Депутаттар Мемлекет басшысының бастамасы «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сай келіп отырғанын жеткізді. Бұл қадам еліміздің одан әрі дамуына жаңа мүмкіндіктер ашады.
– Экономиканың қазіргі заманғы проблемаларының бірі – электр энергиясының тапшылығы. Өсіп-өркендеуді екі есеге арттыру жоспарын есепке алғанда электр энергиясына деген қажеттілік одан да маңызды бола түсуде. Энергия көздерінің сенімді болмауы ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін. Атом электр стансасын салу кезінде халықтың пікірі ескеріледі. Бізге цифрлық технологияларды, жасанды интеллект пен өндірісті дамыту үшін қосымша энергия қажет. Қазақстанда атом электр стансасын салу – осы мәселені орынды шешудің жалғыз жолы, – деді Бекболат Орынбеков.
Сенаторлар Қордай ауданының тұрғындарымен және ардагерлер кеңесінің өкілдерімен де кездесті. Сонымен қатар Тараз қаласындағы Шерхан Мұртаза атындағы мектеп-гимназияда Сәкен Арубаев пен Бекболат Орынбеков және облыстың Құрметті азаматы Қасымхан Төлендиев, Тараз қалалық халықтық штаб мүшесі Кенжебек Олжабай мекеме ұжымымен кездесіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Жиынға қатысушылар атом электр стансасының құрылысы қазіргі уақытта еліміздің энергетикалық қажетін шамамен 70 пайызға қамтамасыз ететін әрі қоршаған ортаға зиян келтіретін көмір электр стансаларына тәуелділікті айтарлықтай азайтуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
– Бүгінгі қоғамда үлкен резонанс туғызып, халық ойын сан-саққа жіберген АЭС салу мәселесінде жалған ақпаратқа сенбеулеріңізді сұранамыз. Әлеуметтік желілерде АЭС тұрғысында шетелдердегі оқиғаларды мысалға алып, Семей сынақ алаңында болған жарылыспен салыстырып, ойдан өтірік сөз өрбітіп жүрген бейнематериалдар толып жатыр.Егер елімізде атом электр стансасы салынатын болса, бірнеше мәселе өз шешімін табатын еді. Жұмыссыздар екі қолға бір күрек тауып, жұмыспен қамтамасыз етіледі. Станса аумағында елге керекті ғимараттар тұрғызылады. Мемлекетімізде бұл бағыт бойынша маман тапшылығы да орын алмайды. Себебі еліміздегі төрт бірдей жоғары оқу орнында «Ядролық физика», «Атом энергетикасына арналған материалдар», «Ядролық физика және атом энергетикасы» мамандықтары бойынша сабақ берілуде, – деді Қасымхан Төлендиев.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ