Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Азаматтар құқығы – басты құндылық

Азаматтар құқығы –  басты құндылық
Ашық дереккөз
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында әркім адал еңбек етіп, лайықты құрметке қол жеткізуге тиіс екенін, осындай ізгі қасиеттің бәрін бойына сіңірген жанды адал азамат деген бірауыз сөзбен сипаттауға болатынын сөз еткені белгілі. Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабында ең қымбат қазына адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары екені атап көрсетілген.

Адам құқықтары мен бостандықтары әркімге тумысынан жазылған, олар абсолютті деп танылады, олардан ешкім айыра алмайды, заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілердің мазмұны мен қолданылуы осыған орай анықталады. Республиканың азаматы өзінің азаматтығына орай құқықтарға ие болып, міндеттер атқарады. Адамның және азаматтың өз құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыруы басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын бұзбауға, конституциялық құрылыс пен қоғамдық имандылыққа нұқсан келтірмеуге тиіс. Әркімнің құқық субъектісі ретінде танылуына құқығы бар және өзінің құқықтары мен бостандықтарын, қажетті қорғанысты қоса алғанда заңға қайшы келмейтін барлық тәсілдермен қорғауға құқылы. Тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге, сондай-ақ ешкімді азаптауға, оған зорлық-зомбылық жасауға, басқадай қатігездік немесе адамдық қадір-қасиетін қорлайтындай жәбір көрсетуге не жазалауға болмайды.Бұл орайда Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың, оларды сақтау мен құрметтеудің мемлекеттік кепілдігін қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Конституциясында белгіленген жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам болып белгіленген.Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің облыс бойынша өкілі Берікбол Байхожаевтың айтуынша, Ата заңымыздың 83-бабында атап көрсетілгендей, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл адам мен азаматтың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіруге жәрдемдеседі.

– Сонымен қатар адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын ілгерілетуге ықпал етеді. Өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезінде тәуелсіз болады және мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдарға есеп бермейді.Қылмыс орнында ұстап алынған немесе ауыр қылмыстар жасаған жағдайлардан басқа кезде өз өкілеттігінің мерзімі ішінде тұтқынға алуға, күштеп әкелуге, оған сот тәртібімен белгіленетін әкімшілік жазалар шараларын қолдануға, Сенаттың келісімінсіз қылмыстық жауаптылыққа тартуға болмайды.Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің құқықтық жағдайы және қызметін ұйымдастыру Конституциялық заңда айқындалған. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 1948 жылы қабылдаған декларацияда алғаш рет қорғалуы тиіс негізгі адам құқықтары жарияланып, халықаралық құқықтың негізі ретінде бекітілген. Соған орай әр мемлекет адам құқықтары саласындағы қандай бір міндеттемелер алып, оларды мүлтіксіз іске асыруға мүдделі. Қазақстан кең ауқымды демократиялық реформалар жүргізе отырып, адам құқықтарын қорғау жөніндегі халықаралық міндеттемелерін талапқа сай мүлтіксіз орындап келеді. Демократиялық даму, адам құқықтарын сақтау, заң үстемдігін нығайту бағытында қажетті заңнамалық актілер қабылданды, – дейді Берікбол Ұзақұлы.

Азаматтың құқығын қорғауда жеке басының қадір-қасиетіне қол сұғылмау жауапкершілігінің мәні айрықша екенін Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесі шеңберінде атқарылып жатқан кешенді шаралардан айқын аңғаруға болады. Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссардың кеңсесі мен оған тиесілі басқармалар адам құқықтарын қамтамасыз ету бойынша халықаралық күш-жігерді бір арнаға топтастырып, әлем бойынша жауап береді. Адам құқықтары саласындағы заманауи мәселелер аясында ой-пікірлер алмасу, талдау және жауап беру форматында түрлі шаралар ұйымдастырады. Негізгі сала бойынша ғылыми зерттеулерді, білім беру, ағарту және ақпараттық сипаттағы іс-шараларды үйлестіріп отырады. Басты жауапкершілік елдердің үкіметтеріне түсетіндіктен оларға сот төрелігін жүзеге асыру, заңнаманы реформалау және адам құқықтары саласындағы халықаралық нормалар мен стандарттарды іс жүзінде енгізу мақсатында техникалық көмектер көрсетеді.Берікбол Ұзақұлы адам құқықтарының сақталуына әркім мүдделі екенін, ол қоғам тарапынан қадағаланып отыруы керектігін айтады. 

– Бұл орайда құқық қорғау жүйелеріне белгілі талаптар жүктеледі. Үкімет өз азаматтарына қатысты әрекет ету еркіндігін қамтамасыз ететін ұлттық және халықаралық заңдарды басшылыққа алу арқылы құндылықтарды таратып, тәжірибеге енгізетін болса, сенім мен үміт те соғұрлым арта түсері сөзсіз. Адам құқықтарын қорғау туралы декларацияның 29-бабында адам баласының еркін және толық кемелденуіне мүмкіншілік беретін қоғам алдында міндеттері бары жан-жақты айқындалған. Адам өзімен қатар басқалардың да құқықтары мен бостандықтарын лайықты тануы демократиялық қоғамдағы моральдің, қоғамдық тәртіптің және жалпы әл-ауқаттың әділ талаптарына мойынсынуды білдіреді, – дейді Б.Байхожаев.

Жалпы елімізде адам құқықтары жөніндегі омбудсмен институты толыққанды жұмыс істейді, ол Конституциялық мәртебеге ие. Айта кетерлігі, 2022 жылы маусым айында бүкілхалықтық референдум өткізіліп, еліміздің Ата Заңына толықтырулар мен өзгерістер енгізілді. Енгізілген өзгерістердің ішінде Конституцияға Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы арнайы 83-1 бабы енгізіліп, уәкілдің құқықтық мәртебесі мен қызметі Конституциялық заңмен айқындалады деп көрсетілді. Осыған сәйкес 2022 жылдың 5 қарашасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» Конституциялық заңға қол қойды. Конституциялық заң бойынша, Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Қазақстан Республикасының Президентіне, Қазақстан Республикасының Парламентіне және Қазақстан Республикасының Үкіметіне адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын көтермелеу және қорғау мәселелері бойынша заң жобаларын әзірлеу, Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру жөнінде ұсыныстар бере алады.Сонымен қатар уәкіл адам және азаматтың негізгі құқықтарын қозғайтын нормативтік-құқықтық актілердің Ата заңға сәйкестігі бойынша Конституциялық Сотқа жүгіне алады. Уәкілге мұндай құқықтардың берілуі адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға мемлекеттік кепілдікті қамтамасыз ету тиімділігін арттырады. Уәкіл қызметінің міндеттеріне адамның және азаматтың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіруге жәрдемдесу, ҚР нормативтік-құқықтық актілерді жетілдіру, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын ілгерілетуге ықпал ету жатады.

Азаматтар өздерінің немесе өзге адамдардың ҚР Конституциясымен, заңнамалық актілерімен және халықаралық шарттарымен кепілдік берілген құқықтарының бұзылуына әкеліп соққан лауазымды адамдар мен ұйымдардың шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағыммен жүгіне алады. Яғни уәкіл және оның өкілдері Қазақстан Республикасының азаматтары және Қазақстан Республикасының аумағындағы шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың жеке өздері немесе өкілдері арқылы берген шағымдарын өз құзыреті шегінде қарайды.Бұдан бөлек адам және бала құқықтары жөніндегі омбудсмендер, ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған омбудсмен бар. Адам құқықтары жөніндегі уәкілге өтініш «e-Otinish» порталы арқылы жолданады. Іздеу жүйесінде «Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық» тіркелген. Құқықтардың бұзылуына соқтыратын мемлекеттік органдардың, лауазымды адамдар мен ұйымдардың әрекеттеріне немесе шешімдеріне кез келген уақытта шағымдануға болады. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл өтініштерді өз құзыреті шегінде келіп түскен күннен бастап 15 жұмыс күні ішінде (қарау мерзімі 2 айға дейін ұзартылуы мүмкін) қарайды. Өтініш шеңберінде омбудсменге өтініш берушілердің өз құқықтарын қорғау үшін пайдаланылатын тәсілдері, сотқа талап арызбен жүгіне алатыны, мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдарға мән-жайларды тексеру туралы сұрау салу құқықтары түсіндіріледі.

– Қазақстан БҰҰ-ның барлық негізгі конвенциялары мен хаттамаларын ратификациялауға, ұлттық деңгейде адам құқықтары саласындағы өзара іс-қимылдың жұмыс тетіктерін қолдануға белсене араласады. Осыған орай елімізде құқық қорғау ұйымдарының, мекемелердің және басқа да субъектілердің алуан түрлілігі орнығып, азаматтардың шексіз тобының өкілдігі мен мүдделерін қорғаудың, инклюзивті қоғам идеясын ілгерілетудің оң өзгерістері көрініс табуда. Президенттің «Адам құқықтары мен Заң үстемдігі саласындағы іс-қимыл жоспары туралы» Жарлығы осы іске ерекше серпін беріп, адам құқықтарын қорғау жүйесі нығая түсті. Соттардың тәуелсіздігін күшейтуге бағытталған заңнамалық түзетулер қабылданды. Алқабилер соты үшін істердің санаты кеңейтілді. Конституциялық сот Қазақстан азаматтары тікелей жүгіне алатын құқықтар мен бостандықтарды қорғаудың аса маңызды тетігі ретінде қайта құрылып, Конституциялық бақылаудың жоғары органы ретінде бекітілді. Өтініштерді беру және қарау тәртібін реттейтін заң қабылданып, азаматтарға онлайн сұрау салу арқылы өз пікірлерін білдіруге мүмкіндік берілді. Мұндай тәжірибе Үкімет қызметінің ашық мониторингіне де енгізілді. Әлеуметтік кодекс қабылданып, азаматтардың осал санаттарын қолдауға бағытталды.

Қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істейтін адамдар үшін арнайы төлемақы қосылды.Сол сияқты өлім жазасының күші жойылып, сотталғандардың денсаулығын қорғау азаматтық функциялары Ішкі істер министрлігінен Денсаулық сақтау министрлігінің қарауына берілді. БҰҰ-ның балалар мен мүгедектердің құқықтары туралы факультативтік хаттамалары ратификацияланды. Азаптау үшін қылмыстық жауапкершілік күшейтіліп, оған қарсы күрестің алдын алу тетігі оңтайландырылды. Азаптау мен қатыгездікке заңнамалық анықтама беріліп, тұрмыстық зорлық-зомбылық бағытында әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік күшейтілді. Мұндай жағдайларда тараптардың қайта татуласу мүмкіндігі заң жүзінде алынып тасталды, – деген Б Байхожаев жылдан-жылға Адам құқықтары жөніндегі уәкілге жолданған жүгінулер саны артқанын жеткізді.Мәселен, елімізде 2023 жылы 5 773 арыз-шағым түсіп, 2022 жылмен салыстырғанда 1,5 есеге, ал 2021 жылмен салыстырғанда үш есеге артқан екен. Өз өңірімізде де азаматтар құқығын қорғау ісі жүйелі жүзеге асуда. Берікбол Ұзақұлының сөзіне сүйенсек, өткен жылы Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың облыс бойынша өкілдігіне 291 арыз-шағым, 2024 жылдың 6 айында 135 арыз-шағым түскен. Өкілдік өтініштерді қарау барысында мемлекеттік органдарға 127 сұраныс хат және 25 өтінішхаттар мен ұсынымдар жолдаған.Нәтижесінде 7 адам тәртіптік, 1 тұлға әкімшілік жазаға тартылса, 1 азаматтың үстінен қылмыстық іс қозғалған. Сол сияқты 44 шағым қанағаттандырылып, 72 өтінішке тиісті түсіндірмелер беріліп, төртеуі құзырлы органдарға жолданыпты.

Сондай-ақ осы жылдың 6 айында ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің облыс бойынша өкілі 190 адамды жеке қабылдаған.Сонымен қатар биыл омбудсмен өкілі арнайы әлеуметтік қызметтер көрсететін, қоғамнан уақытша оқшаулауды қамтамасыз ететін немесе жазаны орындауға арналған 33 мекемеге алдын ала барған. Оның төртеуі облыс әкімі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның жұмыс тобымен, 8-і Ұлттық алдын алу тетігінің өңірлік қатысушылар тобымен бірлесе жүргізілген. Аталған шаралардың нәтижелері бойынша адамның және азаматтың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіру үшін қабылдануы тиіс шараларға қатысты өкілдік тарапынан 84 ұсыным жолданыпты. Берілген ұсынымдардың 68-і орындалып, мекемелердің 11 қызметкері тәртіптік жауапкершілікке, 2 қызметкері әкімшілік жауапкершілікке тартылған екен.Бір айта кетерлігі, адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғау бағытындағы жұмысты одан әрі күшейту және бұл жұмысқа қоғам өкілдерін тарту мақсатында ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің облыс бойынша өкілінің жанында сараптамалық кеңес құрылған. Сараптамалық кеңестің құрамына адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау саласында жұмыс тәжірибесі бар адамдар, азаматтық белсенділер, өңірлік үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері енген.

Кеңестің мақсаты – Қазақстан Республикасының Конституциясында кепілдік берілген адам және азамат құқықтары мен бостандықтарын, олардың сақталуы мен құрметтелуін қамтамасыз етуге жәрдемдесу. Негізгі міндеттері – аймақтағы адам және азамат құқықтары мен бостандықтарын сақтау және қорғау саласындағы жағдайды талдау, зерттеулер жүргізу. Сонымен қатар өңірдегі адам құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету және қорғау саласындағы ықтимал проблемалық бағыттар туралы уәкілдің өкіліне хабардар ету де атқарылар міндеттің бірі.Биыл 23 тамызда сараптамалық кеңестің алғашқы отырысы өткізіліп, аймақтағы адам және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтау және қорғау саласында талданатын және зерделенетін бағыттар талқыланған болатын. Халықтың әлеуметтік осал топтарындағы адамдардың құқықтарының сақталуы назарға алынып, алдағы уақытта осы бағытта жұмыс атқару жоспарланған еді.

Қорыта айтқанда, адам құқығы қашанда ең биік құндылық болып қала береді. Сайып келгенде, адам құқығының сақталуы – мемлекет іргетасының беріктігі болып саналады. Сондықтан мемлекеттің басты қазынасы саналатын ел азаматтарының құқығын қорғау жөніндегі жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Жай ғана жоба емес
Алдыңғы мақала
Жай ғана жоба емес

Ұқсас жаңалықтар