Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Бесаспап Беспай

Бесаспап Беспай
Ашық дереккөз
«Кәсіп болмай, нәсіп болмас» демекші, кез келген кәсіпті жүргізу үшін алдымен сенім керек. Сонымен қатар еңбекқорлық, таза ниет пен тәуекелге бел буу қажет. Қазіргі таңда елімізде кәсіп ашып, ісін бастаймын деушілерге қолдау көп. Тек істің көзін тауып, кәсібіңді өрге дөңгелете алуың керек. Ол үшін де «еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген қағиданы ұстана білген де жөн.

Осындай азаматтың бірі – Диқан ауылының тұрғыны Беспай Артаев. Ол шілде айынан бастап өз үйінен термопанель дайындап шығаруда. Бұл кәсіпті Беспай ағамыз отбасымен атқарады.

Термопанель дегеніміз не? Осыған тоқталып өтсек. Бұл құрылыс материалы үйдің сыртын қаптағанға арналған. Қазіргі таңда термопанельге деген сұраныс өте жоғары. Өйткені қолданатын тұрғындар саны көбейген. Термопанель арқылы сіз үйіңіздің сыртын сылап, әртүрлі түске бояп жүрмейсіз, яғни осы құрылыс материалы арқылы көп затты үнемдейсіз.

– Өткен жылы евроқоршау дайындап шығаратын шағын кәсіп ашқан болатынмын. Қазір евроқоршауды тапсырыс берген уақытта ғана дайындап отырамын. Ал биыл термопанель дайындайтын кішігірім кәсіп аштым. Бұл кәсіп түрін негізінде екінші балам Рауанның ұсынысымен аштық. Ол Тараз қаласында осындай термопанель шағаратын жерде жұмыс істеген болатын. Үйге келгенде ұлым: «Әке, осылай термопанель шығарсақ қалай қарайсыз?» – деп ақыл сұрады. Қандай жұмыс бастамас бұрын адамда бір қорқыныш болады ғой. Солай менде де қобалжу сезімі болды. Өйткені бұл істі бастауын бастап алып, ертең шығарған тауарымыз өтпей, жарамай жатса не болады деп ойландым. Бірақ тәуекелге бел буып, осы кәсіп түрін бастап кеттім. Қажетті материалдарды Шымкент қаласынан алдырамын.

Біз термопанельдің үш түрін шығарамыз. Негізінде мұның түрі өте көп. Қазіргі таңда бұл жұмыстың басында үш ұлым және ауылдың бір-екі баласы жүр.Термопанельге керек заттар – құм мен цемент. Екеуін араластырып, қалыпқа құямыз. Қалыпта бір күн тұрады. Астыңғы бөлігіне пенопласты Тараз қаласынан сатып аламын. Оны құйылған қалыпқа сай қиып отырамыз. Құйылған қалыптың барлығы стандарт болып келеді. Құйылған кезде салмағы 3,5 килограмм болса, кепкеннен кейін 3,2 килограмм болады. Біз құйылған қалыптың барлығын таразыға салып, өлшеп отырамыз. Өйткені біреуі ауыр, біреу жеңіл болып кетпеуі керек,– дейді Беспай Әлімжанұлы.

Беспай Артаев – көпбалалы әке. Жары Нұржамал Төрегелдиева екеуі бес баланы өмірге әкеліп, оларға көшбасшы болып, бағыт-бағдар беріп отыр. Қазіргі таңда ұлдарының екеуі Тараз қаласында оқыса, қалғандары мектеп оқушылары. Біз әңгіме барысында Беспай ағаның үлкен ұлы Мағжанды да әңгімеге тартқан болатынбыз.

– Жаз бойы жұмыс істеп, әкеме көмектесеміз. Бұл – отбасылық кәсіп. Барлығымыз таңғы 6-дан жұмысқа кірісеміз. Неғұрлым ерте бастасақ, соғұрлым ерте аяқтаймыз. Басында термопанель шығарған қиын сияқты болып көрінді. Бірақ күнделікті жасап отырғаннан болар, уақыт өте қолымыз да үйреніп кетті. Бір күнде 45 шаршы метр термопанель құямыз.

Жұмысымызға қажетті материал қалай бітеді, солай тапсырыс беріп отырамыз. Екі-үш күнде бір тапсырыстан түсіп отырады. Алғашында тек қана ауылымыздың тұрғындары тапсырыс беретін. Қазіргі таңда ауданға қарасты басқа ауылдардан, тіпті көршілес Түлкібас ауданынан да тапсырыс түседі. Берген тапсырысты біз уақытылы және сапалы дайындап беруге тырысамыз. Өйткені әр тапсырушының жұмысын сапалы істеу – біздің міндетіміз, – дейді Мағжан Беспайұлы

Термопанель шығару негізінен маусымдық жұмысқа жатады. Өйткені ерте көктемнен басталған жұмыс қазан айына дейін жалғасады. Тапсырыс берушілер болмағандықтан қыста тоқтайды.

Беспай аға ұлдары оқуға кеткенде жұмысшы жігіттер жалдаймын деп отыр. Біздің кейіпкеріміз термопанель шығарудан бөлек, дәнекерлеуші болып та жұмыс істейді. Ол ауыл тұрғындарынан тапсырыс қабылдайды. Айтпақшы, термопанельді шығаратын жердегі станокты, столдарын кейіпкеріміздің өзі дайындаған.

Баян ТҰРСЫНҚҰЛҚЫЗЫ,
журналист,
Жуалы ауданы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар