер жетерлік. Былтыр тіпті ел экономикасының дамуына үлес қосып, салықты уақытылы төлеп жүрген адал кәсіпкерлер марапатталған болатын. Қазақта «Жұмыстың көзін тапқан – байлықтың өзін табады» деген сөз бекерге айтылмаса керек. Дәл осы нақылға сай еңбек етіп жүрген адал кәсіпкердің бірі – «Рысбаева және Ко» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Сәуле Рысбаева. Оның өз компаниясын қалай құрғаны, бастапқыда қандай қиындықтарға тап болғаны туралы жалпақ жұрт жақсы біледі.
– Мұсылман адам жұмысының беделі жоғары не төмендігіне, жеңіл не ауырлығына, табысының аз не көбіне емес, бірінші кезекте адалдығына мән беруі керек. Сонда таза, адал еңбек Алла Тағала алдында мәртебелі болмақ. Жалпы шариғатта адал кәсіп жасаудың өзі құлшылық болып есептеледі. Еш уақытта табысымызды, салығымызды жасырған емеспіз. Бізде бәрі айқын. Кәсіп бастаған 30 жылда салықтан жалтармадық. Халыққа адал қызмет көрсеттік. 2023 жылы өзім басқарып отырған «Рысбаева және Ко» ЖШС 5 764 625 теңге, «R-плюс» ЖШС 13 543 554 теңге, «Асыл апам» шаруа қожалығы 1 816 523 теңге салық төлеппіз. Бір жылда Үкіметке 21 124 702 теңге салық төлегенбіз, – дейді Сәуле Мақшанқызы.
Тек кәсіпкерлікте ғана емес, қай салаға болса да адал адам қажет. Адалдық жүрген жерде адамдық жүреді. Кәсіпкер Бағдат Майлыбаева да «Адал еңбек – бәрін жеңбек» деген ұстанымда. Ол бүгінде «Bakonya» тігін фабрикасының жұмысын жүйелеп отыр. Таразда және Астана қаласында орналасқан тігін әрі сән үйінің тіршілігі қауырт. Ол сонымен қатар мейрамхана,балабақша ісінде де алда. Кәсіпкер 2023 жылы «Үздік салық төлеуші» номинациясын жеңіп алған. Сондықтан да халық алдында жүзі ашық. Әрбір тапқан табысын ашық көрсетіп, салықты да орнымен төлеп отыр.
– Әрбір ісімізді адалынан атқарғанға не жетсін. Осы орайда әкемнің берген тәрбиесі бойынша мен өмір жолымда да, кәсіп жолында да баршаға адалмын. Тапқан табысымды ешкімнен жасырған емеспін. Салықты да уақытылы төлейміз.Мобильді аударымдардың тексеріліп жатқанын білесіздер. Бұл дұрыс. «Көлеңкелі» бизнеске жол бермеуіміз қажет. Біз секілді адал салық төлеушілерге мобильді аударымдарды тексеру әсер етпейді. Әділдік және міндетті салық салу принциптері жүзеге асқаны дұрыс. Барлық кәсіпкерлер тең. Алынған табыстан салық төленуі тиіс, – дейді Бағдат Асаубайқызы.
Адал кәсіптің егіншілік, диқаншылық, саудасаттық, қолөнер, құсбегілік, білім беру сынды алуан түрі бар. Асылында, кәсіптің ең абзалы – өзінің мұқтажын өтеп, өзгелерге пайда тигізу. Дана Абай: «Адамшылықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйікті құлының бірі боласың» демей ме? Отбасын адал жолмен асырау мақсатында еңбек еткен адамның мерейі тасып, ырысы көбейетіні хақ.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА