Салтанатты іс-шарада облыс әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Мамашев, Тараз қалалық мәслихатының төрағасы Кенжебек Олжабай, қалалық ардагерлер кеңесінің төрайымы Күләш Әбдікешова, «Қазақстан татар және башқұрт конгресі» республикалық қоғамдық бірлестігі жанындағы «Ак калфак» татар және башқұрт әйелдері кеңесінің төрайымы, Астана қалалық «Дуслық» татар мәдени білім орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Яннат Низамутдинова барша жиналған қауымды мерекемен құттықтап, еліміздің дамуы мен нығаюына сүбелі үлес қосып жүрген бірлестік өкілдеріне құрмет көрсетті.
«Сабантой» – түрлі этнос өкілдерінің басын біріктіретін достық мерекесі. Достықты ту еткен мерекелік кеште облыстық «Днепро» украин этномәдени бірлестігінің төрағасы Федор Клименко, облыстық «Радонеж» орыс қауымдастығының төрағасы Владимир Сорокин, «Архыз» республикалық қоғамдық бірлестігінің Бірлік-қарашайбалқарлардың Жамбыл филиалы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Леля Узденова бастаған бірқатар өңірлік этномәдени бірлестік өкілдері ақжарма тілектерін арнап, береке-бірліктің мерекесі еліміздегі ынтымақтастықты сақтауда маңызды рөл атқаратындығын жеткізді.
«Сабантойда» көпшілік назарына татар шеберлерінің қолынан шыққан бұйымдар мен тәттілерден әзірленген көрмежәрмеңке ұсынылды. Сонымен қатар татар күресі, арқан тарту, қол күрес, қасықтағы жұмыртқамен жүгіру, қаппен қашықтыққа секіру сынды спорттық ойындар мереке көркін кіргізді. Сондай-ақ қала тұрғындары көркемөнерпаздар концертін тамашалап, заманауи әндерге биледі.
Толғанай АТАБАЙ,
«Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің
жетекші сарапшысы