«Асарлатып үй салу» жобасы арқылы 338 отбасы баспаналы болған
- author AR-AY
- 1 қазан, 2024
- 77
Үйлі болған жандардың бірі Мұхамеджан Қарқынбаев «Жақсылық жаса» студиясында қуанышымен бөлісті.
«Үйді мамыр айында табыстады. Мектеп бітіргеніне 20-30 жыл толған түлектер мен ауыл тұрғындарының көмегімен үйлі болдық. Қуанышымда шек жоқ. Үйіміз кең, 5 адам тұрамыз. Баспана кімге берілу керектігін ақсақалдар алқасы, ауыл белсенділері мен демеуші кәсіпкерлер шешеді. Осы жақсылықтар жалғасын тауып, келесі жылы да тағы бір отбасыға асарлатып үй салып беруғе қатысамыз» - Мұхамеджан Қарқынбаев.
«Асарлатып үй салу» жобасының басы-қасында жүрген ұйымдастырушылар, ауыл белсенділері Олжас Әбілдаев және Мадияр Бақторазов «Жақсылық жаса» бағдарламасында қонақ болды.
«Асарлатып үй салып беруді 2020 жылы 1983 жылғы мектеп түлектері бастады. Кейін бұл жоба басқа түлектерден де қолдау тауып жыл сайынғы үрдіске айналды. Түлектерден бөлек игі іске ауыл тұрғындары, шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлер де атсалысуда. Биыл демеушілер көмегімен газы жоқ 13 үйге газ кіргіздік» - Олжас Әбілдаев.
Жоба жүздеген шаңырақты қуантты. Қаншама адам армандаған үйдің кілтіне ие болды. Осыған қарап, әлі де арамызда қазақтың төл дәстүрін айна қатесіз ұстанып, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп жүрген жандар бар екеніне көзіміз жетті.
«Жақсылық жаса» жобасының мақсаты – қоғамда түрлі ерлік істерімен танылған ел азаматтарын насихаттау әрі көрерменді бүгінгі күннің батырларынан үлгі алуға шақыру.
Бағдарлама «Qazaqstan» арнасынан әр жұма сайын 21:25-те тікелей эфирде өтеді.
Сілтеме: https://youtu.be/pWbYjY__ETQ?si=dQOfERONG-x4ToJp