Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Батылдық та, батырлық та болмыстан

Батылдық та, батырлық та болмыстан
Ашық дереккөз
Біз тәртіп сақшыларын қоғамда көрініс тапқан құқықбұзушылықтарды реттеп, олардың салдары мен себептерін анықтайтын қызметкер деп түсінеміз. Алайда полиция қызметінің қаншалықты күрделі һәм қауіпті екеніне мән бермейміз. Бейбіт елде ғұмыр кешіп жатсақ та түрлі айтып келмейтін апаттардың кесірінен қызмет бабымен жүріп қаза тапқан сақшылар қаншама.

Күнделікті өмірде адам жанын ажалдан арашалап, тосыннан келетін тілсіз жаудан сақтап қалған сақшылардың ерлігі ерен. Міне, осындай өз қызметтерінде жасаған ерліктерін «ерлік емес, басты міндетіміз» деп жүрген полиция қызметкерлерін бүгінгі күннің батырлары деуге әбден лайық. Осы орайда біз ерлігімен көзге түскен бірнеше батырдың ісін дәріптеуді жөн көрдік.

Батырлық тек қана майданда өлшенбейді. Елдің тыныштығын кірпік қақпай күзетіп, сол жолда өз басын қатерге тігу де ерліктің көрінісі. Мұндай мысалдар Қазақстан полициясында жетерлік. Әсіресе жамбылдық сала мамандарының қаһармандығын жұрт әлі күнге аңыздай қылып айтады.

Ерлігімен есте қалған ерлердің тізімін Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовтан бастаған жөн болар. Тараз қаласында 2011 жылы болған қайғылы жағдай көпшіліктің әлі санасынан өше қойған жоқ. Сол қасіретті күні бейбіт тұрғындардың тыныштығын бірінші орынға қойған полиция департаментінің жол полициясы жеке батальоны 1-взводының командирі Ғазиз Байтасов лаңкес Мақсат Кариевтің ізіне түсіп, оны ұстау барысында ерлікпен қаза тапты. Аталған оқиғаны еске алсақ, Қазыбек би көшесіндегі Орталық гастроном маңында тоқтаған қылмыскер полицейлерге оқ жаудыра бастайды. Сол оқтың бірі Ғазиз Әбдібекұлын жаралайды. Алайда оған қарамастан, ол лаңкестің қолындағы жарылғыш затты байқап, ұмтыла түседі. Қылмыскерді жерге құлатқан сәтте оның қолындағы граната жарылады. Оқ пен отқа кеудесін тосқан жерлесімізге Президенттің Жарлығымен «Халық қаһарманы» ең жоғары атағы берілді. «Ерлік ескерусіз қалмайды» деген – осы.

Бұл тұста жол полициясының инспекторы Самат Алашев туралы да айтпай кетуге болмас. Самат Алашев 2011 жылғы қарашаның сол бір қаралы күні өзінің командирі Ғазиз Байтасовпен бірге арнайы тапсырмаға аттанды. Олардың алдында қару-жарақ дүкеніне қарулы шабуыл жасаған қылмыскерді ұстау міндеті тұрды. Террористі ұстау операциясы кезінде аса батылдық танытқан Самат Алашев оқ жарақатын алып, ес-түссіз ауруханаға жеткізіледі. Әріптес досы Ғазиздан айырылғанын ол кейінірек біледі.

Бейбіт тұрғындардың өмірін сақтауда өз басын қатерге тігіп, қызметке деген адалдығын танытқаны үшін полиция инспекторы Самат Алашев ҚР Президентінің Жарлығымен ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен наградталды. Ол бүгінде Тараз қаласы полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі бөлімінің аға инспекторы болып еңбек етуде.

Қазақстандық танымал жас режиссер Дәурен Қамшыбаев халық есінде көзсіз батырлығымен қалған Ғазиз Байтасов туралы «Капитан Байтасов» фильмінің түсірілімін жүргізді. Сондай-ақ фильмнің режиссері облыстық полиция департаментіне арнайы келіп, ведомствоның музейіне өзі жазған кинокартинаның сценарийін табыс етті.

– Бірінші кезекте, облыстық полиция басшылығы мен қызметкерлеріне фильмді дайындауда көрсеткен қолдауы мен көмегі үшін алғысымды айтқым келеді. Біздің картинамыз арқылы полиция қызметкерлерінің арасында офицерлік ар-намыс, батылдық пен ерлік сөздерінің мағынасын білдіретін көптеген азаматтың бар екенін көрсеткіміз келді, – деді Д.Қамшыбаев.

Терактіде қаза тапқан Ғазиз Байтасовқа арналған кинокартинада басты рөлді белгілі актер Азамат Сатыбалды ойнайды. Актер де өз кезегінде осынау салмақты рөлге бекітілгеніне қуанышты екенін жасырмады.

– Мен бұл жобада капитан Байтасовтың рөлін сомдаймын. Маған сенім артқан режиссерлерге алғыс айтамын. Бұл – ерекше жоба. Себебі фильм еліміздің батыры, Халық қаһарманының аруағына арналады. Ал мұндай туынды сәтті шығып, көрерменнің жүрегінен орын алады деп ойлаймын. Сәтін салса, күзде еліміздің барлық кинотеатрларынан «Капитан Байтасов» фильмін көресіздер, – деді актер.

Көп ұзамай «Капитан Байтасов» фильмі еліміздегі барлық кинотеатрлардан көруге қолжетімді болады.

Келесі кейіпкеріміз ІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегері, отставкадағы полиция подполковнигі Нұрғали Омаровтың да көзсіз батырлығы кімге болса да үлгі. Тәуелсіздік алып, енді еңсе тіктеген тоқсаныншы жылдары халықтың тұрмысы едәуір төмен болғаны шындық. Соның салдарынан тепсе темір үзетін жігіттер ұрлық-қарлыққа бой алдырып, ұсақ қылмыстар қоғамда жиі орын ала бастады. Сол кезеңде, яғни 1998 жылдың тамыз айында полиция аға лейтенанты Нұрғали Омаров өзіне бекітілген аумаққа кешкі кезекшілік жүргізіп келе жатады. Түнгі сағат шамамен 22:00-23:00-дің аралығында «Мыңбұлақ» ықшамауданында орналасқан «Жібек жолы» базарында екі белгісіз азамат суық қарумен саудагерлерді қорқытып, бопсалап тұрғанын байқайды. Омаров өзінің жалғыз екендігіне қарамастан тұра ұмтылады. Сол сәтте бұзақылардың бірі Нұрғали Омаровтың ішіне және көкірек тұсына пышақ сұғып, ауыр жарақаттайды. Сонда да полицей екі күдіктіні ұстап,  ішкі істер басқармасының кезекші бөліміне жеткізгеннен кейін есінен танып құлайды.Нұрғали Омаров 2006 жылы сол кездегі облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары қызметінен подполковник шенімен зейнетке шықты.

Әдетте мән бере бермегенімізбен кішігірім тұрмыстық жанжалдың өзі кейде адам өміріне қауіп төндіреді. Мәселен, 2004 жылдың 17 шілдесі күні кешкі сағат 19:00 шамасында Тараз қалалық ішкі істер басқармасының кезекші бөліміне Д.Бедный көшесіндегі үйдің тұрғыны қоңырау шалып, күйеуінің қолына қару алып, үйінде айқай-шу шығарып, қорқытып жатқандығын хабарлайды. Сол сәтте оқиға орнына кезекшілікте отырған жедел-тергеу тобы мен аталған аумақтың учаскелік инспекторы Жақсылық Ержанов бірінші болып жетіп, бой тасалаған «К» есімді азаматтың соңына түседі. Оны көше бойынан тоқтатқаны сол еді, күдікті қалтасынан жарылғыш зат алып, Ж.Ержановқа лақтырады. Ұзақ ойланатын сәт емес, полицей өзгелердің өмірін ойлап, бірден жарылғыш затты өзінің кеудесімен жауып құлайды. Ақырында «К» есімді тұрғын құрықталып, Жақсылық Ержанов бірнеше жарақат алып, ауруханаға жеткізіледі. Расында, оның бұл ерлігі кешегі Ұлы Отан соғысында пулеметті кеудесімен жапқан бабалардың батырлығынан несі кем?! Осы қаһармандығы үшін ҚР Президентінің Жарлығымен «Ерлігі үшін» медалімен наградталған ол бүгінде құрметті зейнеттік демалысқа шыққан.

Тағы бір ержүрек жерлесіміз Талғат Жартыбаевтың есімін ел-жұрт құрметпен атайды. Ол  автокөлік ұрлап қашқан қылмыскердің жолын кескен. Қылмыскер жылдамдықты асырып, машинаны жүйткіте жөнеледі. Кейіпкеріміз оның рөліне жармасып, көк мұзда тайғанап, сүйретіле, сырғи жүріп көлікті тоқтатқан. Тарқатып айтсақ, 2005 жылдың ақпан айында кезекші бөлімге Тараз қаласының тұрғыны «ВАЗ-2109» маркалы автокөлігін бейтаныс адамның айдап әкеткені туралы шағым түсіреді. Қаладан сыртқа шығатын жолдарды бекіту туралы жедел бұйрық беріліп, «Тараз-Алматы» тасжолын қадағалайтын полиция капитаны, ІІД жол-патрульдік полиция батальоны кезекші бөлімінің аға инспекторы Т.Жартыбаев өзінің қызмет көрсететін аумағына бақылауды күшейтеді. Ол Жамбыл даңғылымен келе жатып, қарсы бағыттағы жолдан ұрланған автокөлік нөмірін байқайды. Жүргізушінің құжатын сұраған полицейді күдікті автомобильмен қағып, қаша жөнеледі. Өзіне төнген қауіпке қарамастан, Талғат жалма-жан көлікке жармаса алдыңғы терезесін білегімен сындырып, қылмыскерді қолға түсіреді. Арада көп уақыт өтпей, ол «Ерлігі үшін» медалімен наградталды.

Ал құқық қорғау саласының ардагері Қайсар Самбетов болса, Қырғыз Республикасы Президентінің арнайы марапатына ие болған. Оқиғаны басынан баяндасақ, 2006 жылдың 30 қаңтарында «Алматы-Ташкент» тасжолының бойымен Қырғыз Республикасы Президентінің кортежі өтеді. Көрші Мемлекет басшысының кортежін облыс аумағынан алып жүру полиция сержанты Қайсар Самбетовке тапсырылады. Ресми тұлғаларды өңір шекарасынан шығарып салу сәтінде қарама-қарсы бағытта келе жатқан «Volvo» автокөлігі бұрылу маневрін сәтсіз орындап, кортежбен бетпе-бет келеді. Осы сәтте полиция сержанты көлігін жедел бұрып, «Volvo» автокөлігінің соққысын өзіне қабылдайды. Осы оқиғадан бір апта өткеннен кейін Қырғыз мемлекетінің өкілетті делегациясы жол полициясы қызметкеріне Қырғыз мемлекеті Президентінің жеке алғысын білдірсе, қызметтік міндетін мінсіз атқарудағы ерлігі үшін Қайсар Самбетов Президенттің Жарлығымен «Ерлігі үшін» медалін кеудесіне тақты.

«Ерлігі үшін» медалін иеленген полиция қызметкерінің бірі – Ерасыл Тілеміс. Қызметтік жолын 2013 жылы туған жері Т.Рысқұлов аудандық ішкі істер бөлімі криминалдық полиция бөлімшесінің жедел уәкілі болып бастаған жас маман алғашқы жылы-ақ ұмытылмас жайтты бастан кешеді. Оқиғаны басынан баяндасақ, Ерасыл жұмысқа алғаш тұрған жылдың 19 сәуірі еді. Кешкі сағат 23:00 шамасында «102 » арқылы жеке кәсіпкерден белгісіз адамдардың жолдың бойындағы бал сататын дүңгіршегіне тас лақтырып, бұзақылық жасап жатқаны туралы хабарлама түсті. Сол бойынша жедел тергеу тобы оқиға орнына аттанады. Жәбірленуші күдіктілердің егіс алқабына қашып кеткенін айтқан. Ол жақтан үш адамның бейнесін көріп, ізіне түседі. Олардың бірі жалғыз, екеуі бірге бөлініп қашады. Кейіпкеріміз екеуінің артынан қуа жөнеледі. Бар ойы оларды ұстау болғандықтан әріптестерінің артында қалып қойғандығын да байқамайды.Осылайша 700 метрдей жүгірген соң оларды қуып жетіп, құжатын көрсеткен ол полициядан екенін айтып, не істеп жүргендерін сұрайды. Олар «осы ауылданбыз» дейді. «Мен де осы ауылданмын. Сендерді танымаймын. Полиция бөлімшесіне жүріңдер», дейді. Артынша полиция қызметкері құқық бұзушылардың қолынан тарта бергенде біреуі босатуын өтінеді. Сол ортада бұзақылардың бірі Ерасылдың кеудесіне екі-үш рет пышақпен соққы жасайды. Жарақат алса да қылмыскермен арпалысқан батыр арт жағындағы әріптестеріне қашқандарды ұстағанын айтып, айқайлап шақырады. Жедел жеткен олар қылмыскерлердің қолдарын қайырып, тырп еткізбеді. Ұсталғандардың бет-жүзін көру үшін қолшамын алмақ болып кеудесіне қолын салған Ерасыл жарақаттанғанын жып-жылы болып аққан қанды көргенде бір-ақ сезеді. Жол жиегіне шыққан соң іші қатты ауыра бастайды. Кейін білгендей, пышақ бауырына тиіп, бүйрек тұсынан қолтық арқылы өтіп, өкпесінің сыртқы қабықшасын зақымдаған екен. Үш литрдей қан жоғалтып, өте ауыр халде жансақтау бөлімінде ота жасатып шыққан Ерасылдың өзін қатты жарақаттаған жасөспірімге сотта қатаң жаза сұрамай, соттың еркіне қалдырғаны да сабырлы мінезін көрсетсе керек. 

Тағы бір тұрғындарға қауіп төндірген жағдай 2014 жылдың 30 тамызы, жаңа оқу жылы қарсаңында болған. «Ауыл-Береке» базарында оқушыларға киім алуға асыққан азаматтардың қарасы қалың. Бір кезде сауда нысанының дәл ортасында тұрған қара түсті «Ауди 80» маркалы жеңіл автокөлігі отқа оранады. Тілсіз жауды бірінші болып байқаған учаскелік полиция пунктіндегі қызмет орнында отырған Тараз қаласы полиция бөлімі 2-ПБ жедел уәкілі, полиция капитаны Ғалымжан Боранғазиев өрт сөндіргіш құрылғысын ала жүгіріп, жалынды сөндіруге кіріседі. Өзгелерге залалы тимесін деп ойлаған ол автокөліктің есігін ашқаны сол еді, салондағы бірнеше газ баллоны, жанармай құйған ыдыс, өзге де қауіпті заттар бірінен кейін бірі жарыла бастайды. Ғ.Боранғазиев еш саспастан жанкештілікке барып, өртті уақытында сөндіреді. Қуанышқа орай, базардағы және жақын маңдағы аумақтан 4 000 кәсіпкер мен 1 500 тұтынушы қауіпсіз жерге көшіріледі. Кейіннен анықталғандай, әлдебір белгісіз топтар «Ауыл-Береке» базарының астан-кестенін шығарып, шаһарда дүрбелең тудыруды көздеген екен. Бірақ полицейге тән қызметтік міндетін адал атқарып, заңдылық пен құқық тәртібін қамтамасыз ету барысында танытқан батылдығының арқасында қылмыскерлердің арам ойы жүзеге аспай қалды. Ғалымжан Боранғазиевке де ҚР Президентінің Жарлығымен «Ерлігі үшін» медалі табысталды. Қазіргі таңда Ғалымжан Серкебайұлы облыстық полиция департаменті Тараз қаласы полиция бөлімі І ПБ криминалдық полиция бөлімшесі тобының жедел уәкілі болып қызмет атқаруда.

Тағы бір кейіпкерміз қалалық ішкі істер басқармасы жол-патрульдік полиция батальонының полицейі, полиция сержанты Бекжан Тіленшиев 2016 жылдың 19 маусымында сағат 16:30-да өзіне тиесілі аумақты патрульдеп жүргенде атыс дауысын естиді. Ол «Талас» ықшамауданындағы №18 үйдің 1 подъезіне кіріп кеткен қылмыскердің соңына түседі. Ал көрші үйге басқа жағдай бойынша шақырту арқылы келген учаскелік полиция инспекторы, полиция аға лейтенанты Данияр Зәуірбек қылмыскердің соңына түскен Тіленшиевті байқап, ол да ізінше №18 үйдің подъезіне беттейді. Сол сәтте Данияр Зәуірбек баспалдақта белгісіз тұлғаның әріптесін бірнеше жерден атып, жарақаттағанын көреді. Ол есік артын қалқан етіп, қылмыскерді екі рет атып, залалсыздандырады. Артынша жедел жәрдем шақырып, «102»-ге хабарлайды. Екеуінің жедел әрекет етуінің нәтижесінде қылмыскер құрықталады. Қос полицей де «Ерлігі үшін» медалін иеленеді. Бірақ ең өкініштісі, сол күні алған жарақатының кесірінен төсекке таңылған Бекжан Тіленшиев небәрі 32 жасында дүние салды.

Ал тараздық полиция қызметкері Қайрат Тұрлыбаевтың ерлігі туралы әріптестері үш айдан кейін ғана білген. Оқиға 2022 жылдың желтоқсан айында болған. Полиция лейтенанты, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі учаскелік инспектор Қайрат Тұрлыбаев Саңырақ батыр көшесі бойындағы су арнасы бойымен жұмысқа бара жатып, канал жақтан көмек сұраған балалардың айқайын естіген. Ол көлігінен түсіп, ойланбастан каналға қарай жүгірген. Мұзды суға белшесінен батқан 9-10 жастағы екі бала көмек сұрап айқайлап тұрған. Олар каналдың мұз қатқан бетімен жүреміз деп ойлаған. Алайда мұз жарылып кетіпті. Өйткені қаладағы өзендер әдетте қыста қата қоймайды. Полиция қызметкері суға секіріп, балаларды бір-бірден шығарып, ата-аналарына апарып табыстаған. Құқық қорғау қызметкерінің жедел әрекеті болмағанда мұзды суда ұзақ тұрған балалар өліп кетуі де мүмкін еді. 

Үсті-басы әбден су болған полиция қызметкері Қайрат Тұрлыбаев киімін ауыстырып, болған жағдайды ешкімге айтпастан қызметін жалғастыра берген. Осы оқиғадан кейін әлеуметтік желілерде ерлік істері үшін марапатталған полиция қызметкерлері туралы ақпаратты көрген балалардың ата-аналары аталған полиция қызметкеріне де ел алдында алғыс бiлдiрiп, марапатқа ұсынылғаны жөн деп санаған. Осы мақсатта Қайрат қызмет ететін полиция бөліміне қоңырау шалып, орын алған тосын жай туралы баяндап берген. Олар Қайрат Тұрлыбаевты екі баланың өмірін құтқарғаны және қызметіне деген адалдығы үшін марапаттау қажет екендігін жеткізді.

Биыл Таразда Айша бибі көшесінің бойында мектеп жанындағы ағып жатқан каналға 2 жасар бала құлап кеткен еді. «Боран-3» автоэкипажы рация бойынша кезекшіден шұғыл шақырту түскен кезде өзіне бекітілген аумақты патрульдеп жүрген. Полиция бірнеше минутта шақырту орнына келіп, ес-түссіз күйде жатқан бүлдіршінді судан шығарып алған. Жедел медициналық көмек бригадасы келгенше Тараз патрульдік полиция батальонының инспекторы Дәурен Қолқаев 10 минут жүрек-өкпе реанимациясын жүргізді. Нәтижесінде бала тыныс ала бастаған.– Бала тыныс алмаса да соңына дейін күресіп, бізге үйретілген барлық дағдыларды қолдана отырып, жүрекке массаж жасадым. Көрер жарығы бар екен, өкпеден су шығып, бүлдіршін дем ала бастады, – дейді Дәурен Қолқаев.

Бұлар ерен ерлігімен көзге түскен полиция қызметкерлерінің бір парасы ғана. Өкінішке қарай, олардың бұл мінсіз қызметі кейде орны толмас өкінішке де ұласып жатады. Қалай десек те қырағылықты қалқан, сергектікті серік еткен құқық қорғаушылардың қатарының сиремеуі – басты олжа. Бейбіт күннің батырларының жанкешті оқиғалары – өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге. Ал олардың осы ерліктерін құрметтеп, жастарға насихаттау – ортақ міндетіміз.

Ақтоты Жаңабай

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар