1986 жылы 1 қыркүйекте қазақ-орыс тіліндегі аралас мектеп ретінде ашылып, 1989 жылы таза қазақтілді мектеп болып құрылған білім ошағы бүгінде өз деңгейінде оқушыларға білім нәрін құйып келеді.
Қазіргі таңда 177 ұстаз еңбек етіп, 1 000 оқушы білім алып жатқан мектептің директоры – Сандуғаш Иманбекова. Білім ордасы жетекші мектеп ретінде №50, №54 серіктес мектептермен «Сабақты зерттеу», «Іс-әрекеттегі зерттеу» бойынша тығыз байланыста жұмыс істейді. «Мұғалім тәжірибесіндегі зерттеулер» бойынша 4 тренер серіктес мектеп мұғалімдеріне жоспар бойынша жыл сайын мектепішілік курстар, коучинг, қалалық және облыстық семинарлар ұйымдастыруда.
Мектептің барлық мұғалімдері жаңартылған білім беру мазмұнының курстарына жыл сайын қатысып, кәсіби біліктіліктерін көтеруге ден қойған. 2022-2023 оқу жылында өткен мектепаралық рейтингпен «Инновациялық мектеп» деңгейіне тұрақтаған. Оқыту үдерісінде «Сабақты зерттеу» әдісі үздіксіз жүргізіліп келеді. Әр ұстаз өз тәжірибелерін өздері зерттеп, рефлексия жасай отырып, кәсіби даму мен оқу сапасын арттыру жолында жұмыс жүргізеді.
– Шона Смаханұлы атындағы №44 қазақ орта мектебінің тұңғыш директоры Гүлсім Нұржанова болды. 1986 жылдан бастап ұлт ұрпағына білім беру мен оқушы көкейіне ізгілік дәнін себуден айнымаған мектебіміздің абыройы асқақ.Тарихы терең, тағылымы ерен білім ошағында 30 жылға жуық тарих пәнінің мұғалімі болып жұмыс істегенімді мақтан тұтамын. Жалпы білім саласындағы еңбек жолым осы мектепте өтуде. Осы жылдар ішінде қаншама түлек қияға қанат қақты. Солардың бірі – әлемге танымал боксшы, Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаев. Мен оның сынып жетекшісі болдым.
Мектебіміздің алдыңғы қатарлы білім беру мекемесі болуына директорымыз Сандуғаш Мұханқызының қосқан еңбегі зор, – дейді тарих пәнінің мұғалімі, педагог-зерттеуші Бағдагүл Молдабаева.
Айта кету керек, мектеп дарынды оқушыларымен мақтанады. Мәселен, бір ғана халықаралық «British Bulldog» конкурсына 37 оқушы қатысып, бірнеше оқушы жүлделі орындардан көрініпті. Ал «Big. Ben» конкурсынан 9 оқушы жүлделі оралса, оның 9-ы І орынды жеңіп алған. Информатика бойынша қашықтан ұйымдастырылған халықаралық олимпиадаға 3 оқушы қатысып, І орын биігіне 2 оқушы қол жеткізсе, 1 оқушының ІІ орынды иеленуі мектептің жетістігін білдірсе керек.
– Мектеп – адамның өмір жолындағы бір тарихи белес. Мұндағы ұстаздарға айтылатын алғыс та зор.
Әрбір балаға тәлім-тәрбие берумен қатар, білім нәрімен де сусындатып келе жатқан мектебіміздің кітапханасында Шона атамыздың кітаптарын жиі оқып тұрамыз. Ақынның композитор Әбиірбек Тінәлінің әніне жазылған «Анамның тілі» туындысы мектептің әнұранына айналған. Мен жақсы оқуға, осы мектептің ұстаздарының сенімінен шығып, үлкен азамат болуға талпынамын, – дейді 7 «В» сыныбының үздік оқушысы Аяулым Орынбасар.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ